Соңғы қоңырау кеші өтті

01.06.2023

Көрулер: 618

   Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ұйымдастыруымен «Сәт сапар, саған, Жас түлек!» атты соңғы қоңырау салтанатты шарасы ерекше сән-салтанатпен Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті. Университет тарихында алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылған «Соңғы қоңырау» салтанатына 70 мектеп бітіруші, 56 колледж бітірушілер және шетелдік және қандас тыңдаушылар қатысты. Кең сарайда өткен салтанатты шараға түлектердің ата-аналары да арнайы шақырылды. 

  Бітіруші түлектер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де ерекше кеште әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құттықтау сөз сөйледі.  Жансейіт Қансейітұлы құттықтау сөзінен соң сахна төрінде үздік түлектерді салтанатты түрде Алғыс хатпен марапаттады. Бейіндік мектептегі оқушыларға дәріс берген үздік ұстаздар: Сәуле Тұрсынбаева, Бахтияр Ысқақов, Шынтай Мадиярова ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» алтын медалін кеуделеріне тақса, Бейіндік мектептегі ата-аналар комитетінің төрайымы Айгүл Қадырбергенқызы Ректордың Алғыс хатымен марапатталды.  Моңғолиядан келген қандасымыз, биші қыз Ақгүл Хайрол, 7 айда қазақ тілін жетік меңгеріп, тик-токта бір күнде 3,5 млн қаралым жинап қазақ тілінде сөйлеп жүрген жапон қызы Эбина Мисаки, «Алтын белгі» иегері Нұрдәулет Тоқабай және колледж студенті Жасұлан Жарқынбек өздерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.  Мектеп түлектерінің қуанышын бөлісуге арнайы келген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал эстрада әншісі Мақпал Жүнісова әннен шашу шашты. Бітіруші түлектердің соңғы қоңырау кеші  Бейіндік мектептің оқушылары дайындаған концерттік бағдарлармамен жалғасын тапты.