«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!»

16.02.2013

Просмотров: 3587

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар жоспары аясында, Денсаулық сақтау министрлігінің халыққа туберкулездің алдын алу және дер кезінде медициналық көмек алу қажеттігі туралы ақпараттандыруды арттыру бұйрығына сәйкес, әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2013 жылы 15 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде биофизика және биомедицина кафедрасына қарасты «Хронобиология орталығы» мен кафедра ұжымы «Туберкулездің алдын алу» тақырыбында факультет деңгейінде ғылыми-тәрбиелік мәні бар семинар ұйымдастырды.

Кафедра оқытушыларының басқаруымен дайындалған қабырғалық газеттерде, слайдтық суреттерде туберкулездің аса қауіпті дерт ауруы болып табылатыны жөнінде ақпарат берілген. Кафедраның эдвайзер-кураторлары өз топтарындағы студенттердің уақтылы келіп, қатысуын қамтамасыз еткен.

Ғылыми- тәрбиелік мәні бар семинарға университетіміздің тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінен С.С.Жандыбаева, студенттік медициналық пункттен жоғары дәрежелі дәрігер – терапевт А.Р.Сабитова бастаған медбикештер, биология және биотехнология факультетінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі деканның орынбасары, доцент З.Б.Есимсиитова, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары, доцент Ә.Е.Ережепов, биология және биотехнология факультетінің студенттер қауымы қатысты.

Ғылыми-тәрбиелік мәні бар семинарды биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, профессор С.Т.Төлеуханов өз баяндамасымен ашып берді. Семинардың бағдарламасына сәйкес биофизика және биомедицина кафедрасының эдвайзері Г.Қ.Атанбаеваның жетекшілігімен биология мамандығының 1 курс студенттері туберкулез жөнінде жинаған ақпараттық материалдарын ұсынды. Тақырыпқа сай авторлық шығармашылықпен Бердіқұл Бекжанның «Туберкулез-ғасыр дерті» тақырыптағы өзінің шығарған өлең жолдарымен туберкулезден сақтану жолдарын көрсетсе, ал Шамгон Ақбөпенің презентациялық хабарлармен туберкулездің тарихына, Кох таяқшаларының тіршілік ұзақтығына, ағзада ауру тудыру кезеңдеріне және одан сақтану жолдарына тоқталып өтті. Медициналық орталықтан келген қонақтар туберкулез жайында мәліметтерді өз баяндамаларымен толықтыра отырып, студенттердің көкейінде туындаған сауалдарға жауап берді. Семинарға келген қонақтарда өз пікірлерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» деп айтылған қанатты сөздерді бүгінгі таңда ең алдымен қатерлі дерт – туберкулезге байланысты қолдануға болады. Туберкулез әртүрлі ағзаларды зақымдайтын, көбіне өкпеде орнығып, ағзаның улануымен, клиникалық көрінулер полиморфизмімен сипатталатын, толқын тәрізді созылмалы дерт. Тырнақтар мен шаштан басқа адам ағзасының барлық органдарын, ұлпаларын зақымдап, туберкулездің өкпеден тыс басқа түрлерінің дамуы да мүмкін. Туберкулездің негізгі белгілерін: 2 апта бойына жөтелу, тәбеттің жоғалуы, арықтау, түнде терлеу, температураның 37,0 градустан 37,5 градусқа дейін көтерілуі, жалпы әлсіздік, қажып шаршау, кеуде клеткасының шаншуы, қан түкіру секілді көріністерді және ҚР үкіметімен туберкулезбен ауру сырқаушылықты төмендету мақсатында бұл дертке шалдыққан науқастарды тегін тексеруді және емдеуді қарастыратын туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасы қабылданғанын әрбір абзал жан білуі қажет.

Туберкулездің алдын алу шаралары ретінде барлық жанға айтарымыз салауатты өмір салтын сақтай отырып, құнарлы тамақтаныңыз - етті, сүт өнімдерін, балықты, дәнді дақылдарды, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде қолданыңыз, темекі шегуден, алкогольден, есірткіден бас тартып үнемі дене шынықтырумен айналысыңыз!