"Алаш айнасы" республикалық-қоғамдық саяси апталық

19.09.2011

Просмотров: 2504

Компьютербастылық абырой ма, әлде қатер ме?

Бірнеше жыл бұрын Мұхтар Шахановтың «Компьютербасты жарты адамдар» өлеңінің елді елең еткізгенін білеміз. Өлеңдегі ақсақалдан «неше балаңыз бар?» деп сұрағанда, ғылым қуған үш ұлын «бір жарым» деп айтуынан кереғар пікір туды. Бүтін бір бала санайтын ұлы өлеңде ұлтының техника саласына еңбек сіңіріп жүр, ал екеуі шетел асып, білім қуғандықтан, әкесіне жақпады. Ақынның «мониторкөз», «компьютербас» дегені, қазіргі қазақшаға шорқақ, шет тіліне жүйрік, ғылым мен техниканы игерген білімді жас болар. Міне – қайшылық. Техникаға еңбек еткен адам мен ақпараттық технологияны игерген адам – екеуі де нақты ғылым саласы емес пе? Мәселе – ғылымның тілінде емес, адамның білімінде. Ел дамуына ауадай қажеті де – техникаға жетік адам. Ел дамуының кілті де – сонда. Ендеше, дәл қазір біздің компьютербастыларға мұқтаж болып тұрғанымыз – шындық.

Ғалымқайыр МҰТАНОВ, техника ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

– Барлық тірлігімізді сапалы дең­гей­ге көтерген – ақпараттық техно­ло­гия. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінде «Информатика және басқару» кафедрасын ашып, Nokia-ға ма­мандар, ғылыми жобалар дайын­дай­тын Финляндияның Йоенсуу уни­вер­ситетімен (Joensuun yliopisto) бір­ле­сіп маман дайындау мәселесін шеш­тік. Студенттер қалған екі жылын Фин­лян­дияда оқыды. Соны бітірген та­лант­ты балалар қазір Nokia және басқа компанияларға шақыртылып, әлемдік деңгейде жақсы қызмет атқарып жүр. Қазақстандағы ақпараттық техно­ло­гия­ға келсек, Қазақтелеком, Beeline, Kcell сынды үлкен монополиялар бізге мүм­кіндік бермей отыр. Шетелде жақ­сы технология шықса, дамиды. Олар жа­ңа технологияларды жібермей ұс­тап, содан пайда тауып отыр. Бізде та­риф тым жоғары. Шетелде, Еуропаның бір­де-бір елінде мұнша қымбат емес. Қы­тайда тіпті тиын. Біз 3G-ға әлі көше ал­май жатырмыз. Елбасы айтқандай, 4G-ға көшу қажет. Оған көшсек, жаңа деңгей қалыптасады. Сол кезде ауыл балалары, шалғайдағы адамдар ақпа­рат­тық кеңістікке өзінің ұялы теле­фонымен шығу мүмкіншілігін алады. Қазіргі ұялы телефондардың компью­тер­ге жақындап келе жатқанын білесіз. Мектептерге болашақта планшет қою арқылы, ешкімнің рұқсатынсыз, тіке­лей орта қалыптастыруымыз керек. Мүм­кіндік – сол ортаға кіретін жүйеде. 4G-ға көшіп, тарифтерді түсіретін бол­сақ, ақпараттық технология мәселесі ше­шіледі.