"Заң" республиканская ежедневная газета

09.06.2011

Просмотров: 2493

Жастар тәрбиесіне жан-жақты көңіл бөлген елдің болашағы қай кезде де жарқын болары анық. «Нұр-Отан» партиясының XIII съезінде Елбасы: «Болашақ қазақстандықты тәрбие­леу – мемлекеттің жастар саясатындағы басты мақсаты», – деп көр­сетті.
Жақында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сара­йында Білім және ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп өткізген «Қазіргі заман жас­тарына рухани-адамгерші­лік және патриоттық тәрбие беру: тәжірибе, мазмұн, даму болашағы» атты респуб­ликалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция жұмысы да нәтижелі болды. Интеллектуал­ды ұлт қалыптастыруда адами қасиеттер құндылығын жаңғыртуды басты назарға алған жиынға қатысушылар жаһандану кезеңінде тәрбиеге баса назар аудару керектігін айтып жатты. Осы басқосуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов: «Бүгінгі заман жастарын тәрбиелеу – болашаққа бағытталған үр­діс. Рухани тәрбиемен нұр­ланбаған жас өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуіне үлес қоса алмайды», – деді.
Ғұлама ұстаз атанған әл-Фарабидің пікірінше, адам парасатты күйінде тумайды, оның бойында парасат­ты­лық­қа бейімділіктің ныша­ны ғана болып, олардың тағ­­дыры алған тәрбиесі мен әлеу­­меттік ортасына байланысты болады. Сондықтан, әрбір жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуы үшін ең алды­мен ақыл-ой, адамгершілік, ізгілік және еңбек тәрбиесін беру керек.
Тәрбие теориясын жасау барысында әл-Фараби: «Тәрбиенің теориясы ғылым­ға негізделуі шарт» дей­ді. «Тәр­биені неден бастау керек?», «Философияны үйрету үшін алдын ала не білу керек?», т.б. еңбектерінде оқу-білім, ғылым, тәрбие алу тікелей тәрбие әдістеріне де байланысты екендігіне ғылыми тұрғыдан келеді. «Ғылымдардың шығуы», т.б. еңбектерінде ғылымдарды меңгеруде тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тағылымын өнеге, тәлім етіп көрсетеді Әл-Фараби тәлім-тәрбие берушіні өте жоғары бағалап, «мәңгі нұрдың қыз­метшісі» деп атаған.
Қоғамның рухани-әлеу­меттік жаңғыруына бірден-бір негіз бола білетін күш – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тәр­бие тұжырымдамасын да жаңа сипатқа ие. Университетімізде қалыптасқан кураторлық-эдвайзерлік жұмыс тәрбие жұмыстарының басым ба­ғы­ты – студенттің тұлға болып да­м­уына бағытталған. Студент­терге оқуға ұсынатын әлем­дік деңгейдегі 100-ден аса шығармалардың тізімі жасалып, оқытушы-профессорлар құрамы, «Ақсақалдар кеңесі» өздері үлгі болып, кітап оқуға құмарлығын арттыруды іске асыруда. Бастама студенттер тарапынан қолдау тауып, «Мен кітапты сүйемін» акциясын ұйымдастырды. «Жаңа формациядағы қазақ­стандықтарды тәрбиелеу және Қазақстанды әлемдегі ең бір әлеуетті, бәсекеге қабілетті адами капиталға ие елге айналдыруды» көздеп отырған «Интеллектуалды ұлт -2020» ұлт­тық жобасының мәні зор. Жақында «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің корпоративті мәдениет кодексі», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі», оқытушы және студент туралы ережеде қабылданды. Студент жастармен жұмыс жасаудың тиімді бір тетігі – клубтық жұмыстар да жандандырылды. Мысалы, сондай бір студенттік клуб – «Болон үдерісі бойынша сту­дент­тік бюро» бастамасы­мен «шпаргалкаға» қарсы «Анти шпора» және «Таза сессия» акцияларының өтуі, сапалы білім – болашаққа айқын жол екендігін жастарымыз қаншалықты шынайы бағалайтындығын көрсетті.
Еліміздің ең басты құнды­лығы – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына қатыс­ты «20 жылдыққа – 20 инно­­вациялық жоба» бағ­дар­­ла­масы бойынша дайын­далған жобалардың барлығы жас­тары­мыздың сапалы біліммен қатар ғылымды дамыту жолында кәсіби білікті маман болып қалыптасып, өркениетті елдер қатарында өзіндік орны бар туған елі үшін мақтанышпен қызмет ететін елжанды, рухы мықты азаматтарды қалып­тастыруға бағытталған. Жуырда ғана «Жез қоңырау» атты студенттік альманахтың екінші кітабының тұсауы кесілді. Ақын Иран-Ғайып «Қара өлеңде қасиет барын ұққан­дар» деп баға берген поэзия жанрындағы жастар туындыларымен қатар, көсемсөз, проза жанрындағы шығармалары да топтастырылған.
Жастар – болашақ кепілі. Жарқын болашағына сенімді өнегелі тәрбиесі бар сауатты ұрпақ, өзімен бірге ұлтын, елін бақытқа жеткізетіндігіне сеніміміз мол.

Гүлнәр СӘРСЕНБЕКОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту
департаментінің
директоры