«Ғылыми мақала жазудың талаптары» атты ғылыми семинар ұйымдастырылды

«Тұрақты даму мақсаттары» (ЦУР) жобасының тұрақты даму үшін серіктестік тармағы аясында 2024 жылдың 22-ақпаны күні Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценты, ф.ғ.к. А.К. Ахметбекова «Ғылыми мақала жазудың талаптары» атты ғылыми семинар өткізді. Семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті арасындағы студенттердің іс-тәжірибелерін өткізу туралы екіжақты келісім-шарт аясында ұйымдастырылды.

Академиялық жазудың басты мақсатының бірі – білім алушыны ғылыми мақала жазуға баулу болып табылады. Ғылыми мақала жазу – тілден тыс жатқан логикалық құбылыстармен байланысты күрделі үдеріс екені белгілі. Ғылыми мақала жазуды санада белгілі бір тақырып жайында ойды қорытуға қабілеті бар жеке тұлға ғана іске асыра алады. Студенттің болашақ маман екендігін ескерсек, ғылыми мақала жазуға университет қабырғасында жүріп бейімделу немесе бейімдету үшін қадам жасау білім алушының болашақ саласы үшін пайдасы зор екені сөзсіз.

Семинар барысында ғылыми мақалалардың түрлері, құрылымы, зерттеу процесінің кезеңдері, ғылыми сараптама әдістерінің негізгі басымдықтарына ерекше назар аударылу қажеттігі баса айтылды. Кіріспе, зерттеу әдістемесінің сипаттамасы және оны таңдаудың негіздемесі, зерттеу барысында алынған нәтижелер, алынған нәтижелерді талдау және түсініктеме беру керектігі, ғылыми мақаланың құрылымы мен стилі әр журналда түрлі болуы мүмкін екендігі, сондықтан әрқашан жазылған мақаланы журнал ұсынған арнайы авторлық нұсқауларын тексеріп, осы нұсқаулардағы мақала мазмұнына арналған қосымша талаптарды ескеру қажеттілігі практикант-студенттерге жан-жақты баяндалды.

Ғылыми семинар тақырыбы өзекті әрі маңызды болғандықтан, студенттер белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауап алып отырды.

 

 

Жумадилова А.Е.

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

 

Басылым күні :  01.03.2024