«Экономика» республикалык апталык газет

23.02.2011

Просмотров: 2736

17-23 акпан 2011 жыл


Кемелді ғалымның биік мәртебесі

Жасампаз жастықтың кемелді арман кезеңі мамандықты игеру сәтіндегі білім мен махаббаттың бақшасында тербелген, нағыз азаматтықтың қалыптасатын шағы – студенттік өмір болып табылады.

Менің студенттік бал шағым, қазіргі ғылыми өмірімнің бастауы Республикамыздың көпсалалы университеттерінің рейтенгісі бойынша бірінші орынға ие, Қазақстанның классикалық университетінің ерекше мәртебесі болып табылатын, Жоғары кәсіби білімнің инновациялық дамуының ұлттық лидері, ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығынының иегері, әлемнің 418 танымал университеттерімен тиімді халықаралық байланыс орнатқан, 2003 жылы Қазақстан және Орталық Азия елдерінің тұңғыш Болония қаласындағы университеттердің ұлы хартиясына қол қойған – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқандығын мақтан тұтамын. Себебі, білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, тәрбие мен инновацияның іргелі ордасы, міне 75-жыл еңбек сүйгіш, мақсаткер және озық ойлы, ұстанымы жігерлі, еліне таңдаулы азаматтар тәрбиелеумен ерекше. Жалпы университеттің профессорлы-оқытушылық құрамы 2000 адамнан астам. Оның ішінде 300 ғылым докторы және профессорлар, 800-ден астам ғылым кандидаттары мен доценттер, халықаралық ғылым академиясының 6 академигі, ұлттық ғылым академиясының 27 ғылым академигі, 21 еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, ғаламат ғылыми ашылымдар авторлары, теңдессіз жаңа технологиялардың өндірушілер – 30-дан астам мемлекеттік және атаулы сыйақысының лауреаттары және 40 жас ғалымдар сыйлығының иегерлері, мемлекеттік ғылыми степендияның 15 иегері қызмет етеді. Бұл университетте студенттің мүддесі басты орында, сондықтан студентке берілетін білім де, ғылым және мәдениетте көрсетілетін кешенді қолдау да сапалы стратегиялық басымдық болып табылады.

Өмірімнің, студенттігімнің бақытты бал шағындағы жетістіктерім мәртебелі университетіммен тікелей байланысты екендігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Туған университетімнің менің өмірімдегі орны туралы сыр шертерде жүз мыңнан аса білгір де білімпаз ел патриоттарын тәрбиелеп келе жатқан қасиетті орданың рухани бастау көзі, қайраткерліктің қозғаушы қуаты – оның ұстаздарының ықыласты еңбегі туралы айтып өтпеу мүмкін емес. Университет қабырғасында білім алып, өзімді азаматтық мәдениет, саяси белсенділігі жоғары озық ойлы студенттер қатарына біріктірген, кейін студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының қызметінде болуыма Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов, Ғарифолла Есім, Жақан Жамболұлы Молдабеков, Тұрсын Хафизұлы Ғабитов секілді ғалымдардың үлесі ұшаң-теңіз.

Кез-келген адамның санасында қарыздар немесе борыштар ұғымы қасиетті. Себебі ол түсінік Отан, Ана, Ұстаз есімдерімен тығыз байланысты. Университеттің 75-жылдық тарихында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының кешегі жетекшісі, осы университетте ашылған ғылымның жаңа саласы «Мәдени антропологияның» бүгінгі Ph.D докторанты ретінде студент факторының басымдыққа ие айқындаушы саясаттың куәсі ғана емес, сонымен қатар жастар саясаты дамуының жаңа белестерін жүзеге асырушы белсенді жасампаз ретінде азаматтық ұстанымымды дамытқан еңбегі ерек ұстазым Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов туралы үзік сыр шерту мақсатында қолыма қалам алып отырмын.

Ол – танымал ғалым, тарихшы, дүниежүзілік тарих саласының білгір маманы, Қазақстан медиавистикасының мэтрі, «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақстан республикасының әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі (2000), Қазақстан Республикасының гуманитарлық академиясының академигі, Гетинген университетінің құрметті профессоры, (Германия, 1999), Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздік қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ, орыс, неміс тілдерінде жазылған 220 ғылыми зерттеу еңбектерінің авторы, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметіндегі белсенділігі үшін «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін төс белгісімен», ғылыми жетістіктері үшін халықаралық ғылыми гранттармен бірнеше рет марапатталған. Ол Қазақстандағы жалғыз ғана халықаралық DAAD грантын бес мәрте иеленген ғалым. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының білім саласының үздік қызметкері», 2006 жылғы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық грантының жеңімпазы болып табылады.

Шет тілін жетік меңгерген тұңғыш қазақ медиависті саналы өмірінің 43 жылын тек қана ҚазҰУ-ға арнаған. Осы университетке студент-ассистент-аға оқытушы-доцент-декан орынбасары-тарих факультетінің деканы (2 рет сайланған), профессор, ежелгі әлем және орта ғасыр тарихы кафедрасының негізін қалаушы, дүние жүзілік тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерінде ол білімді жастарды қолдап, дұрыс бағытқа жол сілтеді.

Орта мектепті аяқтағаннан соң Қалқаман Тұрсынұлы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетінде жаңадан ашылған шет тіліне маманданған тарихшы мамандығына түседі. 1968 жылы тарих факультеті жалғыз өзін үздік студент ретінде тілдік тәжірибені дамытуға Берлин қаласының Гумбольдт университетіне студенттік іс-тәжиребеден өтуге жібереді. Іс-тәжірибе барысында ол латын тіліне деген қызығушылығын арттырады және дүниежүзі тарихы мен неміс тілі саласындағы білімін байыта түседі. Ғалымның қоғамдық белсенділігі студенттік шағындағы «medium aevum» жас тарихшылар үйірмесінің старостасы болуынан басталады. 1969 жылы университет студенттік ғылыми ұйымының Кеңесі Қалқаман Жұмағұловты «Жерге феодалдық меншіктің болмысы» атты баяндамасымен Орта Азия және Қазақстан республикаларының ғылыми-студенттік конференциясына қатысуға ұсынады, конференция нәтижесінде университет үмітін ақтап, ол Фрунзе қаласынан І дәрежелі дипломмен оралады. Осы жетістік жас ғалымға үлкен шығармашылық серпін береді. Ол кез талантты, еңбекқор дарынды тарихшылардың әбден ширап, қызып тұрған кезі болатын. Тұтас сен тұр, мен атайын дейтіғұн болашағынан үлкен үміт күттіретін жас тарихшылардың бәсекелестігі ішінен тізгінді жүйріктердің бірі болып көзге түсу аса қиын болатын. Бұл сыннан сүрінбей өткен Қалқаман Жұмағұлов қазіргі таңда Қазақстандағы дүниежүзілік тарих мектебін құрып, өз кезегінде дүниежүзі тарихы саласының ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын дайындауда елеулі еңбек етуде. Оның жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты және көптеген магистрлік диссертициялар қорғалды. Сонымен қатар тарих факультетінің «ҚазҰУ хабаршысы» және «Materialia Turcica» Геттинген университетінің ғылыми басылымдары редакциялық алқасының мүшесі, дүниежүзі тарихы мамандығының мемлекеттік міндетті білім стандартының авторларының бірі.

Мемлекетіміздің халықаралық білім интеграциясында өз орнын орнықты иеленуде бар күш-жігерін, білімі мен парасатын арнап жүрген академик Қ.Жұмағұлов тұңғыш мәрте Қазақстанда дүниежүзілік тарих мамандығында Ph.D докторантурасын ашылуына зор үлес қосты, сонымен қатар жыл сайын Германия мен Италияның бірқатар университеттерінде: Франкфурт, Геттинген, Вильгельмсхафан қаласындағы Солтүстік теңіз жағалауы тарихын зерттеудегі Төменгісаксон ғылыми-зерттеу интитутында, Билефельд, Ла Сапиенза, Тюбинген университеттерінде неміс тілінде «Қазақстан, Орталық Азия, Европа және Евразия тарихының концептуалды мәселелеріне» арналған дәріс-баяндамалар оқиды. Ғалым өз кезегінде Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Ғұндар тарихынан» дәрістер оқып, мастер-класс сабақтарын да өткізген. Оның дәрістері тарих тақырыптарындағы ең өзекті, ең сүбелі мәселелерді қозғауымен студенттерді бірден баурайтын, ал аудиторияға ширақ қарымдылығымен кіріп, көтеріңкі дауыспен дәріс оқып тұра әр студенттің жан-дүниесіне мұқият үңілетіндігі мені тосыннан таңырқататын. Несін жасырамын, осы кез менің азаматтық түсінігімнің байып, дүние-танымымның кеңейіп, қоғамдық белсенділігімнің амбициялы қалыптаса бастауы еді.

Студенттігімнің осы балғын кезеңі 2000 жылы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде басталды. Тарих факультетін таңдауымның басты себебі мектептен тарих пәнінен олимпиадалардың, республикалық жоба жарыстарының жүлдегері атануым еді.

Алғашқыда тарихшы студенттер оқырман залын көрші филология факультетімен бөлісіп отыратын. Екінші курста факультет деканы болып Қалқаман Жұмағұлов сайланды. Ол өзімен бірге факультетке қарқынды даму, жаңа леп алып келді. Келе салысымен факультет студенттерімен кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен танысты. Бір топ студент оқырман залы ашылса деген ұсыныс білдірген болатынбыз. Көп ұзамай тарих факультетінде деректік базасы қамтылған, жаңа заманғы тарихи кітаптармен толыққан жеке оқырман залы ашылды. Бұл іс кеше ғана филология факультетінің оқырман залы алданда кезек күтіп, таласып-тармасып сабаққа дайындалып жүрген студенттердің білімге деген ынтызарлығы мен ықыласын одан әрі күшейтті. Оның бастауында Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың тұрғандығына ешкім талас тудырмас. Міне осыдан бастап, Ғалымның өзімнің ғылымға бетбұрыс жасау жолында ұстаздық қамқорлығын сезініп келемін. Саналыға нұр құятын ғұламаның кең пейілі, жомарт көңілі, мәрт мінезі алыс ауылдан арман арқалаған мені айқын мақсаттарға жетеледі. Дипломдық жұмысымның ғылыми жетекшісі ретінде үш жыл көлемінде бірнеше ғылыми мақалаларымды ғылыми журналдарға жариялатты. Бакалавр студентіне ғылыми мақала жазу қаншалықты қиын екендігі баршаға мәлім болуы мүмкін. Себебі, магистранттар қиналатын ізденіс жұмысымен мен бакалавриат қабырғасында таныстым. Ағылшынның мемлекеттік қайраткері, бір кездері Ұлыбританияның премьер-министрі, жазушы Бенджамин Дизраэли: «Адамға жақсылық жасау – оған жеке байлығыңмен бөлісу емес, сол адамның өзі баюына ықпал ету» деген екен. Осы орайда, ғылыми тәжірибелік конференцияға қатыстыру, оның ішінде халықаралық дәрежеге шығару ғалымның басқа ғалымды тәрбиелеудегі көрегендігі болды. Тарих факультетін аяқтаған соң мемлекеттік жастар саясатына белсене араласуыма мүмкіндік туды. Бірақ бар бастама тарих факультетінде Қалқаман Тұрсынұлының қолдауынан басталды. «Азамат» жастар Парламентіне қатыстым, түрлі жарыстар, фестивальдарға үмітімді үкілеп, арманыма қанат бітірген азамат ретіндегі игі істері мәңгі жадымда. Тәуелсіздік бесігінде тербеліп өскен кешегі балғын жастың бүгінде елінің жарқын келешегіне аянбай еңбек етуіне ұшаң-теңіз жігер беріп, патриот ретінде тәрбиелеген ұстаздың алда да көптеген кәсіби білікті мамандарды батыл қадаммен дайындайтынына толық сенімдімін.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Темірхан Медетбек ағамыз: «Тарих деген ұғымның өзі екі мәнге ие, біріншісі – факт-тарих, екіншісі – рух-тарих. Факт-тарих – құрғақ деректер мен нақты құжаттар. Онда, жан мен қан, леп пен дем бола бермейді. Ал рух – сол факт-тарихтан тамыр ала тұра адам жанын жаңғыртып, жаңарта алар, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік рухын егіп, адам жанының түпкір-түпкірінде соқтығыстар тудыра алатын аса зор қуатқа ие» деген екен. Жастардың бойында осындай рух қуатын дарытып, кең арналы, болмысы бітік талай азаматтардың таным көкжиегін кеңейтіп жүрген ҚазҰУ ұстаздары –тұтас әлем. Университеттің ағысы кеңейіп, тарихы тереңдеген сайын ол әлемнен әлі талай ұрпақ сусындап, талай кәусәр бұлақтың көзі ашылары сөзсіз. Бүгінгі әңгімеме арқау болған Ғалым- ұстаздың ғұмыры сол әлемнің бір тарихи парағы іспетті.

Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Ph.D докторанты