"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

13.04.2011

Просмотров: 2347

Ұлттық университет Наурызды тойлады

Елімізде Ұлыстың ұлы күні – Наурызды тойлау жалғасып жатыр. Жуырда Алматы халқы мен қала қонақтары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ауласына жиылды. Көшбасшы оқу орнының мұрындық болуымен Әз-Наурыз тойы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында тойланды.

Бұл тойға елімізге сыйлы жақсылар мен жайсаңдар көп келді. Ашық аспан астындағы кең сахна қызылды-жа­сылды түске боялып, көпшілік көрерменге көктемнің өзіндей нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық университет ұжымы бұл тойда өнерлі ұл-қыздарға кенде еместігін байқатты. Наурыз-айтысты орындаған ақын жігіттер, әсем күймемен «Гәкку» айтып келген университет арулары, сәйгүліктің құлағында ойнаған шабандоздар, әншілер мен бишілер тойдың ажарын ашты. Жоғары білім қара шаңырағында құрылған «Фа­раби сазы» ұлт-аспаптар оркестрі орындаған күйлер кім-кімді де елітпей қоймады. Ұлыстың ұлы кү­нін тойлауға барлығы 3000-нан астам студент қатысты. Төрт қанатты киіз үйлер тігіліп, тойдың басты дә­мі – наурызкөже таратылды. Үлкен-кіші, кәрі-жас қо­сы­лып сту­денттер дайындаған концерттік бағдарламаны та­ма­шаласа, қазақтың ұлттық киімін киген жастар ал­ты­бақан теуіп, ән айтты. Университеттің талантты жастары бар өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін еске түсірді. Мерекелік шара аясында университетте «Наурыз – жаңару идеясы» атты тазалық жұмыстарының қорытындысы жарияланып, «Ең таза аймақ» байқауы бойынша жүлделі бірінші орынды философия және саясаттану факультеті мен биология факультеті жеңіп алды.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

– Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелетін, жақ­сылыққа жол бастайтын табиғи құбылыс. Бей­бітшіліктің, бірлік пен тірліктің мейрамы. Жақында ғана бір ауыздан ҚР Президентін сайладық. Бұл жа­ңа бастаманың кезеңі деп ойлаймын. Болашағымыз жар­қын болатындығына сеніміміз мол. Елбасы өр­кендеудің, жаңғырудың нышандарын алға тартып отыр. Ұлттық зерттеу орталығы ретінде ҚазҰУ өз ке­зегінде осы талаптарды орындауға атсалысып ке­ле­ді.

Автор: Болатбек Мұхтаров