Өнер тарланы Асанәлі Әшімов мехматқа келді

13.04.2011

Просмотров: 1929

Сәуірдің 12-жұлдызында механика-математика факультеті ұжымының ұйымдастыымен факультетке қазақ өнері тарландарының көш басшысы, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов келіп, студенттермен кездесу өткізді. Кездесу «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 2-курс оқу озаты Имранова Милананың Әшімов өмірінің қызықты да қиын кезеңдерін презентациялық суреттермен безендіріп айтқан қысқаша әңгімесімен басталды. Ол қонағы­мыздың студенттік кезеңдеріне тоқтала келе Асанәлінің жас кезінде тіл шеберлігін арттыру мақсатымен КазМУ-дың филология факультетінде сырттан оқығанын әңгімелеп берді. Бұл мысалдан еліміздің мықты тұлғала­рының көбісінің біздің университетпен байланысы бар екені білініп тұрды.

Екінші болып сөз алған 3-курс студенті Панова Ләззат Асекеңнің шығар­машылық еңбектеріне қысқаша талдау жасап, өнер жұлдызының кез-келген рөлді адамгершілік қасиетпен, өршіл мінезбен көрсете білетін шеберлігінің астарын, қайдан шыққанын, қалай дамығанын нақты мысалдармен сипаттап, өз сөздерін қонағымыздың әр кезеңде ойнаған бейнелерін слайдтармен тол­ықтыра отырып, көркем тілмен қызықты әрі тиянақты түрде айтып берді.

Келесі болып сөз кезегін жалғастырған екінші курс тобының старостасы Селеубаев Ерік осы кездесуге дайындалу барысында өзінің Тараз қаласын­дағы Асанәлі Әшімовтың 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұра­жайына арнайы барып, одан алған әсерін, көрген жәдігерлерін фотосурет арқылы айқындап, көркем тілмен қызықты етіп, өзінің де сол мұражайда тұрған кездерін бейнесуреттер арқылы көрсетіп, Асекеңнің Бекежан рөлін ойнағанда киген киімдерін, дулығасын, мұражайдағы жұмыс бөлмесіндегі әрбір затты көзімен көргендегі алған әсерлерін мақтаныш сезімменен қонағымыздың мерейін үстем ете отырып, қызықты түрде әңгімелеп берді.

Мұнан соң Асанәлі ағамыз студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Жастар атақты режиссер Шәкен Аймановтың қандай тұлға болғанын сұрап, кешегі қазақ театрының майталмандары жайлы көптеген сауалдар қойды. Оның ішінде қазіргі қазақ киносы, театры, жас артистері, астанадағы өнер саласының дамуы жайлы Асекеңнің айтқан пікірлеріне жастар көңіл қойып, зор ықыласпен тыңдап, жиі-жиі қол шапалақтап, қошемет көрсетіп отырды. Әрине, жастар Асанәлінің жас шағында махаббаттық сезімге қалай қарағаны жайлы сұрақтарды қоюды да ұмытқан жоқ.

Кездесу одан ары Асанәлі шығармашылығына арналған викторинаға ұласты. Оның өмір кезеңдері, творчествосы жайлы сұрақтар беріліп, оларға дұрыс, әрі дәл жауап бергендерге Асанәлінің жазған кітаптары, естеліктері сыйға ұсынылды. Одан ары қонағымызға арнап студенттер дайындаған шағын концерт берілді.

Ақпараттық жүйелер мамандығының 1 –курс студенті Баязит Сұлтан. Асанәлі ағасына арнап шығарған, жүрекжарды лебізін әсем шумақтармен көмкерген өлеңін оқып, оны қонағымызға сыйға тартты. Кездесуді СабыроваТаңшолпан және Амитов Бекжан сияқты екі студент қоңыр дауыспен, өз сөздерін Асекеңе арналған ақындар жырларымен толықтыра отырып, кәдімгі теледидардан өзіміз көріп жүрген өнер жұлдыздары тәрізді тартымды, әрі қызықты етіп жүргізгені мехмат студенттерінің тек математиканы ғана емес, сөз өнерін де қастерлей білетінін көрсетті деуге болады.

Кездесуге университетіміздің тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Джаманбалаева Ш.Е., департамент директоры Сарсенбекова Г.А., кафедра меңгерушілері, ұстаздар да қатысты. Сөз соңында деканның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Дәулетова Сәуле келген қонақтарға алғысын айтып, өнер көрсеткен студенттердің табысты болуына тілек білдіріп, осындай кездесулерді болашақта да жоғары деңгейде өткізуге ат салысу керек екендігіне баса назар аударды. Студенттер қауымы Асанәлі Әшімовпен бірге суреттерге түсіп, жарыса қолтаңба алып, зор ілтипатпен шығарып салды. Өз кезегінде құрметті қонағымыз жастардың өнер саласынан да біраз хабардар екеніне ризашылық білдіріп, 20-жылдығын атап өткелі отырған азат еліміздің болашағының зор екеніне сенім білдіріп, жастардың оқуда да, өнерде де алдыңғы сапта жүруіне тілектес екендігін айтты.

Суреттерде жастардың А.Әшімовпен кездесу сәттері бейнеленген.

Ақпараттық жүйелер кафедрасының доценті Б.Бөрібаев

Тәлімі мол кездесу..doc