Тәуелсіздік күніне арналған "1 Дубль" атты таныстыру кеші

07.12.2022

Просмотров: 766

1 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасында Кино&Медиа мамандығында 1 курс студенттерінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне арналған "1 Дубль" атты таныстыру кеші өтті.

Шараның мақсаты - бостандыққа, еркіндікке ұмтылған қазақ елі тарихындағы елеулі оқиғаның мән-мағынасын ұғындыру, егемендіктің қасиеті мен қастерін арттыру болды.

Студенттер 1986 жылы Мәскеу шешіміне наразылық білдіріп, желтоқсанның ызғарлы күні алаңға шыққан қазақ жастарын өз көріністерінде ерекше шеберлікпен жеткізе білді.

Шараның шымылдығын Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы ашты. Декан өз сөзінде, Кино&Медиа мамандығын 2 жылдығымен құттықтап, Кино&Медиа мамандығының жаңа логотипінің тұсауын кесті. Сондай-ақ, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева, кафедра оқытушылары және студенттер белсене қатысты.

Шара барысында, Болысбеков Мәдияр  қазақтың қара домбырасымен "Адай" күйін күмбірлете шертті. Елубай Ғайзат, Сейілбек Ханзада, Саябекова Балауса, Болатбеков Бағжан, Исенали Жанна жүрекжарды өлеңдерін оқып тәнті етсе, мың бұралған биші қыздарымыз көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында,  Кино&Медиа мамандығының 2 жылдығына орай тәтті торт кесіліп, кафедра оқытушылары жылы лебіздерін білдірді.



Нұрай БАҚБЕРГЕН

Кино&Медиа мамандығының 1 курс студенті
Жетекшісі: аға оқытушы, куратор Н.Б.Рушанова