Әл-фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасына Ресей Федерациясының жоғары шендегі әскери делегациясы келді

09.04.2018

Көрулер: 6264

2018 жылғы 6 сәуірде халықаралық әскери ынтымақтастық шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасына Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің жоғары шендегі әскери делегациясы келді.

Делегация құрамында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Кадрлар бас басқармасының бастығы генерал-полковник В.П. Горемыкин, Ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімшарт ұйымы Біріккен штабының бастығы генерал-полковник А.А. Сидоров және Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әртүрлі қызметтегі офицерлері болды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің атынан ресейлік делегаттарды Кадрлар және әскери білім департаментінің бастығы полковник К.Р. Көпбаев, Десантты-штурмалық әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор А.Д. Джумакеев, Құрлық әскерлері ӘШҚҚ қолбасшысы генерал-майор С.Б. Исмаилов алып жүрді.

Әскери кафедра бастығы полковник О.В. Ажимов Қазақстанның ең жоғарғы санаттағы білім беру орны, әлем бойынша ең үздік 250 университеттің қатарына кіретін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы айтты.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын арттырған әскери кафедраның 80-жылдық тарихы, ондағы бітірушілердің жеткен жетістіктері мен запастағы офицерлерді дайындау жөніндегі оқу үдерісін ұйымдастыру болды.

Қонақтарға әскери кафедраның Құрлық әскерлері және мотоатқыштар әскерлері ӘШҚҚ оқу-жаттығу полигоны, интерактивті лазерлік тирі, ЖӘЖМ механик-жүргізушісінің және зенит атқыштарының тренажерлары бар оқу-материалдық базасы және барлық оқытылатын пәндер бойынша мамандандырылған аудиториялары көрсетілді.

Сондай-ақ делегация мүшелері әскери-патриоттық жұмыстар орталығында және орталық қамтитын С.Нұрмағамбетов атындағы және
Б. Момышұлы атындағы аудиторияларда болып, әскери кафедраның Алматы қаласының студент және оқушы жастарын әскери-патриоттыққа тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарымен және жетістіктерімен танысты.      

Іссапар соңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының бастығы полковник О.В. Ажимов университет басшылығы атынан Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің өкілдеріне естелік сыйлықтарын табыстады.