Аңыз адамдар арамызда

21.11.2017

Көрулер: 3902

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасында «Әскери журналистика» және «Тәрбие және идеологиялық жұмыстар» әскери-есептік мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттермен «Аңыз адамдар арамызда» атты ерлік сабағы өткізілді. 

Ерлік сабағына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, отставкадағы полковник Казбек Мамсуров пен жауынгер интернационалист, «Қызыл жұлдыз» орденінің кавалері запастағы полковник Асқар Қоңыров қатысты.

Іс-шара барысында полковник К.В. Мамсуров Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуы мен Қарулы Күштерінің құрылуы ісінде Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі, мемлекетіміздің ұлттық бірлігін нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы студенттерге кеңінен баяндап берді. Еңбегі сіңген ардагер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы тарихынан жарқын мысалдар келтіріп, тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және оларды өткізу әдістемесіндегі теңдесіз тәжірибесімен бөлісті. Казбек Владимировичтің отбасы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып ерлігімен әйгіленген, үш генералды тәрбиелеп өсірген нағыз әскерилердің әулеті екендігін атап өткеніміз жөн. 

Полковник А.Ж. Қоңыров қазіргі заманғы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу ісінде ауғандық жауынгерлердің рөлі, тәуелсіз отанымызды қорғаудағы жауынгерлік парыздың маңыздылығы туралы айтты. Іс-шара соңында ҚР Қарулы Күштеріне еңбегі сіңген ардагерлер студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді.