"КазИнформ" Национальное информационное агентство

02.03.2011

Просмотров: 1983

ҚазҰУ-де әйелдер ұйымын тұңғыш құрған профессор Мая Бағысбаева атындағы аудитория ашылды

АЛМАТЫ. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Академик Өмірбек Жолдасбеков симпозиумы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде филология ғылымдарының докторы, білім ордасында әйелдер ұйымын тұңғыш құрған профессор Мая Мұхаммедәлиқызы Бағысбаева атындағы аудиторияның салтанатты ашылуы болды.

Замандасының қайраткерлігін ұлықтай келген КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова және игі шараның орын алуына ұйытқы болып отырған ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов профессор атындағы аудиторияның тұсауын кесті.

Бибігүл Төлегенова Мая Бағысбаева университетте қызмет еткен жылдары онымен жиі араласып тұрғандығын, өзара бас қосып, сол кезде, әсіресе болашақ ана - қыз бала тәрбиесі туралы кеңінен кеңескендерін айта келе: "Мая - өте ұлағатты адам. Оның аналық қасиеті қандай биік еді. Сол қасиеті оның отбасын да үлгілі етті. Ол - академик Өмірбек Жолдасбековтің жары. Екеуі де ұлағатты жандар. Бүгінде ұрпақтары олардың ізін жалғап отыр", - деді.

Алаштың "бұлбұлынан" кейін Мая Мұхаммедәлиқызының қайраткерлігі, ұстаздығы, еңбек жолы турасында айтылған естеліктер легі жалғаса берді. Кейінгі ұрпаққа өлшеусіз асыл мұра қалдырған ұстаз жайлы ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы: "Ұлағатты істі ұлықтауда естеліктер түрлі болады. Ол кітап болуы мүмкін немесе мемориал, ескерткіш тақта болауы мүмкін. Ендеше біз бүгін ғылыми, тәрбиелік маңызы бар естелікке куә болып отырмыз. Профессор Мая осы шаңырақта өз шәкірттерін қанаттандырып, келбетін қалыптастырып кетті. Бұл аудиторияда ол зертханалық жұмыстармен айналысып, ғылыми мектеп орнатты. Ендеше мұндай аудиторияның ашылуы үлкен тәрбиелік мәнге ие. Мая еңбектерін әдебиетпен байланыстыратын болсақ, академик Өмірбек Арысланұлының тұлғасы да осы аудиториямен байланысы бар", - деп атап өтті.

Өмірден өтсе де, өшпес мұра қалдырған ғалым еңбегінің бұлайша ұлықталуы ұстаз еңбегінің мәңгілік екендігін айқындады.

Салтанатты шараға сонымен қатар ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов және филология факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, факультеттің ғалымдары қатысты.