Шаб-и Ялда мерекесі

2016-жылдың 21-желтоқсан күні сағат 15.00 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Шығыстану факультетінде ирандық көне мерекелердің бірі Шаб-и Ялда мерекесі өтеді.

         Шаб-и Ялда - Иранның көне мерекелерінің бірі болып табылады және түп тамырын зороастиризімдік Ираннан алады. Бұл күн зороастризм діні бойынша Күн Құдайы Митраның туған күні яғни жылдың ең ұзақ түнінде желтоқсанның 21-нен 22-не қараған түні тойланады. Иран күнтізбесі бойынша ол күздің соңғы күні Азар айының 30, қыс айының алғашқы күні Дейдің 1-не қараған түніне тура келеді. Сол себепті де Иранда Шаб-и Ялда қыстың басталғанын білдіреді.

         «Шаб-и Ялда» - «күннің туылуын» білдіреді. Ежелгі ирандықтар сол кездің өзінде-ақ жылдың ең ұзақ түнінен кейін, күннің ұзаратынын жақсы білген. Қалыптасқан түсінік бойынша күн мен күндізгі уақыт жақсылық күшінің  нышаны, ал түннен күннің ұзаруы жақсылықтың жамандықты жеңгенін білдіреді. Мерекенің мифтік тұстарынан басқа, оның атап өтілуіне тұрмыстық тәжірибенің де мәні зор. Мереке күні егін жинау мезгілінің соңына тұспа-тұс келеді. Нәтижесінде егінін жинап алған отырықшы халық мерекелеп, көңіл-күйлерін көтеретін болған. «Шаб-и Ялда» мерекесінде дастарханға қойылатын дәстүрлі тағамдардың қатарына жаңа піскен жемістер, кептірілген жемістер, аджил: қуырылған тұзды пісте, орман жаңғағы, грек жаңғағы, бадам, асқабақ дәндері, қауын және асбұршақ кіреді. Бұл щаруалардың алдағы қыс мезгіліне арнап жинаған астық қорын ерекше бағалап, құрметпен қарайтындықтарының дәлелі. Мерекелік дастарханға міндетті түрде анар, қарбыз, қауын қойылады, себебі бұл жемістер денсаулық пен молшылықтың кепілі деп есептелінеді.

 

Ұйымдастырушы: «Гүлістан» үйірмесі  Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы, Шығыстану факультеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Адрес: Қарасай батыр көшесі 95, 4-қабат, 422 ауд

 

Басылым күні :  12.12.2016