Подготовка конкурентоспособного журналиста - дело времени
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы Жолдауларынан бастау алып жатқан жаңашыл жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – «Al-Farabi university – smart city» ғылыми-инновациялық жобасы инновациялық және инфрақұрылымдық базаға негізделген білім берудің қажеттілігін айқындайды. Рухани-адамгершілік және зияткерлік тұрғыдан дамуды көздейтін нормалар мен тәртіптер университеттің миссиясымен біте қайнасып жатыр. Университеттегі қалыптасқан педагогикалық дәстүр сабақтастығы, үздіксіз дамытуға, кафедра мен факультеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған серпінді жобаларды жүзеге асыру идеялары мен жемқорлықтан ада, таза білімге негізделген оқу үдерісіне жаңашыл жоба тың трендтермен енді. Жоба аясында білім беру, ғылыми, тәрбие және қаржы-экономикалық қызметті дамытудың концепциялары жасалды. Әл-Фараби трактаттарынан бастау алып жатқан қайырымды қаланың маңызды белгісі – рухани құндылықтар ҚазҰУ қалашығында «Электронды кампус», бақытты студенттік шақ сыйлайтын қайырымды қалашық үлгісінде көрініс тапты.
Университет саясатынан бастау алып жатқан серпінді шаралар факультеттерде өз жалғасын табуда. Болашақ журналистердің университет қабырғасынан жазуға төселіп, мамандықтың қыр-сырына қанығып, бейімделуі теориялық біліммен қатар, практикалық машықтануды талап етеді. Осы орайда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз шығармашылық байланыс орнату, студенттерді редакциядан тәжірибеден өткізу, оқу жұмыс жоспарларын жасау барысында пікірлерін ескеру аса қажет. Қазіргі таңда кез келген істің нәтижелі болуы мақсат етіледі. Білім беру саласында да жұмыс берушілердің талап-тілегін ескеріп, сапалы, білікті маман даярлап шығару қолға алынған.
Журналистика факультетінде республикалық басылым өкілдерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Соның бірі үстіміздегі жылдың 3-сәуірінде өткізілген факультеттегі «Экономика» газетінің күні. Қарашаңырақта бас қосқан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжалин, басылымның белді қаламгерлері және факультеттің ұстаздары мен студенттер қауымы дөңгелек үстел басында газеттің бағыт-бағдары, журналистика факультеті мен газеттің арасындағы шығармашылық байланыстар туралы өзекті ойларын ортаға салды.
Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен факультеттің арасында жасалған келісімшарттарға сәйкес студенттер редакцияларда оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді. Жазуға бейімі бар студенттер университет қабырғасында жүріп-ақ журналистік қызметке араласа бастайды. «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша білім алатын студенттер мемлекеттік құрылымдардың баспасөз қызметтерінде, коммерциялық мекемелердің PR бөлімдерінде біліктілігін жетілдіреді. Үрімжі қаласындағы Шыңжаң Халық радиосынан бірнеше студент өндірістік тәжірибеден өтті.
Қоғаммен байланыс қызметі миссиясын орындай отырып, қоғамдық мүддені көздеп, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, еліміздің экономикасына үлес қосады. Бұқаралық ақпарат құралдарымен, серіктестермен, мемлекеттік құрылымдармен, инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, тиімді жұмыс істеу үшін болашақ PR маманына терең білім, тәжірибе және біліктілік қажет. Болашақ маман қоғаммен байланыстың негіздерін, концепциясын меңгеруі тиіс. Журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасында «Халықаралық журналистика» және «Қоғаммен байланыс» мамандықтары бойынша білім беру үш тілде жүргізіледі. Ғылыми-инновациялық технологиялардың дамуы, ғылым мен білімді, өндірісті тиімді ұштастырудың қажеттілігі жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісіне жаңа талаптар қойды. Оқытудың дәстүрлі әдістерімен қатар, қазіргі педагогикалық тәжірибеде қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдері, атап айтқанда белсенді оқыту, тұлғалық-бағыттау әдісі, мәселелік оқыту және жобалау, іскер және рөлдік ойындар қолданылады. Олардың мақсаты – студенттің белсенділігін арттыру, жеке ойлауға, шешім қабылдауға машықтандыру, «тұлға» ретінде өзін-өзі жетілдіріп, қабілетін ашуға, оқытушымен өзін тең дәрежеде сезінуіне мүмкіндік беру. Оқытушының да рөлі тек білім берумен шектелмейді, студенттің шығармашылық қабілетін барынша ашуға тырысады. Сонымен қатар оқу үдерісінде білім берудің белсенді әдістеріне басымдық беріледі. Осы саланы зерттеуші ғалымдар бұл әдістердің тиімді қолданылуы үшін классификациясын жасауда. Алайда оқытудың әдістері туралы бірегей классификация әлі түзілген жоқ.
Кафедрада білім беру барысында студенттердің тұлға ретіндегі шығармашылық және коммуникативтік қабілеттерін ояту, мәселеге жеке көзқарасын қалыптастыру, алған білімін практикада қолдануға машықтандыру мақсат етіледі. Осы орайда тақырыптық, бағыттаушы, жүйелі семинарлар жүргізіліп тұрады. Олардың барлығы да студенттің жеке көзқарасын қалыптастыруға, ақпаратты студенттің жете меңгеріп, тәжірибемен ұштастыруына бағытталған.
Оқытушылардың біліктілігін көтеріп, білімін шыңдау, білім берудің қазіргі заманғы технологияларын қолданудың қыр-сырын үйрету мақсатында факультетте тұңғыш рет өңірлік ЖОО профессор-оқытушыларына арналған «Бұқаралық коммуникация саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыбымен халықаралық деңгейдегі семинар-тренинг өткізілді. Семинарға Қырғызстан Республикасы Ж.Баласағұн атындағы ҚҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Шәкәрім атындағы Семей МУ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Еуразиялық инновациялық университетінің (Павлодар қ.) профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Сонымен қатар семинар-тренингке Алматы қаласындағы бірқатар жоғары оқу орындарынан оқытушылар қатысты. Семинар жұмысына Қазақстандағы кәсіби тренерлер және Германиядан келген журналист, жарнама маманы Хайнц-Берндт Брюссиг, Ыстанбұл университетінің профессоры Айдемир Окай тартылды. Халықаралық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отырған семинар-тренинг жұмысын жоғары бағалап, ризашылық танытқан Қазақстан және Қырғызстан республикаларының ЖОО оқытушылары болашақта да осындай семинар-тренингтер жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін білдірді. 80 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті республика жоғары оқу орындары оқытушыларының тәжірибе бөлісетін, пікір алмасатын алаңына айналса нұр үстіне нұр. Әсіресе, өңірлік ЖОО оқытушылары жаңа медиа құралдарын қолданудың мүмкіндіктерін жіберіп алмағаны жөн. Сонымен қатар өңірлерде PR инфрақұрылымы, соның ішінде ақпараттық қызметтер жеткілікті дамып отырған жоқ. Өңірлік мекемелер БАҚ-пен тиімді байланыс жасауды өз деңгейінде жүзеге асыра алмай отыр. PR-мамандары баспасөзге арналған материалдарды cауатты жаза алмайды, көлемді жарнамалық материалдардан басқа компаниялар өткізген маңызды іс-шаралар туралы ақпараттар аз. Көптеген мәтіндерді жарнамаға да, PR-ға да жатқыза алмаймыз. Себебі жарнамада слоган, шағын мәтін, ақпараттық блок және анықтамалық мәліметтер болады. Ал PR-материалда жарнаманың элементтері болмайды. Журналистер жарнама мен PR-ды айыра алмағандықтан, PR-материалдар жарнамалық сипат алады. Жарнама материалдарының өзі орыс тілінен сауатсыз аударылып, қоғамдық мәнді ақпараттың қасына орналастырылады. Ақылы PR-материал жарнама құқында емес, редакциялық материал түрінде беріледі және «ақысы төленді» деген белгі қойылмайды. Сондықтан өңірлік білікті PR-мамандарын дайындау өзекті мәселе.
Журналистика – болған оқиғаны қарабайыр баяндап, жаттанды алты сұраққа жауап беру деп түсіну қате. Газет тілі таза, өткір, парасатты, ойы айқын, сөзі салмақты болуы тиіс.Кейбір өңірлік басылымдардың тілі өте жұтаң. Кейбір тәуелсіз газеттерде қоғамдық мәні төмен, екі адамның арасындағы хатқа ғана арқау болатын ұсақ-түйек, түкке тұрғысыз материалдар жарияланады. Баспасөз беті адамдардың жел сөз теріп, қарымта қайтаратын орны емес. Тәуелсіз газеттің бетін не болса сонымен толтыруды мақсат еткен, қоғамдық, әлеуметтік маңызды мәселелерді көтеруге қабілетсіз басылымның оқырманға берері жоқ. Кейбір тәуелсіз, тіпті аудандық газеттердің тілі мен стилі сын көтермейді, мәтіндердегі қатеден көз тұнады. Өңірлік баспасөздің публицистік стилін сипаттай отырып, кейбір газет материалдарындағы логикалық байланыстың әлсіздігін, сөйлемнің сыртқы құрылысына елігіп, мазмұнына көңіл бөлмеу, сөздің эмоциялық сыр-сипатын айыра білмеу, сылдыр сөзге әуестік, тұрпайы лексика, сөз мәдениетінің принциптерін сақтамай, кәсіби этикадан ауытқу, тұрақты сөз тіркестерінің құрамын бұзып қолдану, әдеби норманы сақтамау, диалект сөздердің қолданылатынын байқауға болады. Сондықтан өңірлік жоғары оқу орындары кәсіби білікті журналист, PR мамандарын дайындауы тиіс.
Кафедраның серпінді жобасы аясында құрылған журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО орталығы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру және іргелі, қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін инфрақұрылым түзуге бағытталған.«Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша оқытудың инновациялық, сандық және интерактивтік технологияларын даярлап, оқу үдерісіне енгізу, ғылыми зерттеулер негізінде білім беру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың әлемдік талаптарына жауап беретін оқу құралдары мен оқулықтар дайындау, оқу бағдарламасындағы пәндер бойынша білім берудің электронды ресурстарын жасау мәселелері қолға алынуда.