«Арнайы әскер»

13.11.2017

Көрулер: 3608

Патриотизм – кез келген мемлекеттің алтын діңгегі. Бүгінгі күні өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді. 

Бауыржан Момышұлының «Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті!» деген қанатты сөзін ескерген әскери кафедрамыз студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп, адал еңбек пен отансүйгіштікке баулуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда да түрлі ауқымды танымдық шаралар да ұйымдастырылып келеді.

Ағымдағы жылдың 8 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының «Арнайы әскер» циклінің ұйымдастыруымен география және табиғатты пайдалану факультетінің метеорология мамандығының 1-курс студенттеріне танымдық кездесу өткізілді.

Кафедраның акт залында өткен кездесу барысында арнайы әскер циклінің басшысы, запастағы полковник Қайрат Мұратбекұлы Жармуханбетов сөз алып, студенттерге әскери кафедра тарихы мен өмірі жайлы мағлұмат берді. Кафедраның жеткен жетістіктері мен болашақтағы жоспары жайлы сөз қозғалды. Келесі кезекте кафедраның ішкі өмірімен таныстыру үшін ортаға шыққан «СВ 71-121»  взводының студенттері кездесуге келген студенттерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында студенттер Кеңес Одағының Батыры Б. Момышұлы мен ҚР Қорғаныс министрлігінің алғашқы министрі С. Нұрмағамбетов атындағы арнайы дәрісханалармен, ТИР, мұражаймен танысты. Арнайы қондырғылармен жабдықталған метеорология сыныбын аралап, құрал-жабдықтарды өз қолдарымен ұстап, тың әсерде қалды.

Әскери кафедраның бір күндік өмірімен танысқан студенттер болашақта өздері де әскери білімді толыққанды алып шығып, елімізге аянбай қызмет ететін азамат болады деген сенімдеміз.