Кафедраның тарихы

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы 2011 жылы маусым айында қазақ әдебиеті кафедрасы мен әдебиет теориясы және фольклористикасы кафедралары негізінде құрылды.

Кафедра оқу және тәлімдік үдеріс, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен құрылып, «5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «5В020500 – Филология», «6М020500 – Филология», «6М021400 – Әдебиеттану», «6D020500 – Филология», «6D021400 – Әдебиеттану» мамандықтарын «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет теориясы», «Фольклористика» деңгейінде қамтыды. Оның құрылуы негізінде қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы мен фольклордың ортақ методологиялық негіздері көркем әдебиет пен халық ауыз әдебиеті және ғылыми пәндердің дамуы жүйелі-кешенді оқытудың типологиялық, құрылымдық принциптері қарастырылады.

Кафедраның құрылуы 1940 жылдан бастау алады. Кафедраның дамуы әлем әдебиетінің классигі, ҚазССР ҒА академигі, Халықаралық Ленин сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезов есімімен тығыз байланысты. Ұстаздық қызметінде ұлы жазушы өз білімділігі, абзалдығы арқасында әріптестерімен, аспиранттармен, студенттермен тығыз қарым-қатынас орната білді. М.О.Әуезов лекцияларын өзге мамандықтың профессорлары, әдебиетке қызығатын азаматтар ерекше ықыласпен зейін қойып тыңдайтын. Ол әрбір оқушының өзіндік жеке ойлау қабілетін жоғары бағалап, студенттер алдына күрделі мәселелерді қоятын.

1974-1975 жылдары аралығында қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі әйгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Бейсембай Кенжебаев болды. Оның шәкірттері – Мырзатай Жолдасбеков, «Орхон-Енисей жазбалары» кітабының авторы; Мұхтар Мағауин, «XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар мұрасы» атты тақырыпта зерттеу жұмысын жазған ғалым, көрнекті жазушы; профессор Алма Қыраубаева, орта ғасырлар мұрасын зерттеген ғалым.

Кафедраның құрылуына Қазақстанның әдебиеттану және фольклор ғылымына елеулі еңбек еткен ғылым мен мәдениет қайраткерлерінен академик А.Х.Марғұлан, академик З.А.Ахметов, академик М.Ғабдуллин, профессор Е.С.Ысмайыловты атауға болады.

1957-1977 жылдары кафедрада белгілі ғалым, педагог Т.Нұртазин қызмет атқарған.

Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысының дамуына академик Р.Нұрғали үлкен үлес қосты.

1975-2000 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі болып Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Зейнолла Қабдолов қызмет атқарған.

З. Қабдолов қаламынан көркем әдеби, ғылыми, публицистикалық шығармалар туындады. Солардың бірі болып баспадан 4 рет қайта басылған «Сөз өнері» оқулығы, «Жанр табиғаты» (1964) кітабы, «Семсер» (1971), «Русло» (1988), «Әуезовтің эстетикалық әлемі» (1977), «Менің Әуезовім» (1997), «Көзқарас» (1999) сынды студенттер мен магистранттардың ерекше қызығушылық танытып оқитын кітаптарын атауға болады. «Қазіргі қазақ әдебиеті» атты жоғары сынып оқушыларына арналған оқулық авторларының бірі. 2002 жылы академик З.Қ.Қабдолов «Парасат» орденімен марапатталды.

Кафедра құрылған кезден бастап, әр жылдары кафедраны әдебиет теориясы туралы оқулықтар мен монографиялардың авторлары, Жазушылар Одағының мүшелері, жоғары мектептің белді өкілдері басқарып келді: доцент М.Г.Сармурзина, профессор Б.Шалабаев, профессор Т.Кәкішұлы, профессор Ж.Д.Дәдебаев, профессор З.Қ.Бисенғали, профессор Б.Қ.Майтанов, профессор Ө.Әбдиманұлы.

Кафедра тарихы белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Жоғары Мектеп Ғылым Академиясының құрметті академигі (Қазақстан бөлімі), Ш.Айтматов атындағы Халықаралық Қоғамдық Академияның академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, «Парасат» орденінің иегері Тұрсынбек Кәкішұлы есімімен тығыз байланысты. Белгілі ғалым, әдебиеттанушы-сыншы, жазушы қаламынан 32 монография мен көптеген кітаптар жарық көрген: «Октябрь жемістері» (1962), «С.Сейфуллин», «Уақыт және әдебиет» (1967), «Қызыл сұңқар» тарихи-әдеби очерк (1968), әдеби жанрдың зерттелуі туралы «Сын жолы» (1971), «С.Сейфуллин» (1972) әдеби биографиясы «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрді, «Партия және әдебиет» (1975) брошюрасы, «С.Сейфуллин» бірінші кітабы (1976), «От истоков – к вершине» (1978) очерктері, «Қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі» (М.Дүйсеновпен бірге, 1981) қазақ сынының қалыптасуы туралы «Жанр мәселесі» (1982), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Дәуір дидары» (1985) деген атпен әдебиет туралы сыни мақалалар жинағы, «Садақ» эссесі (1986), «Поступь» (1987) жинағы, «Санадағы жаралар» (1992) публицистикалық жинағы жарық көрді. 1994 жылы «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Ескірмейді естелік», «Сәкен соты», «Сәкен және Гүлбаһрам» кітаптары, 1997 жылы «Сәкен Сейфуллин» әдеби биографиясы, «Сәкен сүйген сұлулар» және «Тар жол тайғақ кешудің тағдыры»» (К.Ахметовамен бірге), «Мағжан–Сәкен» (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), екі томдық «Мерей» (2000), «Толғам» және «Сәбит Мұқанов»(2005, Ахмет К. бірге) атты тарихи-публицистикалық эсселері жарық көрді.

Тұрсынбек Кәкішұлы – 700 астам газет-журнал жарияланымдарының авторы және радио-телеарна хабарларының қатысушысы. 1990 жылы қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасының құрылды, 1990-2000жж. Т. Кәкішұлы кафедра меңгерушісі болды.

Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасында филология ғылымдарының докторы, профессор, этнограф, әйгілі С.Аронұлының шөбересі Сұлтанғали Садырбаев қызмет атқарған. Ол – Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы сыйлығының, ҚР Мәдениет министрлігінің бірінші дәрежелі сыйлығының, Қазақстан Журналистер Одағының, «Егемен Қазақстан» газетінің сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Алматы облысы, Жамбыл ауданының, Форт-Шевченко қаласының «Құрметті азаматы».

Филология ғылымдарының докторы С.Садырбаевтың еңбектері эстетика, қазақ фольклорының этнографиясы, қазақ қырғыз эпостарының тарихы сынды мәселелер төңірегінде жазылды. Мысалы, «Фольклор және эстетика»(1976), «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1977), «Қазақ халық әдебиеті» (1990), «Халық әдебиетінің тарихи негізі» (1992), «Фольклор және Жамбыл» (1996), «Фольклор және публицистика» (2002) сынды еңбектері қазақ фольклористикасының дамуына көп септігін тигізді.

Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының дамуына филология ғылымдарының докторы, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық Қоғамдық Академияның академигі Бахытжан Қауасханұлы Майтанов елеулі үлес қосты.

Б.Қ.Майтанов – ҚР Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (2004), «ҚР ЖОО үздік оқытушысы – 2005» (2006), ғалымдарға арналған мемлекет стипендиясының иегері (2008-2010 жылдары), Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі. 2008 жылы «ҚР ғылымының дамуы үшін еңбек сіңіргені үшін» атты төсбелгісімен марапатталды.

Б.Қ.Майтановтың монографиялары: «Қазіргі қазақ прозасындағы замандас бейнесі » (1982), «Шеберліктің критериилері» (1983), «Қаһарманның рухани әлемі» (1987), «Сыни сөз (ХХ ғасыр әдебиетінен үзінді)» (1991), «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), «Мұхтар Әуезов – суреткер»(1996), «Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы» (2001), «Көркем әдебиеттегі психологизм» (2004), «Монолог құрылымы» (2006), «Портрет поэтикасы» (2006), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдебиеттің ағымы» (2009), «Пейзаждың көркем семантикасы» (2010).

Бірнеше жылдар бойы кафедраны филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық Қоғамдық Академияның академигі, «ҚР ЖОО үздік оқытушысы – 2006» (2007) Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали басқарды. Ол – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының роман жанрына қатысты көптеген ғылыми жұмыстардың авторы. Оның «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы» (1989), «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» (2003), «Қазақ филологиясы: егіз негіз» (2010) еңбектері бар.

Қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет теориясы кафедрасының дамуына филология ғылымдарының докторы, Қазақстан жоғары мектебі ҒА академигі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық Қоғамдық Академияның академигі, ҚР Білім және Ғылым министрлігі «ҚР ЖОО үздік оқытушысы – 2011» (2012) грант иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, бірнеше халықаралық сыйлықтардың лауреаты Қансейіт Әбдезұлы елеулі үлес қосып келеді. Оның «Әдебиет және өнер» (2002), «Жазушы және замана шындығы» (2003), «Қазақ прозасы және ұлттық идея» (2006), «Т.Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы» (2001), «Семсер» (2012) және т.б. кітаптары жарық көрген. «ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы», «Аманат» (Қазақстан) журналдарының, Чеслав Милош атындағы Славистика Орталығы (Каунас қ., Литва) мен Тюмен Мемлекеттік мұнай-газ университетінің (Россия) бірлескен «Қазіргі гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері» ғылыми жинағының редакциялық алқа мүшесі. Қазіргі әдебиеттану бойынша ғылыми жобаларға жетекшілік етеді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Айтматов атындағы халықаралық қоғамдық академияның академигі Өмірхан Әбдиманұлы көп жылдар бойы біздің кафедрада еңбек етуде. Ол – ғылыми және публицистикалық еңбектердің, жоғарғы және орта білім беретін мекемелерге арналған оқулықтар мен оқу әдістемелік басылымдардың авторы. Оның «Қазақ» газеті» (1993), «Ахмет Байтұрсынұлы» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық-тәуелсіздік идеясы» (2010) монографиялары, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (2002), «Қазақ әдебиеті» (2007), «ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі (1900-1940)» (2010) және т.б. оқулықтары бар. Ол қазіргі әдебиеттану мен журналистикаға қатысты көптеген бастапқы және қолданбалы ғылыми жобаларға басшылық етеді. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы» журналының редакциялық алқа мүшесі.

2012 жылдың қыркүйек айынан бастап қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасын филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуропа жаратылыстану академиясы мен Украинаның Әдебиет және өнер халықаралық академиясының академигі Алуа Берікбайқызы Темірболат басқарады. Ол – Қазақстан Республикасы президенті стипендиясының лауреаты (1998), ҚР Білім және Ғылым министрлігінің дарынды жас ғалымдарға тағайындаған мемлекеттік стипендиясының иегері (2006-2008). 1999 жылы ҚР-ның білім және денсаулық сақтау және мәдениет министрлігінің мақтау қағазымен марапатталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы (2008-2009 оқу жылы), «ҚР ЖОО үздік оқытушысы - 2008» (2009), ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жүлдесінің иегері (2010). 2013 жылы «Еуропалық сапа» атты Еуропалық ғылым мен тың ой консорциумының алтын медалімен марапатталды. Ғылым мен техника саласына зор үлес қосқан ғалымдарға арналған ҚР БҒМ-нің мемлекеттік стипендиясының иегері (2015-2016).  150 астам ғылыми жұмыс, соның ішінде студенттерге арналған 6 оқу құралы, 6 монографиясы бар. Санкт-Петербург Мемлекеттік университетіндегі халықаралық батысеуропа мәдениетін зертттеу ассоциациясының мүшесі, «Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы», «Аманат» (Қазақстан), «Классикалық филология» (Россия), «Испандық русистканың ғылыми хаттары» (Испания), Чеслава Милош атындағы Славистика Орталығы (Каунас қ., Литва) мен Түмен мемлекеттік мұнай-газ универсиеті (Ресей) «Қазіргі гуманитарлық ғылымның маңызды мәселелері» атты университетаралық ғылыми жинағының редакциялық алқа мүшесі. Әдебиеттану, философия, психология, эстетика, мәдениеттану, синергетика, герменевтика, семиотика, физика ғылымдарын сабақтастыра пәнаралық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта кафедрада 6 ғылым докторы, профессор: Ө.Әбдіманұлы, А.Б.Темірболат, З.Н.Сейітжанов, З-Ғ.Қ.Бисенғали, Ж.Ж.Тілепов,, А.Б.Абдулина, 2 ғылым докторы: К.С.Ахмет, Г.Ж.Болатова, 4 ғылым кандидаты, доцент: М.Үмбетаев, А.С.Бұлдыбай, А.С.Қалқабаева, Р.М.Әбдіқұлова, 5 ғылым кандидаты: Н.Б.Сағындықов, С.Дәрібаев, А.Ш.Асқарова, Л.А.Мекебаева, Е.М. Солтанаева, 3 аға оқытушы: П.Бисенбаев, Ш.А.Шортанбаев, Г.Т. Оспанова, 1 PhD А.А. Оспанова, 1 оқытушы Б.Б. Баязитов, 1 ассистент Н. Досанова, 2 маман А.К.Саргелтаева, Ж.Смайылова жұмыс істейді.

Профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар мен магистранттар кафедрада жемісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда.

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы республикамыздың ЖОО арасында алғашқы болып «Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Әдебиет теориясы», «Риторика» сияқты бағдарламаларды іске асырды. Осы курстардың оқу жоспары мен оқулықтары кафедра ұжымымен дайындалды.

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы «ХII-ХVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы», «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Әдебиеттануға кіріспе», «Халық ауыз әдебиеті», «Шешендік өнер», «Әдебиттанудағы өзекті мәселелер», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Әдебиет және фольклор» сияқты курстардың қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосты.

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының негізгі бағыты қазақ әдебиеті мен фольклордың теориясы мен әдістемесі мәселелерін реттеумен айналысу. Үздік мамандар мен кафедра ғалымдары әдебиеттің сан қырлы салалары бойынша жұмыс жасайды. Бүгінде кафедра қызметкерлері көркем әдеби әдістеме төңірегінде еңбек етуде. Олардың зерттеу объектісі ретінде – жанр типологиясы, көркем әдіс және стиль, кешенді, тарихи-функционалды, салыстырмалы сараптама қарастырылады.

Соңғы жылдары қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедра ғалымдары «Көркем әдебиет пен фолклордағы жанр типологиясы», «Әдебиет пен фольклордағы поэтика», «ХХ ғасыр романдарындағы тәуелсіздік идеясы», «Абайтану мен Шәкәрімтанудағы негізі ғылыми бағыттар», «Қазақстанның казіргі әдеби үдерісі» атты тақырыптарда зерттеулер жасады. Олар «Әдеби мұра» мемлекеттік бағдарламасына қатысты іс-шараларға белсене араласады. Оқытушылар студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына ерекше мән береді. Жас буынды қазіргі әдебиеттің өзекті мәселелеріне назар аударту үшін жыл сайын ғылыми конференциялар, сайыстар, мастер-класстар өткізіледі. Алдыңғы қатарлы кафедра мамандары дипломдық жұмыстар, магистранттық және PhD докторлық дистертацияларына жетекші болады.

Жыл сайын кафедра ұжымы «Қазіргі әдебиеттану және фольклордың теориялық және әдістемелік мәселелері», «Қабдолов оқулары», «М.О. Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырып, ондағы материалдарды арнайы 25 жинақ етіп жариялады. Конференция жұмыстарына алдыңғы қатарлы ғалымдар мен Қазақстаннның жас ғалымдары, ТМД және өзге шет елдерден қатысады.

2004-2006 жылдары «Қазіргі әдебиеттану мен фольклордың өзекті мәселелері» атты ЖОО арасындағы 3 ғылыми жинақ кафедра жетекшілігімен жарық көрді. 2011 жылдан бастап Түмен Мемлекеттік мұнай-газ унверситеті (Ресей), Чеслав Милош атындағы Славистика Орталығымен (Каунас қ., Литва) бірлесіп «Қазіргі гуманитарлық ғылымның маңызды мәселелері» атты университетаралық ғылыми жинақ шығарды.

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында әдебиет теориясы – 10.01.08; фольклор және текстология – 10.01.09; қазақ әдебиеті – 10.01.02 тұрғысынан диссертациялар талқыланды. Ғылыми жұмыстарға алдыңғы қатарлы ғалымдар жетекшілік етіп кандиданттық және докторлық қорғалды.  Кафедрада магистратура мен PhD докторантура бойынша «Әдебиеттану», «Филология» мамандары дайындалады.

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ғылыми байланыстары өте кең ауқымды. Жыл сайын оқытушылар мен докторанттар, магистранттар әлемдік үздік университеттерден, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардан ғылыми тәжірибеден өтіп келеді. Халықаралық ғылыми конференцияларға да қатысады, халықаралық зерттеу институттары мен орталықтарының шараларына белсене араласды, ЖОО арасындағы жинақтарының редакциялық алқа мүшелері. Кафедра профессорлары шетелдерде қорғалатын докторлық диссертациялардың жетекшісі мен рецензенттері болды. Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасы бүгінде: жақын елдерден: Санкт-Петербург Мемлекеттік университетімен, Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетімен, Орыс әдебиеті институтымен РАН, Тюмен Мемлекеттік университетімен, СО РАН филология институтымен, Самарқанттағы шет тілдер мемлекеттік институтымен, Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтымен НАН ҚР (Қырғызстан), МГПУ-дың Самара филиалымен, Пятигорск Мемлекеттік лингвистикалық университетімен, Солтүстік-Кавказдың салыстырмалы әдебиеттану орталығымен, Т. Шевченко атындағы әдебиет институтымен; алыс шет елдерден; Чеслав Милош атындағы славистика орталығы (Литва), Ұлы Витаутас университеті (Литва), Гранада университеті (Испания), Грамбург университеті (Германия), Варшава университеті (Польша), Адам Мицкевич атындағы Познан университеті (Польша), Вискон университеті (АҚШ), Стамбұл университеті (Түркия), Ардахан университеті (Түркия), Эгей университеті (Түркия), Вильнус университеті (Литва), Донгук университетімен (Оңтүстік Корея) байланыс орнатқан.

Алыс жақын шет елдермен байланысты нығайту үшін, тәжірибе алмасу мақсатында үздік әлемдік университеттер мен ғылыми зерттеу институттарының ғалымдарын шақырып отырады.

Кафедра мынадай шетелдік әдебиеттанушы ғалымдармен байланыста: А.А.Актамалиев (Қырғызстан), С.А.Кибальник, И.В.Силантьев (Ресей), А.И.Ковтун (Литва), Н.А.Голиков (Ресей), А.М.Казиева (Ресей), В.Шмид (Германия), Р.Абазов, Л.Федорова, Д.Дерин (АҚШ), Н.Йылдыз (Түркия) т.б.

Бүгінгі күнде қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы кафедраларның бірі. ҚазҰУ ғылыми зерттеу университеті болғандықтан кафедраның атқарған қызметтері ескеріле отырып кафедра мерейі арта береді.