«Біз Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас жастармыз!»

11.11.2011

Просмотров: 2757

2011 жылдың қараша айының 11 жұлдызында Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің қатысуымен география және табиғатты пайдалану факультетінде картография және геоинформатика кафедрасының аға куратор–эдвайзері Сарсембекова З.Қ және геодезия және картография мамандығының 3 курсының қазақ бөлімі 1 және 2 топ студенттерінің ұйымдастыруымен «Біз Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас жастармыз!» атты тақырыпта ашық тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының мақсаты студенттерді отаншылдыққа, туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншіліктерін арттыру және өз елінің тарихын сыйлауға үйрету, патриоттық рухта тәрбиелеу. Тәрбие сағаты барысында студенттеріміз тәуелсіздік жайлы ойларын ортаға салумен қатар, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктері жөнінде баяндама жасады. Тәрбие сағаты бұнымен ғана шектеліп қоймай, Таласбек Қалиманың құрдастарына арнап шығарған шығармашылығы студенттердің қатысуымен түсірілген «Біз Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас жастармыз!» атты бейне роликтің мазмұнын аша түсті. Студенттеріміз желтоқсанның жалынды жастарының бірі Қайрат Рысқұлбековтың өр тұлғалы батырлық мінезін, іс әрекетін жұдырықтай жүректерімен беріле ойнап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Және де «Сіз Қазақстанның патриоттық әндерін білесіз бе?» деген тақырыпта көрермендермен ойын ойнатылды. Студенттер керемет дауыстарымен ән салып барша көрермендерді «Сарбаздар» және «Алға, қазақ жігіттер» әнімен тамсандырып, көрермендердің көкіректеріне патриоттық сезім ұялатты.

Студенттеріміздің «Бірлігі жарасқан елміз» атты қойылымында бірнеше ұлттардын тілінде Қазақстан еліне құттықтау жолдап, мың бұралған билерімен тамсандырды.

Көрініс: «Біз - бірлігі жарасқан елміз!»

Тәрбие сағатының соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалды. Тәрбие сағатында факультеттердің аға эдвайзерлері, тәрбие бөлімінің өкілдері, куратор мектебінің жетекшісі, ата-аналар және т.б қонақтар болды.

Тәрбие сағаты барысында СТВ телеарнасынан арнайы тілшілер келіп сұхбат алды. Түсірілім СТВ телеарнасында кешкі жаңалықтарда көрсетілді.

Геодезия және картография мамандығының 3 курсының 1 және 2 топ студенттері 2010-2011 оқу жылында «география факультетінің ең үздік тобы» атанды, топтағы жалпы студент саны 28. Студенттеріміз қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушылары, білім мен өнерді ұштастырып жүрген жалынды жастар. Қазіргі таңда университет қабырғасында біраз тәжірибе жинақтаған студенттеріміз жаңадан факультет табалдырығын аттаған бірінші курс студенттеріне өз қолын ұшын беріп, көмек көрсетуге әрқашанда дайын. Біздің студенттеріміз білімнен де кенде емес. Тобымызда үш Президент шәкіртақысының иегерлері бар, атап айтар болсақ: Кірбасов Е., Рахымбай З., Сабиров Е. Факультет арасында өтетін дебат, олимпиада, ғылыми жұмыс және конференцияларға да белсене қатысады.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент