Национальная информационная агентство "Казинформ"

29.09.2011

Просмотров: 2485

29.09.2011 / 15:44

Әл-Фaраби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылды

АЛМАТЫ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны болып отыр. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі бүгін баспасөз хабарламасын таратты.

«Академиялық ықпал» - бұл әлемдік деңгейде мойындалған міндеттерді белсенді қолдауға, адам құқығы, біліктілік, тұрақты даму, бейбітшілікті сақтау және қақтығыстарды шешу, мәдениетаралық далогта әлемнің 90 еліндегі 500-ден астам университетті біріктіретін БҰҰ-ның жаһандық бастамасы. ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның бағдарламасына енуіндегі алғашқы қадамдарының бірі ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі болмақ. Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне 20-жыл толуына орай университет жанынан БҰҰ орталығы ашылып, ол Орталық Азиядағы халықаралық құқық пен халықаралық қатынастар факультеттеріне аймақтық алаң ретінде жұмыс жасайтын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бастамасына ене отырып, Орталық Азиядағы жоғары білім алу мәселелеріне, экономикалық және әлеуметтік даму, бейбіт өмір сүру негіздеріне қарасты білім орталығы болуға жауапты болады. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚазҰУ-дың әлемдік жоғары оқу орындарымен халықаралық әрістестігін нығайта түсуге ықпал етеді.

Жалпы «Академиялық ықпал» бағдарламасы 2010 жылдың қарашасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен қолға алынды. Оған Кембридж университеті (Ұлыбритания), Нью-Йорк университеті (АҚШ), Калифорниялық мемлекеттік политехникалық университеті (АҚШ), Иллиной мемлекеттік университеті (АҚШ), Монреаль университеті (Канада), Веналық медициналық университеті (Австрия), Бейжің университеті (Қытай), Женева университеті (Швейцария) сияқты әлемнің жетекші оқу орындары кіреді. Бұл бағдарламасының басты қағидаты қатысушыларға білім беру ортасын жаһандық мәселелерді шешу жолы ретінде қарастыруды міндеттеу.