"Заң" республикалық күнделікті газет

07.10.2011

Просмотров: 1811

06.10.2011 16:49

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақын, пуб­лицист, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, әріптесіміз Аманхан Әлімұлының «Өткірдің жүзі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Журналистика факультеті ұйым­дас­тырған басқосуға жазушы О.Сәр­сенбаев, С.Әшімов, театр сыншысы, драматург Ә.Сығай, заңгер-ғалым А.Ағыбаев, көсемсөзші Ж.Кенжалин, баспагер Т.Көпбаев, қаламгер Б.Сү­лей­менов, профессор С.Қозыбаев, жазушы С.Елубай, сатириктер Т.Әлімбек пен К.Әмірбек, тағы басқа БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты. Ақын Һәм журналист Аманхан Әлімұлының бұл кітабында 1995 жылдан бастап бүгінге дейінгі республикалық газет-журналдарда жарияланған тәуел­сіз елдің жоғын жоқтайтын «Мәселе қазақта емес, казакта...», «Рухани тер­рорға тосқауыл қоймай, ұлт болып қа­лып­тасу мүмкін емес», «Қа­заққа па­трио­тизм керек пе?» «Мен құдайдан қо­рық­пағандардан қорқамын» сияқты сарап­тамалық мақалалармен бірге ой-тол­ғаулары мен сыр-сұхбаттары топ­тастырылған. Кітаптың жарыққа шығуы­на журналистика факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов мұрындық болған.
Алғашқы боп сөз алған Оразбек Сәр­сенбаев оқырманға жол тартқан жи­наққа былай баға берді: «Аманханның бұл жи­нағында қазақтың басындағы қиын­дық­тар шынайы түрде жазылған. Онда әдемілеп, майдалап, басынан сипай айту деген мүлде жоқ. Тәуелсіздігіміздің жолына қақпан құрмақшы болғандар мен өз топырағымыздан кіндігін үзген, тіліміз бен ділімізді сыйламайтын мәң­гүрт­тердің әрекетін сынаған».
Сыншы Әшірбек Сығай: «Журна­лис­тің бұл еңбегінде, кітаптың аты айтып тұрғандай, қазақ қоғамындағы мәсе­ле­лер алмас қылыштай өткір тілмен ай­тылған. Жалпы, жиырма жылда біздің тапқанымыз да, жоғалтқанымыз да аз емес. Ол туралы көбі отбасы, ошақ қасында күңкілдегеннен әрі аса алмайды. Сондай кемшіліктерді ашық айтпағандықтан, рухани құлдырап барамыз. Шындықты айтқандардың аузын алақанымен басатындар да жоқ емес. Осы тұрғыдан келгенде автор ешкімнен қаймыққан емес, ақпарат құралдары арқылы ақиқатты қорықпай айтты», – деп баға берді.
Жазушы Қуандық Түменбай: «Аман­хан – адал сыншы. Ол ешқандай ...измге бағынбайды. «Аманханизмі» алда тұрады...», – десе, «Қазығұрт» баспа­сының директоры Темірғали Көпбаев: «Кітапта үлкен дау тудырған мақалалар да бар. Ақиқаттың айбалтасындай бол­ған Аманхан ағамыздың бұл кітабы тә­уел­сіз елдің көсегесін көгерткісі кел­мейтіндердің теріс пиғылдары мен ас­тыр­тын әрекеттерін аша білді», – деді.
Ақын Аманхан Әлімұлының пуб­лицистикалық кітабы болашақ жур­на­лис­терді ақиқатты қорықпай ай­ту­ға, шұрайлы сөйлеп, шебер жазуға бау­литын көмекші құрал болатынына се­німі­міз мол. Қоржыныңыз ұлт мүдде­сін қорғайтын тың дүниелермен толыға берсін, қадірлі әріптес!

Елгүл НӨКЕРБАНҚЫЗЫ,
«Заң газеті»