“Егемен Қазақстан” Жалпыұлттық республикалық газет

01.04.2011

Просмотров: 1749

1-сәуір, жұма, 2011 жыл

160 грант, 37 студентке – 25 пайыз жеңілдік

ҚазҰУ қазақстандықтарды президенттік сайлауға белсенді қатысуға шақырды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Жолдауы аясындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік жаңаруы” тақырыбында оқытушылар мен студент жастардың активі өтті.

Жиынға университет студенттері, оқытушы-профессорлар құрамы, куратор-эдвайзерлер мен Жастар ұйымдары және ҚазҰУ кәсіподағы, ақсақалдар алқасы қатысты.

ҚазҰУ ұстанып отырған басты бағыт – Елбасы жолдауында айтылғандай, - екі үздік университет әлемдік деңгейдегі жоғарғы оқу орнындары қатарына кіру, бес пайызы инновациялық қызмет пен ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу. Осы орайда, активте ҚазҰУ-дың Корпоративтік мәдениет кодексі, ҚазҰУ Студентінің ар-намыс кодексі сияқты құжаттар қабылданды. “Мұндай Кодекстің қабылдануы жоғары оқу орындарында Жолдау жүктеген әлеуметтік жаңғыру бастамасын жүзеге асырып, корпоративті идеология мен корпоративті мәдениетті дамытуға негіз болады”, - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Сонымен қатар ректор бұл құжаттар өз кезегінде ҚазҰУ-дың жаңа ұстанымы – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу жолында биікке жетелейтіндігін, әлеуметтік жаңару идеологиясында адам капиталын дамытудың басты құндылығы екендігін айтты.

Одан кейін Ғалымқайыр Мұтанұлы Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттарын тағайындау туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша мемлекеттік білім беру гранты байқауынан өткен 160 студентке және университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен ақылы негізде үздік оқып жүрген 37 студенттің оқу төлемақысына 25% жеңілдік беретін сертификаттар табыс етті.

Активте отандық білім беру шаңырағының көшбасшы университетіндегі оқытушы-профессорлар құрамы еліміздегі жоғары оқу орындарына арнайы үндеу қабылдады. Жолдау жүктеген қазақстандық ЖОО әлемдік университеттер рейтингісіне ену талабына сай болу үдесін қолға алған ҚазҰУ ұжымы қазақстандықтарды 3 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына белсенді қатысып, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруына сүбелі үлес қосуға шақырды.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА,

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі