Авакова Раушангүл Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми конференция

26.04.2023

Көрулер: 684

Күллі түркі жұртына қашанда құшағы айқара ашық көне Ыстамбұл бұл күндері бауырлас қазақтың тағы бір дара қызын ыстық ықыласпен қабылдап, түркі әлеміне жасаған еңбегі үшін ерекше ілтипат көрсетіп жатыр. Қазақстандық көрнекті ғалым, лингвистиканың барлық саласындағы салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулердің жетекші маманы, кәсіби түркітанушыларды даярлау ісін жолға қойып келе жатқан маман - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми конференция Стамбул университетінде 24 сәуірде салтанатты түрде ашылып, 28 сәуірге дейін өз жұмысын жалғастырмақ.
Стамбул университетіне қарасты Фараби Еуразия ғылыми зерттеулер орталығы мен Әл-Фараби Қазақ Ұлттық университеті бірлестікте өткізіп жатқан іс-шара "ТҮРКІ ФРАЗЕОЛОГИЯСЫ: ЗЕРТТЕЛУІ, ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ МЕТОДОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ" тақырыбының аясындағы түрлі мәселелерді ғылыми аудиторияға ұсынып, осы бағытта өнімді еңбек еткен Раушан Әмірдинқызының жеке көзқарастары мен ой-тұжырымдарын тыңдады.
Салтанатты жиын мыңжылдық тарихы бар қарт университеттің жоғарғы лауазымдарды табыстайтын арнаулы залында ашылып, халықаралық деңгейдегі барлық қабылдау протоколының шарттарына сай өткізілді. Атап айтсақ, ғалымның мерейтойын құттықтау нотасын тапсыру үшін Стамбул университетінің ректоры Махмут Ак мырза алғашқы болып сөз бастап, Түркия мәдениет департаментінің басшысы, Фараби ҒЗО жетекшісі, Стамбул университеті Филология факультетінің деканы ғалымның түркі дүниесіне қосқан үлесі туралы ыстық лебіздерін білдіріп, мерейтойға сый-сияпат жасады. Әл-Фараби ҚазҰУ ректорының марапат хатын Филология факультеті деканы Жолдасбекова Баян Өмірбековна табыстап, отандық бірқатар түркітанушы мамандар мен ғалымның шәкірттері құттықтау сөз арнады.
Конференцияның екінші бөлімінде Қазақстандық аймақтық Жоғарғы оқу орындары - Тараз мемлекеттік Ұлттық университеті, Атырау мемлекеттік Ұлттық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университетінен арнайы құттықтау ноталарын алып келген өкілдерге сөз берілді. Осы тұста профессор Раушан Авакова дайындаған шәкірт мамандардың аталған оқу орындарында ұстаздық етіп, ғалым мектебінен алған тәжірибесін республика кқлемінде жалғастырып жатқандығын атап өткен орынды.
Конференцияның үшінші бөлімі жинаққа енетін ғылыми баяндамалармен танысып, жас түркітанушы ғалымдарға профессор тарапынан кәсіби кеңес беріліп, ғылым жолында сәттілік тілеуімен аяқталды.
Осылайша Раушан Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойына арналған іс-шара Османлылар елінде әлі де жалғасын таппақ. Алда Түркия Ғылыми-зерттеу орталығының қазақстандық ғалым әріптесінің шығармашылығына арналған жиыны жоспарланған.
Раушан Амирдинқызын ғылыми орта, зияткер көпшілік негізінен фразеолог, түркітанушы ретінде өте жақсы таниды. Бүгінгі отандық лингвистикалық ортада тіл мәселелерінің әртүрлі тақырыптарымен кешенді түрде айналысатын шәкірттерінен тұратын өз мектебі бар, шығармашыл кәсіби мамандардан жасақталған жұмыс тобы бар, ғылыми-зерттеу дәрісханасы бар ғалым.
Раушан Амирдинқызы Аваковаға жоғары кәсіби дайындығын, ғылыми дәрежесін, жұмыстағы жауапкершілігін және басшылық қызметтегі қағидашылдығын, дипломатиялық сауаттылығын ескере отырып, басшылық тарапынан ғалымға әр жылдарда маңызды тапсырмалар ұсынылды. Ғалым 2005-2007 жж. Халықаралық жоғарғы оқу орындарының келісімі бойынша Мәскеу лингвистикалық университетінде «Қазақ тілі орталығына» жетекшілік етіп, университет профессоры ретінде Мәскеу студенттеріне қазақ тілінен сабақ берді. Мәскеулік орыс ұлтынан тұратын студенттерін ұлы Абайдың тілінде сөйлете алды.
Сонымен қатар, профессор Р.А.Авакова Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігімен бірлестікте бірқатар дипломатиялық мәдени-ағартушылық іс-шаралардың көшбасшысы болды. Сол тұстағы еңбектері Ресей, ТМД, Қазақстандық БАҚ

   порталдарындағы көптегент сұхбаттарымен есте қалды. Р.А.Авакова ММЛУ-ға «Сіңірген еңбегі үшін» (2018) деген төсбелгімен марапатталды. 2007 жылы ғалым «ҚР Үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы атанды.
2008-2013 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тұңғыш рет түркітану кафедрасын ашып, үлкен ұжымға жетекшілік етті, кафедра меңгерушісі болды. Түркітану саласындағы алғашқы кәсіби біліктілігі бар мамандарды оқытып шығарды.
Авакова Раушан Амирдинқызы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Халықаралық «Болашак» стипендиясының иегері болу үлесін де бөлісті. 2013-2014 ж.ж. АҚШ-тағы Висконсин-Мадисон университетінде ғылыми тағлымдамадан өтті. Осы тұста ерекше атап өтер мәселе – ғалым өзі тағылымдамадан өте жүріп, теңіздің арғы жағында тұңғыш рет қазақ тіліндегі Халықаралық конференция ұйымдастырып, Америка құрлығындағы ғылыми элитаға қазақ тіліндегі баяндамаларды тыңдатты.
Бүгінгі таңда ғалым «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі ретінде мыңдаған тіл теоретиктері мен түркітанушыларға кәсіби біліктілік беріп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты маман етіп шығару жолында аянбай еңбек етуде. Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, атап көрсетсек: 5 – монография, 4 – оқулық; 7 – оқу құралы , 3 – оқу–әдістемелік нұсқау, 2 – сөздік, 30 – аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары 10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 – PhD докторы дайындалды. Авакова Раушангүл Амирдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобалардың жетекшісі болды.
Жалпы тіл білімі және түркітану мәселелері, лингвистикалық мәдениеттану; этнолингвистика, қазақ және түркі тілдері фразеологиясы, сонымен қатар лексикогорафия теориясы, қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту және т.б. тіл білімінің көкейкесті мәселелерімен айналысуда ғалым қазақстандық ғылыми мектебінің дамуына жағдай жасап келеді.
Тәуелсіздіктің туы желбіреп, азат елдің азаматтары өзінің даңғыл жолымен, өз тарихымен, өзінің ұлттық кодымен жаңа дәуірдің шымылдығын сыпырып, өзгеше салтанатпен болашақты бетке алып дамып келеді. Әзірге отыз жылдық жас толқын тәжірибесі бар еліміздің бағыт-бағдары айқындалып қалды. Осы жолда Авакова Раушангүл Амирдинқызы сынды табиғатынан ғалым бітімді тұлғалар елдің ғылыми потенциалын көтеретін, интеллектуалдық мектебін қалыптастыратын алдыңғы қатар көшбасшылар болмақ.