ҚР Президенті сөз сөйлеуіне пікір

02.12.2022

Көрулер: 531

Президенттік сайлау және кафедра ұжымының қолдауы


Күні кеше еліміз кезекті маңызды саяси оқиға – Казақстан Республикасы Президенттік сайлау науқанын сәтті аяқтап, «Жаңа Қазақстанның» тағы бір жаңа белесіне аяқ басуға шешім қабылдады.

Республика басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза ҚР президенті ретінде ел алдында салтанатты түрде ант беріп, ресми қызметіне кіріскеніне бірер аптаның жүзі болды. Президенттік сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі әдеттегідей Астанадағы Тәуелсіздік сарайында көк туымыз бен президент байрағы, Ата заңымыз сияқты мемлекеттік рәміздердің қатысуымен халықаралық хаттама ережесіне сәйкес барынша бекзаттықпен, салтанатпен атап өтілгеніне қалың бұқара куә болды.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн" деген ел басшысы мемлекеттік қазақ тілінде өз жұртының алдында ант берді. Мемлекеттік әнұранның шырқалуы, сарай алдындағы зеңбіректерден оқ атылуы және т.б. атрибутикалық ережелердің орындалуы - Қазақстан президентінің ресми түрде қызметіне кіріскендігін дәлелдеп жатты.

Жалпы қайсыбір сайлау болмасын, ол елдің болашағын бағамдап айқындауда және оның даму стратегиясында, кемелдену кезеңінде, жетілу жолында маңызды рөл атқарады. Үкімет пен халық арасындағы сындарлы диалог, өзара сенім, елдің рухани-моральдық потенциалы, сауда-экономикалық әл-ауқаты, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіншілігі – барлығы да сайлау кезіндегі әрбір азаматтың таңдау обьектісінің жауапкершілігіне тікелей байланысты болмақ.

Сайлау кезінде жиналған әрбір азаматтың дауысы халқымыздың өмірінде бастан кешкен нәтижелері мен болашаққа деген сенімі үшін берілді деп айтуға болады. Соңғы бірер жылда Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде «Жаңа Қазақстан» атты ұғымның аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда жаңару үрдісі бармаған аймақтар кемде-кем болар. Ел өңірлеріндегі алыс аудандар мен ауылдарды дамытуға, өнеркәсіп пен халыққа қызмет көрсету саласын кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер жасалып, мейлінше еркін дамудың қақпасы айқара ашылды. Тәжірибелік тиімділік, адам капиталын жоғары қою жаңа қазақстандық реформалардың көздеген басты мақсатына айналды. Әртүрлі топтарға арналған әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Әсіресе ғылым мен білім беру ісін ізгілендіруге, дамытуға көп көңіл бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мырза отандық ағартушылық саласы жүйесінің үздік үрдісін сақ­тай отырып, қашанда даму жолын­да болу керектігін айтып жүр. Қазақстанның дамыған ел қатар­ына қосылуының кілті сапалы, қолжетімді және заманауи білімде екенін де жиі тілге тиек етеді. Бұл үшін осы саланың дамуына жаңа, қуатты серпін берудің маңыздылығын да ескертеді. Былтыр шілде айында ЖОО-ларға академиялық еркіндік пен қаржылық дербестік беру туралы көптен күткен заң қа­­был­­данды. Шетелдік студенттер­дің саны 9 мыңға артып, бұл бар­лық ізденушілердің 4 пайызын құрады.

 Қазақ ғылымы мен Жоғарғы мектебінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасы жаңа Қазақстанның жаңа президенті ұстанған бағытты да, саяси көзқарасын да, жалпы ғылым мен білімді жаңа форматқа өткізу кезеңінің енді келгенін баяндап жатқан хабарламаларын да қолдайды. Болашаққа стратегиялық қадам жасауға бағытталған ғылым мен Жоғарғы білім беру саласында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сенген жаңа ұрпақты тәрбиелеу жауапкершілігін толығымен мойнымызға алатынымызды, еліміздің даму жолындағы жаңа көзқарастарды қабылдауға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді.

Түркітану және тіл теориясы

кафедрасының меңгерушісі,

филол.ғ.докторы, профессор

Авакова Раушан Амирдинқызы

Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент міндетін атқарушы

Акимишева Жанар Абдисадыккызы