Оқыту мен тәрбиелеу – өзара тығыз байланысты іс!

10.04.2018

Көрулер: 3670

Оқу үдерісінің сапасын арттыру және студент жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасында тренингті демалыс залы құрылды.

Зал екі бағытқа бөлінген. Бірінші бағыты білім беру қызметіне арналса, екінші бағыты мәдени демалыс пен ақпараттық бағыт болып табылады. Залдың бір бөлігінде шығыстың ойшыл ғалымы, гуманист, еліміздің жетекші оқу орнына есімі берілген әл-Фараби бабамыздың, генералдар Алтынбаев М.Қ., Ертаев Б.Е. және майор Жұмаділов А.Т. сынды Халық-Қаһармандарының суреті ілінген тақталар орын алған, ал екінші бөлігінде «Бүгінгі Қазақстан» атты ақпараттық галереясы бейнеленген.

Залда әртүрлі телевизиялық бағдарламаларды тамашалауға жағдай жасайтын ойлайн режиміндегі телевизиялық аппаратура орналастырылған. Міне, екі айдың көлемінде күні бойы әскери кафедраның студенттері мен қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жаңалықтар легін осы телевизиялық құрал арқылы тамашалауда.

Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде аталмыш залда студенттерге арналған тәрбие жұмыстары мен өзін-өзі дайындық сабағында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник С.Ә. Жасұзақовтың парламент сағатында сөйлеген сөзі көрсетілді.

Бұдан бөлек, бұл залда Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасына сәйкес болашақ әскери психолог студенттермен практикалық сабақтар мен тренингтер өткізіліп тұрады.