«Заң газеті» Республикалық күнделікті газет

12.10.2011

Просмотров: 3825

Гүлнәр СӘРСЕНБЕКОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры:

«Қазіргі жастардың ойы еркін және оны батыл жеткізе алады»

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» Стра­те­гиялық бағдарламасында: «Жастарды қазақстандық па­т­рио­тизмге шығар­машылық жағынан дамыған жеке тұлға ре­тінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», – деп жастар тәрбиесіне ерекше мән берген. Осы орайда қарашаңырақ Қазақ ұлттық университетіндегі жастар тәрбиесінің жайы қалай?

– Біздің университет қашаннан білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің қарашаңырағы. Ал­дың­ғы жылы университетіміздің 75 жылдығында сөз сөйлеген Ел­басының: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ­стандағы әлемдік деңгейде кадр дайындайтын негізгі орталық», – деп атап өтуі де бұл оқу орнының салмағын сездірсе керек. Расында, еліміздің дерлік бар саласында 70-80 пайызға жуық біздің кадрлар отыр. Жоғары оқу орындары мемлекеттің даму қуаттылығының, зиялылығының көрсеткіші болып саналады. Қазір жаһандану жайлы жиі айтамыз. Жаһандануға жұтылып кетпес үшін өзіміздің бағыт-бағдарымызды ай­қындап, бет-бейнемізді сақтап қалу – бүгінгі басты міндетіміз. Бұл ретте жоғары оқу орындарының жас­тарға беретін білім мен тәр­бие­сінің рөлі зор десек, біздің уни­верситет осы талаптың биігінен көрінуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазіргі ұстанып отырған темірқазығы – бі­лім мен мәдениетті және тәрбиені ұштастыра отырып ұлттық құнды­лықтар арқылы адамзаттық құн­дылыққа бет бұру. Ұлттық ғылыми зерт­теу университетіне айналу да біздің оқу орнының негізгі мақсаты. Себебі, студенттердің білім мен ғы­лымды қатар игеруі керектігін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ғылым туралы жаңа заң­да айқындап берді. Ғылымның зама­науи жүйесін енгізу қажет­ті­лігі­не баса назар аудар­ған министр білім берудің бар­лық деңгейінде білім беру мен ғылыми жұмысты біріктіру керек­тігін міндеттеп отыр. Бұл универ­си­тетіміздің негізгі жү­рер жолына айналмақ.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жастардың алып жатқан білімін тәрбиемен тұздықтауда өзіңіз басқарып отырған департаментке негізгі жүктің артылатыны белгілі. Жалпы, бұл оқу орынында өздеріңіз бірлесе жұмыс жасайтын үйірмелер мен клубтардың жайы қалай?

– Қазіргі басшымыз Ғалымқайыр Мұ­тан­ұлы келгелі студенттердің клуб­тық жұмыстарына жан біткендей. Уни­вер­си­тетте өнерге, спортқа, ғылымға бағдар көрсететін 100-ден астам клуб бар. Оның барлығына оқытушылар жетекшілік жа­сай отырып, студенттерді ғылыми кәсі­билікке бағыттайды. Ұрпақ тәрбиесі ұлт­тығымызды сақтаудың негізгі ұстыны. Оны ұлттық бағытта жүргізе алсақ, әрине. Сол мақсатта Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Сту­дент­тер клу­бы» жұмыс жасайды. Бұл – көр­кем­өнер­паздар үйірмелерінің басын қосып отыр­ған клуб. Мұндағы жастармен жұмыс жасайтын 10 үйірмеде музыкалық жоғары білімі бар 15 қызметкер еңбек етуде. Демек, студенттерге тегін музыкалық білім алуға немесе қабілетін арттыра түсуі­не мүмкіндік бар. «Бақыт» би үйірмесі мен студенттер оркестрі үйірмелерінің жетекшілері Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағына қол жеткізген жандар. Құрамы 120 студенттен тұратын «Фараби» сазды ұлт аспаптар оркестріміз студент жастарымызды ұлттық музыкамен сусын­датуда. Ғұлама Махмұд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп тәрбиедегі тілдің маңызын бір-ақ ауыз сөзбен айшықтаған ғой. Тіл – халықтың ғасырлар бойы жинаған ру­ха­ни байлығын көрсететін негізгі құнды­лық. Сондықтан, ұлттық университет бол­ғандықтан ұлт тілінің ұлықталуына баса мән береміз.
– Тілге қатысты аудиториядан тыс жұ­мыстар жасайсыздар ма?
– Әрине, бұл мақсатта үлкен жұмыстар атқарылады. Қазақ ұлтын тілге тиек еткенде Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін айналып өте алмаймыз. Қазір ана тілімізді Абайдың шығармалары арқылы насихаттау студенттердің көңілінен шығып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Ол – Абайдың шы­ғармаларын студенттердің өз тілімен қа­тар өзге тілде де оқуы. Биылғы осыған ар­налған салтанатты жиын студенттердің үлкен қызығушылығын туғызып, ынтасын оятты. Абай өлеңдері әлемнің жүздеген тіліне аударылды. Әрине, бұл жерде Пре­зи­денттің үш тұғырлы тіл саясатына қатысты жұмыстар да қоса атқарылады. Бұған қа­тысты қоғамда түрлі пікір түзіліп те жа­тыр. Алайда, менің ойымша, кез келген студент немесе ел азаматы алғашқы кезекте өз ана тілін терең біле отырып, өзге тілді де меңгергені абзал. Біздің студенттер осыны дәлелдеді. Абай өлеңдерін әуелі қазақ тілінде, сонан соң барып өзге тілдерде оқыды. Жалпы, бізде үш тілді меңгерген студенттер көп.
– Қазақ халқы қырық үйден тыйым салып қыз тәрбиесіне өте сақ қараған ғой. Ұлт тәрбиесінде орны бөлек қыз тәрбиесі сіздерде қалай?
– Қыздарды өз мәдениетімізге орай тәрбиелеудің танымы зор. Еліміз­де, қа­ла­мызда қыздарға арналған байқау­лар­дың көптігі де сондықтан шығар. Бі­рақ, солардың дені сыртқы жылтыр дүние­мен ғана шектеліп жатады. Мұндай тағы­лым­ды шараны да ұлттық университет ұдайы жадында ұстап келеді. Мысалы, бір ғана «Ана тілі аруы» байқауының басты шарты, қатысушы мемлекеттік тілді жетік білуі керек. Сонымен қатар, бұл байқау қара­көз­деріміздің ішкі интеллектуалдық деңгейін ашуға да баса мән береді. Одан бөлек қыздарымызды қайырымдылыққа баулиды. Қайырымдылық жасау қазақтың қанында бар қасиет. Осы орайда қыздарды жетім балалар үйіне жібердік. Олар ол жаққа құр бармай, өз қолдарымен пісірген ұлттық тағамдарын және басқа бұйымдарын ала барды. Оған мәз болған балалардың айтқан алғысын естігенде көңілің толқиды.
– Университеттеріңіздің тәрбие жұ­мысының бағдарламасында студенттерге құқықтық тәрбие беру бағыты қарас­ты­рылған. Шынында, студенттерді құ­қық­тық тәрбиелеуде қандай шаралар атқарып келесіздер?
– Расында, оқу орнымыздың бекітілген тәрбие тұжырымдамасында құқықтық тәрбиеге көп көңіл бөлінген. Студенттерге өз құқығын үйретуде өздері құрған «Заң клиникасының» жұмысын айтып өтуіміз керек. Жалпы, ұлттық университетте сту­денттердің өзін-өзі басқаруы жақсы қалып­тасқан. Әрине, негізгі басқаруды, қадағалауды біз атқарамыз. Жаңағы «Заң клиникасы» университетіміздің заң факуль­тетінің негізінде жұмыс жасайды. Оған сол факультеттің оқытушы-профессорлары жетекшілік етеді. «Заң клиникасы» клубына сту­денттеріміз кез келген уақытта келіп өз құқықтарына қатысты сауалдарына жауап ала алады. Бізде студенттердің атсалысуымен «ҚазҰУ-дің ар-намыс кодексі» қабылданған. Бұл кітапша университеттің кез келген оқытушысы мен студентінің қойын қалтасында жүреді. Өйткені, онда олардың оқу орнындағы дағдысы көрсетілген. Бірінші курсқа келгендер міндетті түрде осы ар-намыс кодексімен танысады. Университеттің ар-намыс кодексі – студенттерді сапалы білім алуға үндейтін дүние. Ал, сапалы білім шынайы бақытқа жеткізетін жол екендігі сөзсіз. Білімділік пен біліктіліктің басты негізі өз тіліңді, өз мәдениетіңді құрметтеуде және ғылымға жақын болуда жатыр.
– Аға буынның жастарға көңілі толмауы қашаннан келе жатқан заңды дүние ғой. Қазіргі жастардың мәдениетіне қатысты сыни пікірлер бой көрсетіп жатады. Сіз де солардың сапындасыз ба?
– «Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұл болмайды» дегенді қаперде ұстайтын болсақ, онда түрлі айып тағып жастарды кеудесінен итере берген де дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл бір жағы­нан аға буынға да байланысты дүние. Аға буын арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелегі де солай қарай дөңгелейтінін естен шығармасын. Жалпыға жауап бере алмаймыз десек те, біз өз жастарымызды мәдениетті болуға өзімізше үндейміз. Мәселен, Алматы – көп мәдени ошақтар орналасқан қала. Сол мәдени ошақтардың негізгісі театр көрермендерінің мәдениеті қандай болуы керек деген мәселеде де біздің студенттер алғаш болып үлгі көрсетті. Театр қалай болса солай баратын, тамақ жеп, сусын ішіп бей-берекет отыратын саябақ емес. Ол жерде киім кию, жүріп-тұру мәдениеті үлкен маңызға ие. Біздің студенттер театрға қалай бару керектігіне жұртшылық назарын аудару мақсатында, Әуезов атындағы драма театрына және Мүсірепов атындағы жастар театрына бірауыздан билет алып сән-салтанатымен барды. Мұның барлығы жастардың мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.
– Кез келген жоғары оқу орны өзіне келген жасты таңдаған саласының білікті маманы етіп қана емес, қоғамдық ойларға өзіндік пікір айта алатын көзқарасы қа­лыптасқан азамат, жеке тұлға ретінде де қалыптастыруы керек. Осы орайда жастарыңыздың қоғамдық белсенділігі қай межеде?
– Бізде университет басшылығы мен студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары арасында тең әріптестік орнатылған. Осы арқылы студенттер өздерінің мәселелерін оқу орны басшылығымен бірге отырып шеше алады. Ғылыми кеңес немесе ректорат мәжілістеріне де белсенді студенттердің қатысып, өз ойларын, пікірлерін айтуына мүмкіндік берілген.
– Жастармен жұмыс істеудің қызығы мен қиыны неде? Жалпы, жастарға тәрбие бере жүріп олардан өзіңе де аларлықтай қандай қасиеттерді байқайсыз?
– Жастардың күшін, қуатын дұрыс арнаға сала білсе, олар кез келген бөгетті бұзып-жарып өте шығатындай күшке ие екеніне көзім жетті. Қазіргі жастар өте өршіл және сол қасиетімен мақсатына да жете біледі. Тек оларға дұрыс бағыт бере білу керек. Сонымен қатар, қазіргі жастардың пікірі еркін, ойы азат. Олар жеке пікірін қай жерде болсын батыл да еркін айта алады. Сондықтан, жастардың жалынынан жұмысқа, өмірге деген шабыт алмау тағы мүмкін емес. Сол себепті, мен бұл жұмысты жан-тәніммен атқарамын. Тәуелсіздік жылдары қаржысы көп жаңа оқу орындары ашылса да тарихы мен дәстүрі қалыптасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жөні де, жолы да бөлек. Өйткені, мұнда қазақтың қаншама қайраткерлерінің ізі жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»