"КазИнформ" Национальное Информационное агентство

07.02.2011

Просмотров: 2199

АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың 16 ақпанынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өткізетін «Әл-Фараби олимпиадасы» жылдық мега-жобасы басталады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның дарынды жастарын қолдау мақсатымен ҚР барлық аймақтарында пәндер бойынша олимпиадалар өткізеді.

20 ақпаннан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ең үздік профессорлық-оқытушылар құрамы дарынды жастарға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті болуға мүмкіндік беру үшін Қазақстанның барлық аймақтарына шығады.

«Әл-Фараби олимпиадасы» 2009 жылы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында басталды. Сол кезден бері 30 000-ға жуық оқушы олимпиадаға қатысып, 8700-ден астам жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚазҰУ студенттері атанып, үздік оқу үлгісін көрсеткен.

Осы жылы «Әл-Фараби олимпиадасында» қатысушылардың рекордтық саны тіркелген, ұйымдастыру комитеті 14000-нан астам тапсырыс қабылдаған, бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Ең үлкен қатысушылар саны физика, математика және биология пәндерінен тіркеліпті. Әрине, бұл физика-математикалық ғылымына деген сұраныстың өсуіне байланысты. Нанотехнология, IT және инновациялық экономика ғасырында математикалық білім талап етілгені барлығына белгілі.

ҚазҰУ олимпиадасының ұйымдастырушылары барлық білім басқармаларымен, олимпиада өтетін мектептермен ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған, Павлодар, Атырау, Ақтөбе облыстарының мектеп оқушыларын ерекше атау қажет. Осы облыстардан жыл сайын олимпиадаға қатысушылардың үлкен саны және болашақ жеңімпаздары шығады екен.

Наурыздың 12-сінде қорытындалатын «Әл-Фараби олимпиадасы» оқушылардың республикалық олимпиада тізіміне енгізіліп, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ҚазҰУ-де оқу үшін конкурстан тыс грант алу мүмкіндігін береді.