Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары Ирантану қауымдастығының төрағасымен кездесті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А.Ж. Боранбаева мен Ғ.Ә. Қамбарбекова Иран еліне іссапар барысында 2024 жыл 19 наурыз күні Тегеран университетінің профессоры, Иранның көне тілдері мен мәдениеті мамандығы бойынша доктор М.Жафари Деһақи мырзамен кездесті. Доктор Жафари Деһақи мырза сондай-ақ Ирантану қауымдастығының басқарма төрағасы. Бұл қауымдастықтың ғылыми журналы мен ресми сайты бар. Бұл қауымдастық Иранның ішінде және сыртында жұмыс істейтін барлық ирантанушы мамандармен байланыс орнатқан белсенді қауымдастық.

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің оқытушылары доктор Жафари Деһахи мырза басқарып отырған Ирантану қауымдастығымен болашақтағы әріптестіктері мен ортақ ғылыми жобалар жөнінде пікір алмасты. Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің оқытушылары жуырда жарық көрген Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікті доктор Жафари Деһақи мырзаға тарту етті. Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің жарыққа шыққанын жоғары бағалаған доктор Жафари Деһақи мырза осы жылы мамыр айында өтетін тұңғыш ұлттық ирантанушылар конгресі аясында аталмыш сөздіктің тұсаукесерін ұйымдастыратынын айтты. Сонымен қатар бұндай сөздіктер тіл арқылы тұрмысқа, санаға және дүниетанымға әсер ететін көптеген факторларды анықтауға көмегі мол екендігін атап өтті. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің оқытушылары мен Ирантану қауымдастығының арасындағы әріптестік нығая түседі және бірлескен ғылыми жобалар жасалады деп күтіледі.

 

Басылым күні :  24.03.2024