Салқынбай Анаркүл Бекмырзақызы


Салқынбай Анаркүл Бекмырзақызы,

профессор, филология ғылымдарының докторы

1991 жылы “Қазақ тіліндегі қимыл есімінің семантикасы мен функциясы” тақырыбында профессор М.Томановтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын, 1999 жылы “Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект” деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған. 2002 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары Аттестациялық Комиссиясының шешімімен профессор атағын алды. Ғалымның негізгі зерттеулері қазақ тілінің тарихына, сөзжасам жүйесіне, көне түркі ескерткіштерін ұлттық дүниетаныммен байланыстыра қарастыруға; қазақ мәдениетінің әлем мәдениетіндегі орны мен ерекшелігін, тіл мен мәдениеттің байланысын, тілде сақталған рухани мәдениеттің маңызы мен ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы рөлін анықтауға, қазақ тілінің тарихи дамуы мен онтологиясын зерделеуге; сөз мағынасы мен семантикасын жан-жақты талдауға арналады. Осы бағытта жазылған “Тарихи сөзжасам”, “Әдіскер тағылымы”, “Қазіргі қазақ тілі”, “Тіл әлемі”, “Тіл. Таным. Білім”, “Қазақ сөзі: уәжділігі мен тектілігі”, “Шаһкәрім шыққан шың” зерттеулері мен оқу құралдарының қазақ тіл білімінің ғылыми­-теориялық дамуына қосар үлесі зор.

Ғалым АҚШ‑та, Жапонияда, Қытайда, Польшада, Испанияда, Ресейде, Түркияда, Тәжікстанда, Украинада, Арменияда т.б. елдерде өткен халықаралық ғылыми­ конференцияларға қатысты, баяндамалары ғылыми-теориялық деңгейінің жоғарылығымен, ғылыми жаңалығымен, өзекті тақырыптарға арналғанымен ерекшеленді.

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі грантын иеленген (2000-2002, 2007, 2008-2010 жж.), Жоғары Аттестациялық Комитеттің эксперттік комиссияның мүшесі қызметін атқарған (2002-2004). Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 12 ізденуші мен аспирант кандидаттық диссертация қорғады.

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің 2008-2010, 2010-2012 жылдарға арналған ғылым мен техника дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері болды.

А.Б. Салқынбай 2013-2014 оқу жылында халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ‑та Висконсин‑Мадисон университетінде бір жылдық тағылымдамадан өтті. Ғалым қаламынан 500‑дей ғылыми мақала, 7 монография, бір сөздік және 17 оқулық пен оқу құралы жарық көрген.