«Жас қазақ» Ұлттық апталық

19.08.2011

Просмотров: 2780

4 мыңдай грант иелендік

Мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға түскісі келген талапкерлердің алаңдауы артта қалды. Біреудің бағы жанып, біреудің бабы озған кезеңде өз қалаған оқуына түсе алмаған түлектер үшін алда: қайдан білім алу, төлем ақысына саны мен сапасы да сай келетін білім ордасын таңдау сияқты сын сәті тұр. Студенттік жылдарының құр кетпей, таңдаған оқу ордасынан кәдеге жарар білім алу басты талап. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдаған жастар үшін қандай жағдайлар жасалынған? Бұл жайында жоғары оқу орнының оқу жұмысы жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнәр Балақаевамен әңгімелескен едік.

- Гүлнәр Тұлтайқызы, жасалған мониторинг нәтижесі бойынша ҚазҰУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасында білім гранты бойынша көшбасшылық танытты. Өткен жылмен салыстырғанда қандай өзгерістер бар? Талапкерлерді қандай мамандықтар қызықтырды?

- Университет биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 мың грант иеленді, оның ішінде 2925 грант бакалавр сатысы бойынша мамандарды дайындауға арналса, 933 грант магистратураға, ал 143 PhD докторантураға бөлінді. ҚР Білім және ғылым министрлігі өткен жылмен салыстырғанда биыл магистратура мен PhD докторантураға грант санын екі еседей ұлғайтты. ҚазҰУ-дың қабылдау комиссиясына барлығы 8 мыңнан астам талапкер өтініш білдірді.

Сараптамадан белгілі болғандай, түлектер ғылыми-жаратылыстану бағытындағы мамандықтарға үлкен қызығушылық танытып отыр. Сұранысты ескере отырып, биыл университетте жаңа мамандықтар ашылды. Олар нанотехнология, логистика, ғарыштық техника және технология, дизайн, есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету, геодезия және картография, мұнай химиясы және басқа мамандықтар. Университетте оқыту үрдісі үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Екінші жоғары білім алғысы келгендер (жоғары және орта білім негізінде) бүгінде 68 мамандық арасында күндізгі және сырттай негізде оқу таңдауын жасай алады.

- Университет бүгінде модернизациялық жаңару үрдісі үстіндеСіздіңше, ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қандай қадамдар жасалынып жатыр?

- ҚазҰУ-дың ұлттық зерттеу университетіне айналуы ЖОО-ның барлық саласындағы қызметіне үлкен серпін берді. Жаңашылдық ең алдымен факультеттерден басталды. Бүгінде олар кластерлік негізде дамып, студенттердің қызығушылығына сай ғылым және білім шекарасын кеңейтті. Мысалы, факультеттер атаулары өзгеріп , нәтижесінде химия факультеті қазір «химия және химиялық технология» деп аталса, физика факультеті - «физика-техникалық», биология факультеті - «биология және биотехнология», география факультеті - «география және табиғатты пайдалану», тарих факультеті - «тарих, археология және этнография», филология факультеті - «филология, әдебиеттану және әлем тілдері» деген атауларға ие болды. Сондай-ақ университетте жаңа жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті ашылған.

Жаңашылдықтың басты қадамдарының бірегейі ретінде кафедралардың іріленуін атауға болады. Кафедраның тиімді жұмыс атқаруы жалпы университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бірінші рет біз кафедра меңгерушісі қызметіне ашық түрде байқау жарияладық. Оған тілек білдірген, қойылған талаптарға сай келетін жоғары білікті үміткерлер қатысты. Мұндай жолмен біз бәсекелестікті дамытып, алыс және жақын шет елдегі үздік мамандарды тартамыз.

Біз жетекші әлемдік университеттермен белсенді түрде әріптестікті дамытып келеміз. Олармен екі жақты жобалар жасап, студенттерді алмасып оқытамыз. Біздің университетте мыңнан аса шетелдік студенттер білім алады. Ресейлік әріптестерімізбен бірлесе біз «География және табиғатты пайдалану» факультетінде еліміздегі бірінші халықаралық деңгейдегі эколог-мамандарды даярлайтын «энергияэкология» халықаралық кафедрасын аштық.

ҚазҰУ-да жұмыс берушілердің талабына сай компетенттік негізде оқытудың жаңа модульдік технологиясы белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бірнеше білім бағдарламалары Жұмыс берушілер кеңесі тарапынан өте жоғары бағаланды. Олардың мұндай жаңашылдыққа дұрыс қарап, оң қабылдайтындары қуантады. Біз бұл әріптестікті әлі де дамыта бермекпіз.

- Соңғы кезде жеке меншік жоғары оқу ордаларына қарағанда, мемлекеттік университеттерде оқу төлем ақысы жоғары. ҚазҰУ-да білім алғысы келетін талапкерлердің оқу ақысына қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

- Әрине. Ең алдымен мұндай жеңілдіктер ақылы негізге оқуға тапсырғандарға қарастырылған. Мәселен, үздік оқыған студент негізгі оқу ақысынан - 25 %, ал жақсы оқыса - 15% мөлшерде аз төлейді. Сонымен бірге, жетім студенттерге, мүгедек студенттерге ата-анасының екеуі де мүгедек болып табылатын студенттерге 25% жеңілдік қарастырылған. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, университетке магистратураның ақылы бөліміне тапсырған студенттер оқу ақысын 15% жеңілдікпен, ал егер бір жылға немесе барлық оқу жылына толықтай оқу ақысын бірден төлесе, онда 5-тен 10% пайызға дейін жеңілдіктермен төлейді.

Жаңа оқу жылында университет жанынан жоғары сынып оқушыларына арнайы мектеп-лицей ашылады. Еліміздегі беделді университетте оқып, әлемдік еңбек нарығында жоғары білікті маман болғысы келетіндерге: «мектеп-лицей - колледж - бакалавриат - магистратура - докторантура PhD» сатыларынды білімін жалғастыру мүмкіндігі бар.

- Гүлнәр Тұлтайқызы, ҚазҰУ әлеуетті студенттерге жоғары білім сапасымен қатар тағы қандай қызықты дүниелер ұсынады?

- Студенттік өмірдің қызығы тек оқумен ғана шектелмейді, бұл орайда университет заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта ҚазҰУ мақтанатын жетістіктер көп. Университеттік кампуста заманауи оқу ғимараттары, ғылыми база, кітапхана, интернет-орталық, тамақтандыру комбинаты, спорт кешені, кинотеатр, студенттер сарайы, әскери кафедра бар. Шет қаладан келген студенттер ыңғайлы жатақханамен қамтамасыз етіледі.

Оқу үдерісімен қатар студенттік өмірдегі тұрмыстық сауалдардың ешқайсысы да назардан тыс қалмайды.

Өзінің таңдауын әлі жасамаған талапкерлер, демалыссыз жұмыс атқарып жатқан біздің университеттің қабылдау комиссиясына хабарласуларына болады.

Қосымша ақпаратты университеттің www.kaznu.kz. сайтынан табуға болады.