«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

09.11.2011

Просмотров: 2239

Кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Студенттер сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Ана тілі аруы», «Жігіт сұлтаны» байқауының ақтық сайысы өтті.

Байқауға қатысу үшін университеттен 700-ге жуық ұл-қыз өтініш білдіріп, олардың 90-ы екінші кезеңге өткен. Екінші кезеңде білімі мен өнері таразыланып, олардың ішінен 12 факультеттен 12 ару мен 12 сұлтан таңдалып алынды. Арулар қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, жәрмеңке өткізді. Жиналған қаражат жетім балалар үйіне арналған қайырымдылық шараларына жұмсалды. Ал жігіттер жағы қол күрес, арқан тарту сияқты спорт сайыстарына қатысып, өздерінің күш-жігерлерін көрсетті. Осылайша қыз-жігіттер ақтық сайысқа көп дайындықпен келгендерін дәлелдеді.

Байқау сайысы сәлемдесу, сұрақ-жауап, өз өнерін, сән үлгілерін көрсету сияқты бөлімдерден тұрды. Қатысушылар өздерінің өнерлерімен қатар, білім деңгейлерін де сұрақ-жауап бөлімінде анық көрсетті. Сұрақтар қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, әдебиет, мәдениетіне байланысты болды.

Байқау қорытындысы бойынша Гран-при иегері және «Көрікті ару» аталымының жеңімпазы болып Мәлік Салтанат (экономика және бизнес жоғары мектебінің 2 курс студенті) деп танылды.

«Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдесін және «Қайсар жігіт» атағын философия және саясаттану факультетінің 3 курс студенті Қайырхан Қалдыбайұлы жеңіп алды.

Барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан және «Лореаль мейбелин Нью-Йорк» компаниясы ұсынған сыйлықтарға ие болды.

Әйгерім Әлімжанова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Студенттер клубының жетекшісі