АҚЫН БАУЫРЖАН ЖАҚЫППЕН КЕЗДЕСУ

Механика-математика факультетінде «Құрмет» орденінің иегері, республикалық «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының «Хазар жыр ақшамдары» фестивалінің лауреаты,  жыр мүшайраларының бірнеше мәрте жүлдегері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақыптың  «...Даланың даусы болып жеткен ақын» атты шығармашылық кеші өтті.

Танымал ақынның университетіміздің оқытушы-профессорлары құрамымымен, оқушы жастар мен жыр құмар қызметкерлерімен кездесуін әл-Фараби кітапханасымен бірігіп ұйымдастырған Ақпараттық жүйелер кафедрасы және факультет жанында жүйелі жұмыс жасап келе жатқан Қ.Аманжолов отындағы шығармашылық бірлестік.

Жыр кешіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ж.Әшімжан, ҚХР және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы С.Сейтхамзаұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Ш.Әбілтай, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, ақындар Р.Ниязбеков пен Ә.Қайран, ақын Б.Әшірбаев, белгілі әнші-композитор Ә.Жанияз қатысып, жылы лебіздерін білдірді, жас ақындар М.Әлсейітов пен М.Шаймаран арнау өлеңдерін оқыды.

Студент жастар Кәмила Сағат пен Перизат Кәкім автордың өлеңдерін жатқа оқып, әнші студенттер Ибадулла Құрбан мен Баукен Пайызхан, Нұрғисаның «Аққу» күйін нақышына келтіріп орындаған Ж.Жолекен ақынның алғысына ие болды.

Кеш теледидарға түсіріліп, соңында Бауыржан Жақып әл-Фараби кітапханасына өзінің жаңадан басылып шыққан жыр жинақтарын сыйға тартты. Кездесуден зор ляззат алған студенттер ақынның қолтаңбасын алып, тарасты.

 

Болат ӘБЕНОВ,

Қ.Аманжолов отындағы шығармашылық бірлестіктің жетекшісі

Басылым күні :  13.11.2017