В гармонии с требованиями времени

Уақыт талабымен үндескен

Назгүл Шыңғысова,
филология ғылымының докторы, ЮНЕСКО, халықаралық журна­лис­тика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі

Елбасы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің болашақ даму ­жоспарын қолмен қойғандай етіп анықтап, айқындап берген бағдарламалық құжат болып табылады. Президент жаңғырудың саяси және экономикалық екі үдерісіне байланысты нақты мақсат-міндеттер мен басымдықтарды талдап, жүзеге асыру жолдарын баяндады. Тәуелсіздік кезеңіндегі атқарылған зор істерге баға бере келіп, енді біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басамыз деген сауалды күн тәртібіне қойды. Бұл ретте шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерін көрсетуде экожурна­листиканың алдына қойылған міндет зор. Мәселен, ұлттық байлығымызды үнемді пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу, табиғатты сақтау, жаһан­дық, өңірлік экологиялық мәселелер туралы БАҚ тарапынан толыққанды, сараптамалық ақпараттар берілгені құба-құп. Ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесінің басты екі қыры – ұлттық сана-сезімді дамыту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, сипаттарын өзгерту және өзге маңызды міндеттерге біз өз тарапымыздан үлес қосуға тырысамыз. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасында қолға алынған «Жаһандық әлемдегі журналистиканың социомәдени көптүрлілігі: ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері» жөніндегі іргелі ғылыми зерттеулер Елбасы қойған міндеттермен үндесіп жатқанын айта кету орынды.
Қазіргі таңда телекоммуни­кация­лық, компьютерлік және хабар тарату технологияларының өзара қызметі коммуникациялық ортаны өзгертті. Жаңа медиа-жүйелер пайда болды. Бұл тұрғыда жаңа сапалық деңгейде білім беруді көздейтін қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы дәл уақытында қолға алынған аса пайдалы әрі маңызды идея деп айтар едім.