"Заң" республикалық күнделікті газет

27.01.2011

Просмотров: 2785

Несие дегеніміз – банк немесе не­сие­лік ұйымдардың қарыз алушылар­ға беретін ақшалай қаражаты. Ақша каражаты несиені заңсыз алу мен мақсатсыз пайдалану қылмысының заты саналады.

Қылмыстың тікелей объектісі – банк­тік немесе басқадай несие­лік ұйым­дардың несиелік қызметін рет­тей­тін қоғамдық қатынастар. Объек­тивтік жағынан қылмыс іс-әрекеттен, қылмыстың зардабынан және себепті байланыстан тұрады.
Заң іс-әрекеттің мынадай нысандарын белгілеген: 1) несие алу, 2) несиені жеңілдік шарттармен алу. Жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі несие мен оны жеңілдікпен алуда не­сиелеудің жеңілдік шарттарына арналған елеулі мәні бар мән-жайлар туралы көпе-көрінеу жал­ған мәліметтерді банкке немесе өзге де несие берушіге беріп, сол сияқты несиелеуді, демеуқаржы беру­ді тоқтатуға, жеңілдіктерді жою­­ға не бөлінген несие мен демеу­қар­жы мөлшерін шектеуге әкеп со­ға­тын мән-жайлардың пайда болуы тура­лы ақпаратты банкке, өз­ге не­сие берушіге хабарламау ар­қылы заңсыз жүзеге асырады. Яғни, бұл қылмыстың істелу тәсілі көпе-көрі­неу жал­ған мәліметтер енгі­зілген ресми құжаттарды пайдалану болып табылады. Мұндай құжат­тарға жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісінің қолы қойылып, белгіленген тәртіппен расталуы қажет. Зиян несие берушіге (банке немесе өзге де несие берушіге) келтірі­леді. Ірі зиянның түсінігі Қыл­мыстық кодекстің 189-бабының ес­кертуінде берілген.
Субъективтік жағынан қылмыс құ­рамы тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі – арнаулы субъект. Олар жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі.
Мемлекеттік мақсаттағы не мем­лекет кепілдігімен берілген несие­ні тікелей мақсатқа пайдаланбау, егер осы іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, ол қылмыс құрамының ауырла­татын белгісі саналады (194-баптың 2-тар­мағы). Мемлекеттік мақсаттағы несие дегеніміз – Ұлттық Банк арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалануға (тұрғын үй құрылысы, фермерлік шаруашылықты дамыту, өнеркәсіп объектілерін салу) берілетін ақша қаражаты. Мемлекет кепілдігімен берілген несиеге несие алушыға процентсіз банк жүйелері арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін ақша қаражатын белгілі бір мерзімге беру жатады.
Осы несиелерді тікелей мақсат­қа пайдаланбау деп – мақсатты не­сиені не мемлекет кепілдігімен берілген несиені мүлдем міндеттемеде көр­сетілмеген басқа мақсатқа пай­да­лануды айтамыз. Мысалы, ша­руа қожалығының жетекшісі ауыл­ша­руа­шылық техникасын, тұқым сатып алу үшін мемлекеттен мақсатты несие ала отырып, бұл қаржыны басқа ком­мерциялық мақсатқа – құ­ры­лыс материалдарымен сауда-сат­тық жа­сау­ға жұмсайды. Несиені тіке­лей мақ­сатқа пайдаланбаудың сал­да­ры­нан азаматқа, ұйымға, мем­лекетке ірі зиян келтірілсе, ол қыл­мыс құ­рамының ауырлататын түріне жатады. Ол туралы Қыл­мыс­тық кодекстің 189-бабында нақты айтылған.
Жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі, кепілдік мүлкі жөнінде не­месе несиені, демеуқаржыны несие­леудің жеңілдік шарттарын алуға арналған елеулі мәні бар өзге де мән-жайлар туралы көпе-көрінеу жалған мәліметтерді банкке, өзге де несие берушіге беру арқылы жеке кәсіпкердің, болмаса ұйым жетекшісінің несие, демеуқаржы не несиелеудің жеңілдікті шарттарын алуы, сонымен қатар, несиелеуді, демеуқаржы беруді тоқтатуға, же­ңілдіктерді жоюға не бөлінген несие мен демеуқаржы мөлшерлерін шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке немесе өзге несие берушіге хабарламаса және осы әрекеттер ірі зиян келтірсе – екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке де­йінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға, төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға, екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, нақ осы мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекеттік мақсаттағы не мемлекет кепілдігімен берілген несие­ні тікелей мақсатқа пайдаланбау аза­матқа, ұйымға немесе мемлекет­ке ірі зиян келтірсе екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейін­гі мөлшерде немесе сотталған адам­ның екі айдан бес айға дейінгі кезең­дегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға, төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға, екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, нақ осы мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы,
ҚазҰУ-дың профессоры