«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

26.08.2011

Просмотров: 2596

Студенттік құрылыс жасағында еңбек ету - Елбасының жастарға артқан сенім үдесінен шығу - Жұмағали Есенбек

АЛМАТЫ. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Халық даналығында «Ердің атын еңбек шығарады», «Еңбек ерлікке жеткізер, Ерлік елдікке жеткізер», «Бақыт кілті еңбекте» тағысын-тағы еңбекке қатысты мақалдар мен мәтелдер тізіліп кете береді. Бұл қай заманда да еңбектің маңызын көрсететін қанатты сөздер. Бүгінде ел тұтқасын ұстап, халық қалаулысы болып отырған элиталы топтың кей-кейде естелігін оқи қалсаңыз да билікке, атаққа, мансапқа жетуде зор еңбектің күшімен келгенін аңғарасыз. Нағыз еңбек қанат жайған кезде ғана қай қызметтің болсын беделі асқақ, халық игілігіне жарамағы бар.

Осы орайда бірі болашақ журналист, бірі заңгер, бірі қаржыгер, енді бірі болашақ дипломаттар өздерін еңбекке баулуды студенттік шақтан бастауы - олардың болашағынан зор үміт күттірсе керек. «Бүгінгі жастар еңбек мәдениетін қалай түсініп, қалай жүзеге асыруда?» деген мақсатпен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Cтуденттік құрылыс жасақтары штабының бастығы Жұмағали Есенбекпен сұқбаттасқан едік.

- Студенттік құрылыс жасақтары қай кезеңнен бастау алады?

- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына жолдауын және Алматы қаласы Әкімдігінің 2005 жылдың 17 маусымындағы №3/358 «Алматы қаласы студенттік құрылыс жасақтарының штабы туралы» қаулысын орындау мақсатымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік құрылыс жасақтары өз міндеттерін атқарып келеді. Жалпы елімізде студенттік құрылыс жасақтары өз жұмыстарын 1969 жылдары бастаған, ал ҚазҰУ-да алғашқы СҚЖ 1963 жылы құрылған. Олар еліміздің қалалары мен ауылды елдімекендер құрылысына белсенді үлес қоса отырып, Ресей, Украина, Молдова, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолияда еңбек етті. Ал 1973 жылы ҚазҰУ қалашығында комсомолдық құрылыс жарияланған. Ендеше, қалашығымыздың, қалаларымыздың көркеюінде қашанда студенттер үлесі зор болған. Кезінде СҚЖ барлық жоғары оқу орындарында болды. Тарих деректеріндегі мұндай үрдіс біраз жыл үзіліске ұшыраған. Кейіннен университет басшыларының қолдауымен дәстүр жалғастығын тапты. СҚЖ-ның кемелденген кезі қарашаңырақтың 75 жылдық мерейтойына дәл келді. 2009 жылдың 1-маусымында студенттік құрылыс жасақтары қалашығымызды абаттандыруға кірісті.

-Аз-кем тарихты қозғап өттіңіз. Студенттік құрылыс жасақтары кімдерді үлгі тұтады?

- ҚазҰУ-дағы СҚЖ тарихына үңілетін болсақ, сол кездегі белсенділердің барлығы осы құрамда болған. Бұл мектептен біздің университеттің танымал түлектері тәжірибе жинады. Олардың қатарында Төтенше және өкілетті елші К.Жигалов, А.Волков, сенатор Б.Мұхамеджанов, бұрынғы Әділет министрі З.Балиева, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми, ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов және тағы да басқа профессорлар, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері бар.

- Жұмыс маусымы қай уақыт аралығын қамтыды және СҚЖ құрамына жұмысқа қабылдау қандай талаптарға сай жүргізіледі?

- Жазғы жұмыс маусымы 1 маусым мен 25 тамыз аралығын қамтыды. 2011 жылғы жаз маусымында Студенттік құрылыс жасақтары штабы құрамына жұмысқа үміткерлер өте көп өтініш білдіргендіктен студенттер «байқау» негізінде таңдалды. Байқау қорытындысын Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменті, Студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары мен Студенттік құрылыс жасақтары жасады. Байқау университеттің барлық факультеттері арасында жүргізіліп, нәтижесінде оқуда үздік, әлеуметтік жағдайы төмен және қоғамдық шараларға белсенді қатысқан 120 студент-жасақ таңдап алынды. Оның 95-і ұл, ал 25-і қыз бала.

- Байқаудан өткен жасақтар қандай мүмкіндіктерге ие, яғни СҚЖ студенттеріне қандай жағдайлар жасалынған?

- Барлық жоғары оқу орындарының көш басшысы болып саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерді жұмыспен қамтамасз етуде де алда екендігін мақтанышпен айтуға болады. ҚазҰУ-дың Студенттер құрылыс жасағына енген 120 студент жұмыс маусымы барысында университет тарапынан үш уақыт тегін тамақпен, арнайы киім формасымен қамтамасыз етіліп, жатақханада тегін тұрды. СҚЖ студентінің айлық жалақысы орта есеппен 35 000 теңгені құрады. Білім ордасынан барлық қажетті жағдайды сезінген жасақтар да «біз университетке не береміз?» деген ұранмен қарқынды жұмыс атқарды.

- Жазғы маусымдағы студенттік құрылыс жасақтарының атқарған жұмыстарына тоқталсаңыз?

- СҚЖ атқарған жұмыстарын 10 бағытта қарастыруға болады. Олар барлық бағыттар бойынша университеттегі өндірістік департамент қызметкерлерімен бірігіп жұмыстар атқарды. Нақты тоқталар болсақ, СҚЖ ҚазҰУ қалашығы аумағын тазарту, абаттандыру жұмыстарын атқарды. Студенттік кампустағы барлық 13 жатақхана мен оқу ғимараттарында және Ректорат ғимаратының бөлмелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Физика-техникалық, химия және химиялық технология, механика-математика факультеттерінің ескі оқу ғимараттарында жұмыстар атқарды. Халықаралық қатынастар факультетінің оқу ғимараты босатылып, оқу жиһаздары, техникалық құралдар шығарылды. Эксперименталды өндірістік орталыққа жиһаз жасау жұмыстарына атсалысты, биология және биотехнология факультетінің жер төлесінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тізбектеп айтар болсақ, жасақтар тарапынан жасалынған еңбек ұшан-теңіз.

- СҚЖ таңнан кешке дейін тек еңбек етумен ғана айналысады ма? Жұмыстан тыс уақыттары бар ма? Болса қалай өткізеді?

- Жұмыстан тыс уақытта жасақтар арасында бірнеше мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастырдық. Іс-шаралар студенттердің бір-біріне деген достық қарым-қатынасын нығайтып, жұмысты жұмыла атқаруға, біріге тату-тәтті еңбек етуге септігін тигізді.

- Солардың бірнешеуін атап өтсеңіз?

- Мәселен 4 маусым ҚР Рәміздер күніне байланысты жасақтар арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. СҚЖ-да театр күні аталып, жасақтарымыз бірігіп Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы қойылымдармен жіті танысып тұрдық. Сонымен бірге түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жақында ғана журналистика, биология және биотехнология, филология, әдебиеттенау және әлем тілдері, шығыстану, химия және химиялық технология, философия және саясаттану, физика-техникалық, механика-математика факультеттерінде құрылыс жасақтарының ұйымдастыруымен ораза ұстаған студенттерге ауызашар берілді.

- Маусымдық еңбек қалай қортындыланды?

- «Сұңқар» студенттер кәсіподағы бүгінге дейін, яғни 25 тамызға дейін маусымдық еңбек етті. Олардың қорытынды мерекелік салтанатты кеші 22 тамызда өтті. Студенттер кәсіподағы құрылыс жасағында үздік жұмыс жасаған 30 жасаққа Ыстық көлдегі «Бостері» сауықтыру лагеріне демалу үшін жолдама ұсынды. Жасақтар арасынан 1,2,3 орын иегерлері анықталды. Сондай-ақ бір «Ең үздік командир» және үш «Ең үздік жауынгер» марапатталды. Жеңімпаздар ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолынан диплом иеленді. СҚЖ-да белсенділік танытқан басқа да жасақтарға Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Ерболқызы арнайы дипломдар табыс етті.

- Тағы бір маусымды артқа қалдырған СҚЖ қандай ұсыныс-тілегіңіз бар?

- Еңбек маусымында қазұулық студенттер өздерін сегіз қырлы, бір сырлы жастар ретінде танытып жүр. Өте жауапты. Тазалық үшін, қаланың көркеюі үшін, студенттік кампустың жасаруы үшін аянбай тер төкті. Елбасымыз айтқан «Қазақстанның болашығы жастардың қолында» деген сөзі бүгінгі таңдағы жастарға, соның ішінде студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасаған әрбір студентке арналғандай. СҚЖ жастары толағай табысты жұмыс атқара алды деп кәміл сеніммен айта аламын. Студенттерге осындай жағдай жасап, қолдау көрсетіп отырған университетімізге, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлына зор алғысымызды айтамыз.

- Әңгімеңізге рахмет.