"КазИнформ" Национальное информационное агентство

08.02.2011

Просмотров: 2244

ҚазҰУ-дағы жалпы және этникалық педагогика кафедрасының ашылғанына 70 жыл толды

АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті құрамындағы жалпы және этникалық педагогика кафедрасының 70 жылдық мерейтойына орай «Классикалық және зерттеу университеттеріндегі педагогика: қазіргі жaй-күйі, үрдістері мен даму болашағы» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған факультеттің деканы Ақтолқын Құлсариеваның айтуынша, шараның негізгі мақсаты - ағымдағы білім беру жағдайындағы педагогика ғылымының даму көкжиектерін анықтау әрі кәсіби шеберлікті меңгеру және қалыптасқан педагогикалық стратегияларды бағалау.

Алқалы жиынды А.Құлсариева өзінің құттықтау сөзімен ашып, 1940 жылы құрылған жалпы және этникалық педагогика кафедрасына әр жылдары Төлеген Тәжібаев сынды елімізге танымал, қазақ ғылымына өзіндік үлес қосқан адамдар басшылық еткендігін және олардың ерен еңбегі жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар кафедраның бірқатар оқытушыларын мақтау қағаздарымен марапаттап, аталған кафедраға факультет атынан ноутбукты сыйға тартты.

Сондай-ақ жиын барысында "Қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму жағдайындағы классикалық және зерттеу университеттерінің рөлдерін талқылау", "Жоғары оқу орындары арасындағы білім және педагогикалық инновациялар бойынша тәжірибе алмасу", "Классикалық және зерттеу университеттеріндегі педагогиканың қазіргі жағдайын бағалау" сынды тақырыптарда баяндамалар оқылып, кеңінен талқыланды.

Жиынға түрлі университет, академия, институт, педагогикалық ұжым өкілдері, білім беру саласы мен ғылыми-әдістемелік орталық мамандары, ғалымдар, магистранттар және студенттер қатысты.