Археологиялық музей

Биылғы жылы ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен қатар әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультетіндегі «археология және этнология кафедрасына» 40 жыл толып отыр. Кафедра осы қырық жылдық ғылыми, педагогикалық ғұмырында ұшан теңіз еңбектер атқарып, мыңдаған ғылыми мамандарды дайындап шығарды. Кафедра еңбегінің жемісін қазіргі таңда жалпы тарих ғылымы мен археология және этнология салаларында табысты еңбек етуші ғалымдар көшінен байқауға болады.

Бұл жұмыстардың басында кафедраның алғашқы меңгерушілері әрі құрметті ұстаздары Ә.М. Оразбаев, У.Х. Шәлекенов, Ә.Т. Төлеубаев, М. Елеуов, Ж.Қ. Таймағамбетов сынды ғалымдар есімдерімен тығыз байланысты. Осы ширек ғасырға жуық кафедраның ғылыми ағартушылық қызметіндегі сүбелі еңбектердің бір бағыты мұражай арқылы жүзеге асатынын кафедра ұстаздары ерте бастан білді.

Орыстың көрнекті ғалымы А.В. Луначарскийдің «Музей адамзаттың ғажайып естелік кітабы» деген ұлағатты сөзін ұран етіп оқу ісінде, тәжірбиелік жұмыстарда және қайта қалпына келтіру шараларына қажет деп санап 80 жылдардың басында «көне дәуір және ортағасыр», кезеңіне қатысты археология мұражайын ашу қолға алынды.

Университет ұжымынан мұражай ашуға арнайы орын мен сөрелердің құрастыру жұмыстарына және көркемдік жағынан қолдау тапқан кафедра ұжымы, музей экспонаттарын да табысты жинастырды.

Тас дәуіріне қатысты еңбек құралдар мен диарамалардың жинақталуына сол кезде кафедрада ұстаздық еткен белгілі ғалым, тас дәуірінің маманы Х.А. Алпысбаев үлкен еңбек сіңірді. Тас еңбек құралдары мен әр түрлі полеонтологиялық сүйектер ғалымның Оңтүстік Қазақстан өңірінде жүргізілген зерттеулері негізінде жасалды.

Ал қола және ерте темір дәуіріне қатысты қару жарақтар, әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар, әртүрлі фото суреттер, түсіндірме сөздер мен қола дәуірі қоныстары жаңғыртпасының диарамасына қазақтың тұңғыш маман археологы, белгілі ғалым, қола дәуірінің тамаша зерттеушісі Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев өзінің ұшан теңіз еңбегін сіңірді. Ғалымның мұражайға өткізген қола және ерте темір дәуіріне қатысты экспонаттары өзі қазба жұмыстарын жүргізген Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі ескерткіштерінің деректерімен толықты.

Ортағасырларға қатысты музей экспонаттары негізінен Университеттің археологиялық базасы «Ақтөбе» ортағасырлық қаласында жүргізілетіндіктен барлығы соның қазбаларымен толықты.

Оның музейлік деректерін У.Х. Шәлекенов, Ә.М. Оразбаев және Н.О. Алдабергеновтар жинақтап енгізді. Мұражайдың арнайы Ақтөбе ортағасырлық қаласының суландыру жүйесіне қатысты арналған бұрышы белгілі этнограф ғалым У.Х. Шәлекенов пен Ә.М. Оразбаевтың ғылыми зерттеулері негізінде жасалды. Ортағасырлық қаладан табылған сан түрлі құнды бұйымдар, атап айтқанда: қыштан, шыныдан, қоладан, темірден, сүйектен жасалған экспонаттар саны 100 ден астам дананы құрайды. Сонымен бірге осы ортағасырлық қаладан табылған моншаның қайта қалпына келтірілген шағын макеті қойылған. Мұражай жәдігерлерінің ішінде ерекше мәнге ие осы ортағасырлық қаладан табылған үлкен хумдарды және каляндарды айтуға болады. Мұражайдың арнайы бір бұрышы «Ақтөбе» ортағасырлық қаласының қазба жұмыстарының жүргізіліп жатқан көріністері өте көркем әрі түсінікті бейнеленген.

1983 жылы 15 қыркүйекте мұражайдың салтанатты ашылуы болып, оған Университет көлеміндегі үлкен шара ретінде қонаққа Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтің өзі келген. Бүгінгі күні отыз жылға жуық оқ-ағарту және тәжірбие ісінде көмекші қызмет атқарған мұражай, сан мыңдаған Университет түлектері, студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының көрер көзайымы болды десек артық айтпаймыз.

Осы мұражайдан бүгінгі күні бөлініп жеке отау тіккен «полеолит» мұражайы заман талабына сай жасақталған. Алдағы уақытта «көне дәуір және ортағасыр» кезеңіне қатысты мұражайды да заман талабына сай жарақтандыру шаралары қолға алынуда. Кафедрада арнайы музей мамандығы даярланатындықтан бұл мұражайдың қайта заман талабына сай жасақталу мен бірге ірі мұражайлардың санатынан көрсету қажеттілігі артуда.