«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

13.09.2011

Просмотров: 2129

Мәдениет вице-министрі ҚазҰУ-да болашақ мәдениеттанушыларға дәріс оқыды

АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде дінтану және мәдениеттану кафедраcы ұжымының ұйымдастыруымен

Әлеуметтік жаңғырту контексіндегі Қазақстан Республикасының мәдениеттік саясаты» тақырыбында Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі, философия ғылымдарының докторы, Ғазиз Телебаевтың дәрісі өтті.

Ол Мәдениет министрлігі қызметінің 3 бағытының бірі - мәдени саясат мәселесіне тоқталып, аудитория тыңдаушыларын еліміздің мәдени жағдайымен таныстырып өтті. Сондай-ақ аталмыш ведомоство қызметінің көптеген жетістіктері, мәдениет саласындағы көптеген соны жаңалықтар туралы хабардар етті.

Министрлік қызметінің басты жұмыстарының бірі - 41 республикалық және 8000 облыстық-мәдени ұйым қызметтерін үйлестіру, дамыту болып табылады. Бүгінде өзекті мәселелердің бірі болып отырған батыс кино туындыларының ел ұрпағына тигізетін әсеріне байланысты «Мәдениет туралы» Заңға өзгерістер енгізілгендігін атады. Ол Қазақстанның кино, театр индустриясындағы көптеген жетістіктерге байланысты сандық көрсеткіштерд де айта кетті: 2010 жылы 78 фильм жобасы басталса (бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 70 %-ға артық), театр саласында 2010 жылда 39 әртүрлі деңгейдегі 39 жаңа қойылым жүзеге асқан. Оның ең ірісі атақты режиссер Борис Эйфманның «Қызыл Жизель» атты балетінің қойылуы болып табылады, бұл еліміздің мәдениет және өнер тарихындағы үлкен шың болды.

Мәдени мұра мемлекеттік бағдарлама аясында қазақ елінің мәдени мұрасын жинақтау мақсатында шет мемлекеттерге Ресей, Қытай, Иран және т.б. елдерге ғылыми экспедициялар жіберілген. Сонымен қатар, «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» атты ұлттық жобалар басталған. Осы орайда лектор: «Мәдениет саласының тетігі - өз елінің мәдени мұрасын танып білу»,- деп атап өтті.

Студенттер Ғ. Телебаевтың дәрісіне терең көңіл бөліп, ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салды. Олардың бастысы, тіл саясаты, терминология мәселелері, ұлттық тілдегі арналар болды. Лектор сауалдарға жауап беру барысында жуық арада ұлттық тілде қызмет ететін «Мәдениет» атты арнаның жарық көретіндігі туралы қуанышты хабармен бөлісті. Сонымен бірге әлеуметтік жаңғырту - мәдениетті дамытып, адам әлеуетін көтеру, яғни білімді болу керек екендігіне тоқтала келе, қоғамдық пікір қалыптастыруға шақырды. Мәдениет вице-министрі дәрісінің соңында жастарды әлеуметтік-ғылыми, гуманитарлық ғылымдар өкілдері секілді ҚР Мәдениеттанушылар одағын немесе ұйымын құру жайлы ұсынысын жариялады.