Аннотация (үлгі)

 Абдимомынов Нуртас Талгатжанович

Алтын Орданың сыртқы саясатының негізгі бағыттары

(ХІІІ-ХІV ғғ.)

6D020300 – Тарих мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D.) ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясына

АННОТАЦИЯ

 

Диссертациялық жұмыс ХІІІ-ХІV ғғ. әлемдік саяси үдерістер контекстінде Алтын Орда әскери-саяси державасының сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен халықаралық байланыстарын кешенді түрде қарастыруға арналған зерттеу еңбегі болып табылады. 

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еуразия континентінде екі ғасырға жуық уақыт бойына державалық мемлекет ретінде өмір сүрген және ортағасырлық кезеңдегі әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі болған Алтын Орданың сыртқы саясаты мен халықаралық қарым-қатынастарын зерттеу бүгінгі күні отандық медиевистикада аса өзектілігімен ерекшеленеді. Өйткені, ХІІІ-ХІV ғғ. қазіргі Қазақстан территориясы географиялық орналасуы жағынан аса маңызды тарихи оқиғалар орын алған Еуразия континентінің жер кіндігінде орналасуымен қатар, осы аймақты мекендеген және қазақ халқының қалыптасуында елеулі рөл атқарған қыпшақ атанған түрік тайпаларының негізінде Алтын Орда державасының басты саяси-әлеуметтік тірегі мен стратегиялық маңызды аймағы болған еді.

ХІІІ-ХІV ғғ. Алтын Орданың жүргізген сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен халықаралық қарым-қатынастары диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны болып табылады.

ХІІІ-ХІV ғғ. Еуразия кеңістігінде болған саяси оқиғалар, моңғолдардың жаулаушылық жорықтары, Алтын Орданың құрылуы мен оның сыртқы саясатының эволюциясы және державаның әлемдік саясатқа ықпалы мен сол кезеңдегі ірі мемлекеттермен қарым-қатынастары зерттеу пәні болып табылады.  

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысында Алтын Орданың сыртқы саясатының қалыптасу кезеңі Шыңғыс-хан заманынан бастау алса, мемлекеттің әлемдік саясаттағы ықпалынан айырылуы, мемлекеттің құлауына алғышарттар жасаған ортазиялық билеуші Темірдің билігі кезеңіне дейін жалғасын тапты. Осыған байланысты Шыңғыс-ханнан Темірге дейінгі тарихи кезең (ХІІІ-ХІV ғғ.) зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері болып табылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты. Зерттеу жұмысында Алтын Орданың сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен басымдылықтарын анықтай отырып, оның эволюциясын обективтілік, тарихи сабақтастық тұрғысында кешенді түрде қарастыруды мақсат еттік. Сонымен қатар, қуатты Еуразиялық державаның тарихи кезеңдегі сыртқы саясатының жалпы үрдісін отандық және шетелдік тұжырымдамалық ой-пікірлер арқылы жаңаша көзқарастар мен тарихи деректер сабақтастығында қарастыру көзделді. Қойылған мақсатқа жетуге төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

– Алтын Орданың сыртқы саясаты мәселелеріне қатысты отандық және шетелдік зерттеушілердің тұжырымдамалық ой-пікірлерін жүйелеу;

– Батыс жорығы қарсаңындағы Жошы ұлысының құрылуының тарихи алғышарттары мен оның әскери-саяси стратегиялық маңызын айқындау;

– Батыс жорығы кезіндегі Жошы ұрпақтарының мемлекеттік мүддесін анықтау және жорықтың жалпы қорытындысын талдау;

– ХІІІ-ХІV ғғ. әлемдік саясат контекстінде Алтын Орданың сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша «әлемдік ірі империялармен» қарым-қатынастарының ерекшеліктерін айқындау;

– Батыс жорығынан кейінгі Алтын Орданың Еуропа, Таяу және Орта Шығыс мемлекеттерімен қарым-қатынастарын қарастыру және талдау;

– Алтын Орданың Оңтүстік Кавказ аймағындағы жүргізген саясаты мен Хулагулық Иранға қарсы соғыстарын талдау және әр тараптың саяси-әскери әрекеттеріне баға беру;

– ХІV ғ. 80-90 жылдарындағы Алтын Орданың Темір агрессиясына қарсы күресі мен шайқастардың салдарын бүгінгі күн тұрғысында қарастыру және талдау;

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Қазіргі кезеңдегі тарих ғылымындағы зерттеу методологиясындағы позитивтік дамуының көрінісі, оның қатып қалған теория мен методологияға ғана сүйенуден азат етілуінде еді. Көптеген зерттеушілердің методологиялық арсеналына отандық және шетелдік тарихи мектептердің ой-пікірлерін сыни талдау, салыстыру арқылы ғылыми нәтижелерге жетіп отыр. Осыған байланысты, қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мынадай методологиялық әдістерге сүйендік, анализ, синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау, хронологиялық-проблемалық әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.Алтын Орда тарихына қатысты көптеген еңбектер жазылса да, отандық тарихнамада оның сыртқы саясаты бойынша кешенді түрде арнайы қарастырылмаған немесе зерттеушілердің көпшілігі жекелеген мәселелер бойынша қысқаша шолумен ғана шектелген. Зерттеу жұмысының жаңалығы да тақырыпты кешенді әрі жүйелі түрде терең зерттей отырып, отандық медиевистикада тақырыпқа қатысты арнайы қарастырылмаған аспектілерін зерделеу және ғылыми айналымға енгізу болып табылады. Зерттеу жұмысында нақты түрде төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткіздік:

– Зерттеу жұмысында қолданылған қол жетерлік барлық тілдегі жазба деректер талданып, Алтын Орданың сыртқы саясатының мазмұны мен сол кезеңдегі өмір сүрген ірі мемлекеттермен қарым-қатынастары жөніндегі шетелдік және отандық зерттеушілердің тұжырымдамалық ой-пікірлері сарапталып, жаңа жүйеге түсірілді;

– Алтын Орданың Батыс пен Шығыстағы ірі мемлекеттермен қарым-қатынастары жеке-жеке проблемалық тұрғыда қарастырылып, сыртқы саясаттың жалпы эволюциясы сипатталды. Сондай-ақ, Жошы ұрпақтарының ұстанған саясатына ықпал еткен факторлар мен сыртқы саясаттың негізгі бағыттары (векторлары) бойынша басымдылықтары айқындалды;

– Батудың Еуропаға жасаған жорықтары бойынша әлемдік медиевистикада туындаған дисскуссиялық мәселелері тәуелсіз ой-пікірлер тұрғысында қарастырылып, обективті пікір қалыптастыруға әрекет жасау мақсатында оның нәтижелері сарапталды;

– Алтын Орданың сыртқы саясатына қатысты осы кезеңге дейін әлсіз зерттелген тұстары Батыс жорығынан кейінгі Еуропа мемлекеттерімен, Византия империясымен қарым-қатынастары отандық тарихнамада алғаш рет кешенді түрде қарастыруға талпыныс жасалды;

– Алтын Орда мен Темір державасы арасындағы қарым-қатынастар жөніндегі проблемалық мәселелер жаңаша көзқарастар тұрғысынан пайымдалып, Темір және Тоқтамыстың ұстанған саясаттарын объективті түрде бағалау мақсатында тарихи оқиғалар ғылыми тұрғыдан сарапталды;

Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысында жасалған негізгі тұжырымдар мен қорытындыларын жоғары оқу орындарында халықаралық қатынастар, тарих, шығыстану, саясаттану пәндері және арнайы курстар бойынша пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен қорытындылары отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда 16 мақала түрінде жарық көрді. Оның ішінде, 4 мақала шетелдік журналдарда, 5 мақала халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинақтарында жарық көрді, оның екеуі шетелдік ғылыми конференция материалдарында жарық көрді. Сонымен қатар, 7 мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау комитеті бекіткен тізімге енген журналдарда жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімінен тұрады.