Тіл тағдыры – ел тағдыры

05.10.2022

Просмотров: 914

Қыркүйектің  28-і күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде 1 курс студенттерінің қатысуымен тілдер күні мерекесіне орай «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты тағылымды кеш болып өтті.
    
     Осы кештің арнайы қонағы болған белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, журналистика факультетінің аға оқытушысы Бекжан Әшірбаев пен танымал ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының оқытушысы Әлібек Шегебай тіл тақырыбы төңірегіндегі өз ойларын ортаға сала отырып, жастармен жарасымды сыр-сұқбат жасады.    
     Дүниенің бәйгесінен қалмау үшін, біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі тілімізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін қастерлеуде, ұлттық тілін ұлықтауда, Қазақстанды бір ғана Отаным деп білетін олар ұлы халықтың ұлы құндылықтарын өз ұрпақтарының бойына сіңіріп өсіруі тиіс. Қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатын кезеңін реформалар негізінде жақындатуымыз керек.Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды.
     Кеш барысында қазақтың қасиетті домбырасымен өз өнерлерін ортаға слған Экономика мамандығының бірінші курс студенттері – Абрасилова Гүлім мен Нағашыбай Ақылбай жиылған көпшілікке ән мен күйден шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында қорытында сөз алған Экономика және бизнес жоғары мектебінің аға кураторы Құлиев Ілияс Оңғарұлы келген қонақтар мен студент жастарға алғысын білдіре келе, осындай таным мен тағылымға мол кештердің алдағы уақыттарда да жалғасын табатынына сенім білдірді.