«Алаш айнасы»

21.09.2011

Просмотров: 4196

Бақытпен кездесу

Кеше әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің жатақханасына белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты Әдебиетшілер үйінің директоры Бақыт Беделханмен кездесу кеші өтті. Мазмұнды кешті факультетіміздің баспа ісі және БАҚ дизайны кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы жүргізіп отырды.

Әуелгі сөзді бастап, кештің шымылдығын түрген ұстаз Бақыт Беделханның ақындық болмысынан, өмірдегі адамдық бейнесінен студенттерге аз-кем мәлімет берді. Қиғыр қылыштай өткірлігін өлеңдерінде де көрсетіп жүрген ақынның айтары көп екен. Жас журналистерге өзінің сыр суыртпақтаған ақын: «Бұрын біз студент болған жылдары КазГУ мен АГУ-дың арасында ерекше бәсеке болатын еді. Әсіресе өлең өлкесіне келген біз КазГУ-дың журфагында оқитын ақындарға келіп, олармен бірге жырдың көрігін қыздыратынбыз», - деп желкілдеген жастық шағына ойша сапар шеккендей болды. Әсерлі әңгімеге ынтыққан студенттер ақыннан қонақкәдеге жыр сұрады. Кеш барысында қаламгер бірнеше өлеңін оқып, «Нұриләнің әні», «Көкемарал» сияқты әуезді әндерімен студенттер қауымын сілтідей тындырды. Салиқалы сұхбат арасында ақын өмірдегі басынан өткен қызық оқиғаларын да студенттерден жасырып қалмады. Әңгіме барысында бір студенттің: «Аға, «»10 жыл болды кітабым шықпай жүр деп едіңіз, сол кітабыңыз қашан шығады?» - деген сауалына қалам иесі 10 күннің ішінде жыр жинағының оқырман қолына тиетінін жеткізді. «тірімде қасымнан табылмағандар өлгенде басымнан табылар ма?» деп жырлаған адуынды ақын келелі кешті өзінің «Құдай қойған драма» атты кең көлемді туындысынан үзінді оқумен аяқтады.

Олжас ҚАСЫМ