ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЮНЕСКО КАФЕДРАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

05.10.2022

Просмотров: 728

1991 жылы ЮНЕСКО Бас Конференциясының 26-шы сессиясында университетаралық ынтымақтастықты ынталандырудың тиісті тетіктері арқылы жоғары білімді нығайтуға бағытталған халықаралық іс-қимыл жоспары ретінде UNITWIN Кафедралық бағдарламасы / ЮНЕСКО кафедрасы бағдарламасын іске қосу туралы шешім қабылданды.

1996 жылы ЮНЕСКО мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті арасында ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасын құру туралы келісімге қол қойылды, оның I бабында: «... кафедра  OРБИKOM бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін БАҚ және халықаралық ынтымақтастық саласындағы ЮНЕСКО жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс» делінген.

Қазіргі таңда ЮНЕСКО кафедрасы журналистика және коммуникация саласындағы білімді дамытып, ғылыми зерттеулер әзірлеп, ОРБИКОМ жүйесінде ақпараттық алмасуға ықпал ету арқылы халықаралық ғылыми серіктестікті нығайтып, ҚР ведомстваларының, халықаралық қорлар мен ұйымдардың ғылыми-зерттеу гранттарына қатысып, журналистика саласындағы оқулықтар мен оқу құралдарын шығаруды жүзеге асырып отырған Орта Азиядағы журналистика және коммуникация жөніндегі жалғыз кафедра.

Кафедра жуырда ғана Париждегі штаб-пәтерге соңғы екі жылдағы атқарылған жұмыстар туралы кезекті есеп тапсырды. Жаңа оқу жылының басында ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия өкілдері университетке арнайы келіп, кафедра өкілдерімен кездесті.

Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тұрақты даму бағытындағы, БАҚ саласындағы халықаралық орталықтың бөлігі ретіндегі маңызды қызметін атап өтті.

ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өңірлік маманы Сергей Карпов кафедраның халықаралық жобаларына кеңінен тоқталып, нәтижелі қызметіне баға берді.

Кафедраның алғашқы кафедра меңгерушісі профессор Намазалы Омашев кафедра құрылған кезеңдегі алғашқы қызмет бағыттарын әңгімелесе, кафедраны 2000-шы жылдары басқарған  профессор Ахметова Лайла кафедраның сол кезеңдегі даму стратегиясын сөз етті.

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова кафедраның қазіргі таңдағы қызмет бағыттарына жан-жақты тоқталып, кафедрадағы орындалған ұлттық және халықаралық жобалар, зерттеулер, халықаралық байланыстары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына, инновациялық қызметіне шолу жасады. Кафедраның қазіргі таңда Орта Азия ЖОО-ларының арасында журналистика мен коммуникацияның өзекті мәселелері бойынша үйлестіруші, бағыттаушы рөліне ерекше тоқталды. Осы орайда кафедраның жуырда ғана «Жарық сәулесі» Бастамасының өңірлік бағдарламасы және ҚР Үкіметінің қолдауымен Орталық Азиядағы (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан елдері) мемлекеттік құрылымдар мен атқарушы билік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және бизнес өкілдеріне арналған жобасын сәтті аяқтағаны туралы атап өтті. Қазіргі таңда Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасының қолдауымен Орта Азияның 16 жоғары оқу орнына арналған жобаны жүзеге асыру барысында төрт ашық жаппай онлайн курстарын даярлап жатқандығын тілге тиек етті.

Кафедраның Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырған «Қазақстанда гендерлік журналистика бойынша оқу бағдарламаларын күшейту» атты жобасы нәтижесінде республикалық ЖОО-ларда оқу бағдарламалары енгізілсе, БҰҰ-Әйелдер қолдауымен жүзеге асырған жобасы нәтижесінде өңірлік БАҚ, баспасөз қызметінің өкілдері гендерлік тұрақты даму бағыты бойынша біліктілігін арттырды.

2018 жылы кафедра есебі Париждегі штаб-пәтерде тыңдалып, жоғары бағаланса, СІМ жанындағы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мәжілісінде кафедраның жұмысы жоғары деңгейде аталып өтті: «Ақпарат және коммуникация бағыты бойынша Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасы Кеңесінің мәжілісіне бейіндік министрліктер өкілдерінің қатысуын белсенді ету қажет. Бұл бағытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ЮНЕСКО кафедрасының мазмұнды жұмысын атап өткім келеді» («ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының 2018-2019 жылдардағы қызметі туралы» Күн тәртібінің 1 пункті бойынша баяндама).

         Қазақстан Республикасының рухани мәдени мұрасы жөніндегі Ұлттық Комитет төрағасының орынбасары Рустам Мұзафаров кафедраның көпжылдық қызметінің нәтижесін бағалау барысында бірнеше сауалдар қойды. Кафедраның ғалым-педагогтары – ф.ғ.к. Рожков Александр, ф.ғ.к. Елена Дудинова және ф.ғ.к. Марлан Негізбаева халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауды жетілдіру, жаңа медианы дамыту, журналистер қызметіне гендерлік индикаторларды енгізу, инклюзивтілікті дамыту, қоғамдық БАҚ-ты қолдау бойынша кафедрада атқарылған іс-шараларға жете тоқталып, тәжірибелерімен бөлісті. Кафедра доценті, деканның ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Қарлыға Мысаева БАҚ әлеуетін бағалау бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды.

         ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұра Ұлттық комитетінің Хатшысы Василий Шахгулариді кафедраның жаңа медиамен, блогерлермен байланысы туралы ақпарат қызықтырса, ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұра Ұлттық комитетінің мүшесі Альмира Наурызбаеваны кафедраның қазақ аудиториясына арналған жұмысы қызықтырды. Қазіргі таңдағы белсенді блогер жастардың арасында ой-өрісі, ойлауы ерекше кафедра студенттері де бар. Кафедра БҰҰ, ЮНЕСКО материалдарын қазақ тіліне аударып, жас мамандарға арналған медиамектептер мен біліктілікті арттыру курстарын ана тілінде де жүргізіп келеді.