"Дала мен Қала" газеті

21.02.2011

Просмотров: 4398

ҒҰМЫРДАРИЯ

Қазір біздің арамызда Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сақтаған Бәйішев секілді қазақ ғылымының іргетасын қалаушылардың көзін көріп, соңынан ергендер тым сирек. Ал 29 жасында кандидаттық, 40 жасында докторлық диссертация қорғап, 46 жасында Ғылым академиясының толық мүшелігіне қазақ ғылымының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың өзі қабылдап, батасын берген Салық Зиманов ағамыз сол сиректердің бірі және бірегейі. Академияға мүшелікке қабылдау кезінде Қанекең «Қазақ мемлекетінің қалыптасуына, оның басқа жұрттармен теңесуіне жас ғалымның еңбектері жол ашар … » деп үміттенген екен. Даналық деп осыны айт. Қаныш Сәтбаевтың сол кездегі жорамалы 1990 жылдың 25 қазанында ақиқатқа айналды. Сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Жоғарғы Кеңес Парламентіндегі комитеттердің бірінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Салық Зиманов ағамыз Қазақ КСР егемендігі туралы Декларацияны дайындау комиссиясын басқарып, осынау маңызды құжатты қабылдау кезінде Жоғарғы Кеңес отырысында баяндама жасады. Сөйтіп, бүгінгі Қазақстан Республикасының егемендігін заңдастырған алғашқы құжатты өмірге әкелгендер тобының басшысы болған Сәкең ағамыз кейіннен 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды және тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын жасау жөніндегі комиссияның мүшесі де болған екен.

Осы кезең жайлы қаһарман ағамыз Сағадат Нұрмағамбетов былай деп еске алады: «Қайта құру кезінде республи­каның бірінші басшысы қызметін атқарған Нұрсұлтан Назарбаев сол бір өтпелі кезең демократиясын, ұлт мүд­десін шешуге оңтайлы пайдалана білді. Сол арқылы республика Парла­ментінің Жоғарғы Кеңесіне білімді де ұлтжанды, беделді де шешен, аудиторияны аузына қаратып билеп алатын небір тамаша тұлғаларды Парламент депутаттығына сайлатып алды. Бұлар­дың қатарында академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, жазушы Қалтай Мұхаммеджанов секілді көрнекті тұл­ғалар болуы – түйін­ді мәселелерді шешу кезінде ерекше қызмет атқарды».

Салық ағамыздың Қазақстанды Кол­бин басқарып тұрған кездің өзінде «желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының ұлтшылдығын білдірмейді. Ол тек қана лениндік, коммунистік демократияның бұрмалануына бейбіт қарсылық қана» деп билеп тұрған Компартияның қау­лысына қарсы пікір айтқан санаулы тұлғалардың бірі болғанын көзбен көр­дік. Кейіннен Салық ағамыздың мемле­кеттік тіл туралы, Қазақстан Рес­публи­касындағы Президенттік институт туралы, егемендік туралы, егеменді Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігі туралы заңдар қабылдауда ұйытқы болғанын баршамыз білеміз. Бұл кезең туралы өзімнің академик досым, Заң ғылымының докторы Сұлтан Сартаев былай деп еске алады: «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Президенттік институт туралы» заң жобасын дайындап, оны Парламент қарауына ұсыну комис­сиясының төрағасы болдым. Заң қабыл­данатын сессияның алдында республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Түнде маған Мәскеуден Орталық Комитет хатшысы Разумовский бірнеше рет телефон соғып, Михаил Сергеевич Горбачевтің атынан бұл мәселені Парламент қарауына ұсынбауды тапсырды. Енді не істейміз?», – деді. Мен: «Егер біз бүгін бұл мәселені шешіп алмасақ, ертең Президенттік институтты заңдас­тырып үлгірген басқа одақтас республи­каларға обал жасаған болып шығамыз», – дедім. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ендеше бас қамшыны» деді. Сөйтіп, Парламент отырысының мінберіне көтерілдім. Баяндамаға қарсылар болатыны белгілі еді. Сондықтан олардың алдын орап, баяндамадан кейін іле-шала жарыссөзге Салық Зиманов ағамыз шықты. Қашан­да ойының ғылыми негізділігімен, аудиторияны аузына қарататын шешенді­гімен белгілі ағамыз таразының біз жақ басының салмақты болуына, сөйтіп, ерекше үлес қосты».

Ең бірінші әділдік, заңдылық және ұлт мүддесі үшін қасық қаны қалғанша күресуге сонау екінші дүниежүзілік соғыстың қан кешуін бастан өткере жүріп, дағдыланған Салық ағамыз әрқашан да Абай айтқандай «Арды ойлайтын» азаматтығымен ерекшеленеді. Оны бұл күндері біздер өз ортамызда «Абыз» аға атаймыз. Қазақ абыз атауын кез келген жасы үлкенге таңа салмайды. Аймағындағы қауымға сөзі әділдігімен өтімді және болашақты болжай білетін білімді де көреген, көкірегі ояу, көзі ашық қариялар ғана абыз атауына ие болған. Мінекей, біз ағамызды абыз атасақ, оның бойында осындай қасиет­тердің барлығын білгендіктен осылай деуге ниет еттік.

Өз басым Салық ағамызды өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері білемін. Ол кезде мен қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті атауына ие болған білім ордасында комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы қызметін атқаратынмын. Комсомолдың негізгі жұмысы – студенттер арасындағы тә­лім-тәрбие екені баршаға белгілі. Сондық­тан оқу ордасына танымал тұлғаларды жиі шақыратынбыз. 40 жасында доктор атағын алған Салық аға­мыз – сол азған­тай танымал тұлғалар­дың бірі еді. Ақ­құ­ба жүзді, ашаң да сұлу, әрі шешен, әрі білімді жас ғұлама жиналғандарды өзіне баурап алатын. Кейіннен, дәлірек айтсам, 1986 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институттың ректоры болып жүрген кезімде «Бөкей орда­сындағы шаруалар көтерілісі» деген тақырыпта ғылыми конференция өт­кізіп, Салық ағамызбен тағы да жолы­ғуға тура келді. Мұндайда баяндамашылар жазғандарын қайта-қайта оқып, сөйлеуге дайындалуға көп уақытын жібереді ғой, ал Сәкең олай істеген жоқ. Жайықтың жағалауын ұзақ араладық. Ағамыз көбінесе үнсіз жүрді. Бәлкім білгендерін, оқығандарын, содан түйгендерін көз алдына елестеткен шығар. Сөйтіп, келесі күні ешқандай қағазға қарамай баяндама жасады. Күмілжіген, мүдірген кезі болмады. Кәдімгі ақиқатты көзімен көріп тұрған теледидар репортерларындай бәрін нақты, қызғылықты, елітетіндей әңгіме деңгейінде жеткізді. Кейіннен Алматыға оралған соң, әсіресе егемендік жылдарында Салық ағамыздың талай жиындарда сөйлеген сөздерін тыңдадым. Былтыр да, биыл да ол кісінің мінберге шыққанын көрдім. Сондағы ерекше назар аударған тұсым ағамыздың сол баяғы қалпын сақтап қалғандығы. 90-ға келсе де еңкею жоқ, бойын тіп-тік ұстайды. Үстіндегі тал бойына жарасқан киімі мұнтаздай. Шашының қырқы­луына дейін баяғы қалпы. Ал сөйлеген сөздері бұрынғысынан да өтімді, ұтымды, нақты, және тартымды. Бәлкім, осы соңғы қасиеттері егемендік арқылы оны «ауыздығы алынған арғымақ» деңгейіне жеткізгендей. Іркілу, күміл­жу, жалтақтау жоқ. Арынынан асып, тасып жатқан тау өзені секілді мінберге шықса жөңкіле жөнеледі. Әрине, бұл – жиған-тергені көп, аса білімді сирек тұлғалардың ғана бойында болатын қасиет.

Бірде Салық ағамыз жиналған ініле­ріне мынадай әңгіме айтты: «Президен­тіміздің алғашқы қадамын Ордабасыда бүкіл қазақ құрылтайын өткізуден бас­тауы мені үлкен істерден үміттене­тіндей әсер етті. Сол жиында айтқанын­дай мен оның қазақты әлем жұрт­­­шы­­лығымен теңестіретініне сенемін». Бұл ағамыздың сол жиыннан қайтып оралып келгендегі әсерінен түйген түйіні екен. Абыз ағамыз бұл жолы да жаңылмапты. Нұрсұлтан Әбішұлы аса ауқымды және түбегейлі реформаларды қысқа мерзімде батыл­дықпен жүргізе отырып, егеменді Қазақстан Республикасын бас-аяғы 19 жыл ішінде бүкіл әлемге мойындатты. Бұл ЕҚЫҰ Астана саммитінде Астана Декларациясының қабылдануымен тарихқа жазылды. Бір еске салатын тұс ұлттық Көшбасшымыздың 70 жасқа толған мерейлі қуанышты сәтінде зиялы қауым атынан Салық ағамыз ел мерейін көтерген інісіне асқан ризашы­лықпен және зор тілектестікпен батасын берді. Мұны Қазақстан халқы түгел­дей дерлік теледидардан көріп тамашалады.

Осындайда кейбір көре алмастар­дың «өмірсіз өсек-аяңдары» амалсыздан еске түседі. Олар Нұрсұлтан Әбішұлы жасаған реформалардың нақты же­місіне баға берген қария ғалымдарға «жағымпаз» деген жағымсыз сөзді жабыстыра салуға үйір. Ал ақиқатында 70-тен асқан біздер түгіл, 90-ға келген Салық Зиманов секілді ағаларымызға бұлай дақ түсірем деу – нағыз білімсіздік болып шығар еді. Өйткені, біздер әрқа­шан да нақты деректермен сөйлей­міз. Кейбір кездері Президент ұсынған идея дұрыс болғанымен оның орындалу барысында кемшіліктердің орын алып тұрғанын да жасырмадық. Мәселен, осы Салық ағамыз Камал Ормантаев баста­ған ғалым-дәрігерлер аштық жарияла­ған кезде билікке қарсы сын айтқан топтың басында болды. Осының өзі-ақ абыз ағамыздың әрқашан да абыздыққа сай Абай айтқандай «Досыңа достық қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» деген ұстанымнан таймай келе жатқанын көрсетсе керек.

Бұдан 10 жыл бұрын маған абыз ағамыздың 80 жылдығы қарсаңында бір топ құрбы-құрдас, дос-жаран бас қоса қалып «осы Сәкеңнің руы қай ел болды екен?» деп қалдық. Сонда бұл сұрақтың жауабын біріміз де біл­мейтінімізді түсініп, қарқылдап біраз күлісіп алдық. Шынында да жақсыда ру, жүз, ата болмаса керек. Ол – ұлттың ортақ қазынасы. Сондықтан әрқашан да Сәкең көздейтін мүдде – ұлт, мемлекет мүддесі. Бұған келгенде абыз ағамыз қалың жауға жалғыз аттанатын һас батырдай айбарлы. Аянары жоқ, айтары көп. Білімді де, зиялы тұлға деп, міне осындайларды айтса керек. Сәкеңнің әрбір сөзі, әрбір баяндамасы, әрбір мақаласы қазақ мем­ле­кетінің нығаюын, ішкі тұрақты­лықтың сақта­луын, мүдделер мен құқық­тардың бұзылмауын мақсат тұ­тады. Сондықтан да ол тек қана жасам­паздық идеяларды таратушы және насихаттаушы қалпын сақтап келеді.

Сәкеңнің бойында өзін ерекшелеп тұратын жақсы қасиеттер толып жатыр. Солардың бірі – білімге деген тойымсыздық. Өзі заңгер бола тұрса да оның дос-жарандары, сыйласатын іні-қарындастары сан-саланың мамандары. Таң қаларлығы, сол солардың бәрінің де жаңа еңбектерін іле-шала оқып шығып, өз пікірін айтып отырады. Осыдан 3-4 жыл бұрын менің «Азия арыстандары мен жолбарыстары: қазақстандық барыс солардың соқпағымен өте ала ма?», «Азиядағы дағдарыс: себептер мен салдарлар» деген ғылыми-сараптамалық монографияларым жарық көрген еді. Әдет бойынша еңбегімнің алғашқы бір данасын абыз ағаға сыйға тарттым. Бұл жерде пікір білдірсін, мақтау сөз айтсын деген ой менде болған жоқ. Керісін­ше, экономиканың небір қиын термин­дері ойды көмескілеп тұратын еңбегімді оқи қоймас деп жүргенмін. Сөйтсем, бір күндері ағамыз сол кітаптың тұсау кесеріне шақырылғанда: «Бір ұжымның атқаратын ісін бір өзің атқарыпсың», «ірі ғалымның үлкен экономикалық ғылым саласындағы бірегей еңбегі шыққан екен», – деп осы ойын кітаптағы нақты деректермен лекітіп тұр. Сөйтсек, ағамыз еңбегімді ерінбей-жалықпай оқып шыққан екен. Бұл – оның адамзат үшін ғылым-білімнің керексізі жоқ деген ұстанымының бір көрінісі.

Жалпы алғанда абыз ағамыз кісілік дегенді кішілікпен көркейткен дара тұлға. Мәселен, Қаныш Сәтбаев қазақ­стандық жер қойнауын зерттеу ғы­лымының, Мұхтар Әуезов филология ғылымының, Әлкей Марғұлан тарих ғылымының бастауында тұрса, Салық ағамыз отандық заң ғылымын қалыптас­тырушы екені баршаға белгілі. Ол заң саласынан тұңғыш ғылым докторы, академик атанып, қазіргі әл-Фараби атын­дағы ұлттық университетте заң факуль­тетін ашқан, Ғылым академиясында философия және құқық институтын құрған тұңғыш ғалым. Бүгінгі егеменді Қазақстан Республикасының заң, құқық ғылымы төңірегіндегі барлық ғалымдар біздің Сәкеңнің шәкірттері немесе шәкірттерінің шәкірттері. Солай бола тұрса да, Сәкең ешқашан да лауазымым жоғары деп төменгі жақтан оқшаулан­бай, керісінше оларға қол қайырын, көмегін көрсетіп келген мейірімді жан екенін оны сезінгендер ұдайы айтып отырады. Сәкең Алматы мемлекеттік заң институтының директоры немесе Ұлт­тық университеттегі заң факультетінің деканы немесе Ғылым академиясы жанындағы философия және құқық институтының директоры бола жүріп, Мәскеу мен Ленинградқа оқуға жібе­рілген студенттерінің, аспиранттарының жағдайын, олардың жатақханамен қам­тамасыз етілуін ұдайы қадағалап жү­реді екен. «Қарамағымнан кеттің, енді өз күніңді өзің көр» деу Сәкеңнің бойында болмаған қасиет. Әрбір сапары кезінде Мәскеудегі немесе Ленин­градтағы студент немесе аспирант іні-қарындастарымен кездесіп, олардың жағдайын біліп, мұқтаж­дарына көмек көрсетіп, тиянақты білім алуларына кеңес беру ағаның әдетті жұмыстарының бірі болғанын талайдан естіп, біліп жүрміз. Тіпті, Сәкең ғылыми жетекшісі болған диссертация қорғаушылар ол кісінің «бұлақ көзін ашудағы» ерекше қасиеттерін жырдай етіп айтады. Ал бұл көптің қолынан келе бермейтін іс.

Заманымыздың заңғары, абыз қа­рия – Салық Зиманов жайлы осы уақытқа дейін талай пікірлер, ойлар, толғаулар жазылды. Әлі де бұл тұлға ту­ралы талай айтылар, жазылар. Сонда да ол кісінің заңғар тұлғасын сомдап шығу мүмкін емес деп ойлаймын. Телегей теңіздей білімді ағамыздың адами қасиеттерінің өзі жаныңды баурап алатын бір құдірет секілді. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері абыз ағамызбен жақсы қарым-қатынаста болғанымды жоғарыда айттым. Міне­кей, осынау 50 жылдың ішінде замана заңғарының бойындағы барлық жақсы қасиеттерді танып-білдім дей алмаймын. Әр көрген сайын абыз ағамыздың ерекше бір қырын байқағандай әсер аламын. Кәдімгі сұңғыла зергердің қолынан өткен алмас секілді ол тартымды қасиеттері жарқ-жұрқ етіп, сан түр­лі бояумен тұлғаға ынтықтыра тү­седі. Соның өзінде кісілігін кішілігімен көр­кейтіп тұрғандай көрінеді. Бір қараған адамға паң, тәкаппар, даңқты, сұсты тұлға көрінгенімен жақындай түссең өзіне магниттей тартып алатын бір ерекшелігі оның сол кішіпейілділігінде жатса керек. Білімдімін, даңқтымын деп асқақтамайды. Төмендегілерге еңкейіп, қол ұшын беруге даяр. Асқақтағандарға иілмейді. Ойындағысын әркімнің бетіне айтып, әрқашан да ақиқатты ту етуден бойын аулақ салмаған бір адам болса, ол – осы Салық ағамыз.

Осындай Сәкең тамаша сыйлы қалпымен 90-ға да жетіпті. Бірақ, жоғарыда айтып кеткенімдей, сұңғақ бойын тіп-тік ұстайтын паң ағамызды осыншама жасқа келді деп айта ал­майсың. Себебі, ол әлі де ізденіс үстін­де, қауырт жұмыста жүргенін өзінің әңгімесімен дәлелдеп шығады. Әрбір әң­гімесінен жаңалықтың лебі есіп тұрады. Мұндайда ғұмырың ұзақ, көр­генің қызық-қуаныш болсын, халқыңа адал қызмет еткен абыз аға дегім келеді.

Сағындық САТЫБАЛДИН,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор, ҰҒА академигі