«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

13.09.2011

Просмотров: 2593

Ғ. Есім: Қазақтың Ренессанс ғасыры деген елдік тілектен туған ізгі сана - идея

АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті оқу жылы басталған сайын университеттік лидерлік дәрістерді өткізуді дәстүрге айналдырып келеді.

Жуырда білім ордасының философия және саясаттану факультетінде «Қазақтың ренессанс ғасыры (қазіргі заман құндылықтары туралы)» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің дәрісі өтті.

Профессордың лидерлік дәрісінде қазақтың ренессанс ғасыры соның ішінде, қазіргі заман құндылықтары туралы мәселелер көтерілді. Лектордың сөзімен айтқанда: «Қазақтың Ренессанс ғасыры деген елдік тілектен туған ізгі сана - идея. Оның болмысы - Қазақ елінің бүгінгі күні. Ренессанс идеясы - өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алып, 1991 жылы егемен ел атанғанда айқындалып, бүгінгі тұрмыс, болмысымызбен толығып, жетіліп, келешекке бастайтын елдік идеяның сара бағытына айналды.

Сол ренессанстың тікелей өкілдері саналатын жас ұрпақпен кездесуге келген ғалым, философ Ғарифолла Есім дін жайында әңгіме қозғап, қазіргі қоғамда орын алып жатқан құбылыстарға тоқталып өтті. «Жақында Парламентке діни қызмет, діни бірлестіктер деген заң жобасы түсті. Осы дін мәселесі туралы 2001 жылы әңгіме көтеріп, дінтану негіздерін мектеп бағдарламасына кіргізіп едім, 2002 жылы «Дінтану негіздері» деген оқулық жаздым. Оқулық кейін қалып қойды да, қазір қайтадан сол оқулықты беріп жатырмыз. Сол кезде қиын болады деп айтып едім, қазір қиындыққа тура келдік. Мен қазір «Білге-Қорқыт» деген үлкен халықаралық бағдарлама жасап жатырмын. Біз аталмыш бағдарламамен бұйыртса, магистрлерді түркі елдерінде дайындаймыз»,- деп атап өтті ол.