«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

12.10.2011

Просмотров: 2919

БАҚ өкілдерінің басын қосты

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов пен Журналистика факультетінің деканы, профессор Есберген Алауханов бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

Үшжақты келісімшартқа Қазақстан журналистер одағының және Ұлттық баспасөз орталығының президенті Сейітқазы Матаев, «Мысль», «Ақиқат», «Үркер» журналдары мен «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалин, «Жұлдыз», «Сын» және «Простор» журналдары, «Қазақ әдебиеті» газеті және «Ан-Арыс» баспасын біріктіретін «Қаламгер-Медиа» орталығы атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұматай Шаштайұлы, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Заң-медиа» корпорациясының президенті Досымбек Өтеғалиев, «Қазақ» радиосының бас директоры Ғалымжан Мелдеш және «Айқын» газеті бас редактордың орынбасары Ермахан Шайхыұлы қол қойды.

Меморандум негізінде арадағы әріптестік қарым-қатынас нығайып, бірлескен жобалар іске асырылмақ. Осы орайда «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин Журналистика факультетінің түлектері мен студенттерін жұмысқа қабылдауға ниетті екендігін айтты. «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Ермахан Шайхыұлы газет редакциясында журналистика факультетінің шәкірттеріне теорияны тәжірибемен бекітуге арналған зертханалық сабақтардың ұйымдастырылып тұратындығын тілге тиек етті.

Аталған келісім болашақ журналистерге білікті мамандармен тәжірибе алмасуына кең жол ашады. «Жас өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек: «Бүгін заманмен бірге талап та өзгерді. Мені қуантатыны – жастардың бойында білімге деген, инновацияға деген құштарлық басым. Бұл келісім осы жағынан жаңашылдыққа деген ұмтылыс болмақ» деген пікір білдірді.

Тағы бір атап өтерлік жайт, меморандумға қол қойған бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының барлығы ҚазҰУ журналистика факультетінің әр жылдардағы түлектері. Содан да болар, басқосуға жиналғандардың факультет туралы айтқан лебіздері мен пікірлері шәкірттік көңілмен шынайы естіліп, жүректерден терең орын алды.

Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА,

Журналистика факультеті деканының оқу, әдістеме және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент