«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

25.08.2011

Просмотров: 2036

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ұлттық зерттеу университетіне көшуге дайындық үстінде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорат мәжілісінде кафедра меңгерушісі лауазымына тағайындау байқауының нәтижесі жарияланды.

Байқаудың өтетіндігі туралы университеттің «Қазақ университеті» газетінде және «Казахстанская правда» басылымында жарияланған болатын. Байқауға қатысуға өтініш білдіргендердің арасында барлық қойылған талаптарға сай келген 120-дан астам үміткер қатысқан. Нәтижесінде бұрынғы 99 кафедраның орнына ірілендірілген 63 кафедра жасақталды. Орташа жас мөлшері 51 жасқа сай келеді екен.

Ректорат мәжілісінде байқау нәтижесі жарияланып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры мен кафедра меңгерушілері жұмыс келісімшартына қол қойған.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жаңа оқу жылында жаңа қызметке тағайындалған кафедра меңгерушілерін құттықтап, қызметінен босатылған бұрынғы кафедра меңгерушілерінің табысты атқарған еңбектеріне алғыс білдіріп «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

- ҚазҰУ-дың Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында кафедралар іріленіп, нәтижесінде мамандардың әлеуеті арттырдық. Кафедралардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өз кезегінде университеттің бәсекеге төтеп беруін нығайтады. Сол арқылы біз білім ордасын әлемдік биік сатыға көтеруіміз керек. Ол үшін шығармашылық пен жаңашылдыққа бай, мәдени орта қалыптастыруымыз керек. Бүгінгі тағайындалған кафедра меңгерушілерімен осы ортаны қалыптастырамыз деген сенім зор. Ғылыми кластерлер негізінде кафедралар іріленіп, факультеттердің атауы өзгеріп, оқу ордасы жаңарып, жаңғырып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа оқу жылыда ұлттық зерттеу университетінің үлгісіне жақындады деп айтуға болады», - дейді Ғалымқайыр Мұтанұлы.

- Байқаудың ашық, жариялы түрде өтті. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен қатар еліміздің өзге де жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Іріктеп, таңдау күрделі өтті. Нағыз мықты деген ғалымдар бақ сынасты. Бұл байқауды университет жолындағы үлкен бір тарихи белес деп айтуға болады. Мұндай реформалар жай өзгеріс үшін емес, университет беделін асқақтатып, еліміздің білімі мен ғылымын дамыту үшін жасалынып жатқан үлкен ғылыми күш болады», - дейді профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Кезегімен сөз алған Ректорат мәжілісінің мүшелері университет саннан сапаға көшкенін айтса, университет тарихында бірінші рет кафедра меңгерушісі ретінде келісім-шартқа қол қойған мамандар бұл құжат кафедра меңгерушісінің құқықтық, саяси-моральдік мәртебесін көтеретіндігін айтады.

Қайрат Жүсіпов,

ҚазҰУ-дың аппарат жетекшісі