Жаһандану жолындағы маңызды қадам

31.01.2024

Көрулер: 212

Академиялық ұтқырлық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жыл сайын студенттерді Жапония және Корея елдерінің әртүрлі университеттеріне жібереді. 2023 жылдың желтоқсан айында корейтану кафедрасының 3 курс студенттері Корея Республикасының  университеттерінен  өз білімдерін шыңдап, оралды. Бағдарлама аясында студенттер Пусан шетел тілдері университеті, Сукмён университеті, Донггук университеті, Кукмин университеті және Каннын Вонджу  ұлттық университеті сияқты Кореяның беделді университеттерінде білім алды. Бағдарлама аясында  студенттер  білім беру саласынан халықаралық тәжірбие жинап қана қоймай, корей мәдениетімен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды. Студенттер корей университеттері жетекші профессорларының дәрістерін тыңдап, семинарларына қатысып,  білім беру үдерісіндегі ауқымды  іс-шараларға, атап айтқанда  жергілікті экожүйе мен мәдениетке қатысты далалық зерттеулер мен жобаларға қатысуға мүмкіндік алды.

Корея университеттерінің қабырғасында жүріп,  студенттер тілдер мен мәдениеттер тоғысқан  әлеммен танысады. Корей тілі бойынша білімін шыңдауға арналған  сабақтарға қатысып,  кәсіби білім мен іс-тәжірбилік білімдерін кеңейтіп, сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, студенттеріміздің  шетелдік студенттермен тәжірибе алмасуы  жаһандық көкжиектерінің кеңеюіне ықпал еткені сөзсіз.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге өз саласы бойынша білімдерін тереңдетіп қана қоймай, дүниетанымын кеңейтуге, әртүрлі мәдени ортаны сезінуге және жаңа достар табуға мүмкіндік берді. Кореямен және оның білім беру жүйесімен танысу студенттер үшін ұзақ жылдар бойы есте қалатын ұмытылмас естелік  болды.

Студенттер осындай  мүмкіндік берген университетімізге  және оқу кезінде қолдау көрсеткен барлық ұстаздарға шексіз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ олар бағдарлама барысында өзін дербес сезініп, өз қабілеттеріне сенімді болып, кез келген қиындықты жеңуге дайын болғанын да  мойындады.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы  факульетіміздің әрбір студенті үшін ұмытылмас тәжірибе болатынына, олардың өмірінде терең із қалдыратынына және олардың кәсіби және жеке тұлға ретінде өсуіне және дамуына көмектесетініне сенімдіміз. Кореяда академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқу білім беруді жаһандануға , толерантты және ашық халықаралық қауымдастықтарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Кореядан оралған барлық студенттерімізді академиялық ұтқырлық  бағдарламасын сәтті аяқтауларымен құттықтап,  оқуларында және болашақ кәсіби мансабында табыс тілейміз.

Сермухаметова Б.Б.
Абаған А.Б.