«Аралдан ұшқан ақсұңқар»

11.05.2023

Просмотров: 598

Баспасөз БАЯНЫ

 

2023 жылы 4 мамыр сағат: 11-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің № 230 Т.Қожакеев атындағы мәжіліс залында Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, сыншы, сатирик, аудармашы – Жарасқан Әбдірашевтің 75 жылдығына арналған «Аралдан ұшқан ақсұңқар» атты еске алу кеші өтеді.

 

Жарасқан Әбдірашевтің мұрасын жастардың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шарада ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндері шырқалады. Өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетіледі.

 

Шараға елге белгілі тұлғалар, ақын-жазушылар, профессорлар мен оқытушылар, студенттер қатысады. Ақынның ұлы, режиссер, сценарист – Рүстем Әбдірашев келіп, әке туралы естелігімен бөліседі.

 

Қосымша ақпарат: Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылында дүниеге келген. 1965–1969 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп, одан кейін осы оқу орнының аспирантурасында сырттай оқыған.

 

40 жылға жуық туған әдебиетке, қазақ халқына талмай еңбек еткен ақынның «Тұңғыш кітап», «Ақ қайран», «Найзағайлы жаз», «Саяхат», «Парасат пен парыз», «Дала, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң туғандар», «Перзент парызы», «Сана соқпағы», «Әзілің жарасса», «Сана соқпағы», «Көңіл көкпары», «Шежірелі шаңырақ», «Құлыптас» атты жыр жинақтары оқырман жүрегінен орын алған. Шығармашылығы сан қырлы ақынның «Жаңа жылға – жаңа жыр», «Отан», «Кірмеші жиі түсіме», «Мәңгі көктем» және т.б. өлеңдеріне әндер жазылды.

 

Көркемдік, тәрбиелік мәні жоғары көптеген өлеңдері «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтарына еніп, хрестоматиялық сипат алған. Жарасқан Әбдірашев А.С.Пушкиннің, А.Блоктың, П.Элюардың, Г.Гейненің, К.Чуковскийдің, Я.Купаланың, Р.Тагордың, М. Бсисудың т.б. таңдамалы өлеңдер жинағы мен шығармаларын кәсіби тұрғыда қазақ тіліне аударған.

 

Жарасқан Әбдірашев – есімі ел есінде мәңгі сақталар тұлға. 2001 жылы Алматы қаласында ақын атына көше берілген болатын. Туған жері Арал қаласында да көшеге, мектепке Жарасқан Әбдірашевтің есімі беріліп, соңғы жылдары тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.

2001 жылы 10 ақпанда өмірден өтті.

 

 

ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д., профессор Г.С.Сұлтанбаева тел.: +77272211492;

Аға оқытушысы Н.Б. Рушанова, моб.: +7702 844 45 85

Кино&Медиа мамандығының 1-курс студенттері