Ташкентте өткен халықаралық конференцияда Б.Батырхан баяндама жасады

2022 жылдың 12-13 желтоқсанында Ташкентте Орталық Азия халықаралық институтының ұйымдастыруымен «XIX ғасырдағы өзбек және қазақ ойшылдарының дүниетанымындағы ортақ тарихи-мәдени мұраны нығайту және дамыту» атты халықаралық конференция өтті.

Конференцияның мақсаты – ХIХ ғасырдағы көрнекті өзбек және қазақ ойшылдарының еңбектеріндегі ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуге арналған мәселелерді талқылау.

Аталмыш халықаралық конференцияға Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Б. Батырхан қатысып, «Навои и Абай шығармашылығындағы рухани үндестік» тақырыбында баяндама жасады.

Б. Батырхан өз баяндамасында Науаи мен Абай бүкіл адамзаттың игілігі және мәңгіліктің, даналықтың, махаббат пен шығармашылыққа адалдықтың поэзиясы екеніне тоқтала келе, Науаи мен Абай – екі бауырлас халықтың ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырудың үлгісі болған ұлы мұра екенін атап өтті. Әр ғасырда өмір сүрген Науаи мен Абай шығармашылығы жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтастығын, гуманизмді, поэзияның реформаторлық рухын біріктіретіні баса айтылды. Олардың терең философиялық трактаттары мен поэтикалық шығармалары біздің ғасырда екі бауырлас халықтың ұлы мұрасы болып қала отырып, Шығыс өркениетінің тарихында орасан зор рөл атқарды. Конференция барысында өзбек және қазақ ойшылдарының әдеби мұралары, екі ел ойшылдарының мәдениет саласында өзара әрекетінің қырлары мен түркі және әлемдік өркениетке қосқан үлесі жөнінде талқылаулар болды.

Бұл халықаралық конференция екі елдің ғылыми қоғамдастық өкілдері мен сарапшылары арасында ашық және сындарлы пікір алмасу алаңын қалыптастырып, оны тұрақты өткізу мүмкіндігін көрсетті.

 

 

Басылым күні :  09.01.2023