«Президент және халық» Республикалық қоғамдық-саяси газет

08.01.2011

Просмотров: 4229

Жерұйық – қазақ елінің брэнді

Бұл идеяны XV ғасырда Асан қайғы қалыптастырып кеткен. Қазақ азаматтарының бүгінгі басты мақсаттарының бірі де бірегейі әлемге осы құндылықты түсіндіру. Бұл тұжырым 24 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде өткен “Қазақ ұлтынан – Қазақ еліне” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға өзек болды.

Аталмыш шараға Парламент сенатының депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, Парламент сенатының депутаты, Сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасының мұсылмандарға қатысты кемсітушілік күрес жөніндегі арнайы өкілі, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеяисының Қырғызстандағы жағдай бойынша арнайы өкілі Әділ Ахметов, Халықаралық “Диалог-Евразия” қоғамдық қорының президенті Салих Акчай, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің ректоры Сабри Хизметли және бірнеше ғалымдар мен саясаттанушылар қатысты. Жиын барысында Ғарифолла Есім, Ақтолқын Құлсариева және Гүлмира Сұлтанбаеваның авторлықтарымен жарық көрген “Қазақ ұлтынан – Қазақ еліне” кітабының тұсауы кесілді. “Ел – ердің намысы. Біз мемлекет құрушы халықпыз. Ұлт – мемлекет деген ұғымды білдіреді. “Ұлт” ұғымын бізге Сталин, Ленин тауып берген. Абай, Бұқар жырау, Шалкиіздің мол мұрасын қараңыз, “ұлт” деген ұғымды емес, “ел” деген түсінікпен кездесесіз. Ендеше, “Қазақ ұлты” емес “Қазақ елі” деген атауды алға қоюымыз керек. Ал бізде бірнеше этностар тұрып жатқандығын ескерсек, қазақ елінің мәселесі барлығына ортақ. Барлық тұрғын қазақ тілін білу керек. Мемлекеттік тілде сөйлеу – қазақ елінде тұратын әрбір тұрғынға тиесілі міндет” – дейді депутат Ғарифолла Есім. Осы тәрізді өзекті мәселелер бүгін тұсауы кесіліп отырған кітаптың негізгі мазмұны екендігін айтқан депутат, қазақ тілінде ең алдымен мемлекеттік қызметкер сөйлеу керектігін алға қойды. Және де осы мемлекетте тұратын кез келген жан қазақ елінің азаматы деген атқа сай болу керектігін қадап айтты. Халық қалаулысының бұл ойы Отанын, туған жерін, ділін, ана тілін сүйетін қазақ азаматтарының рухын бір сілкінтіп тастаса, тіл сындырып жүрген үйренушілерге қазақ тілінің қажеттелігін, болашағының жарқын екендігін кезекті рет ескертіп өткендей болды. Билікте отырған ел азаматтарының ауызынан естілген мұндай асыл сөздер тарихы тереңде жатқан қазақ елінің болашағының жарқындығына тағы бір сендірді.

“Адамзаттың бәрін сүй бауырым”- дейді хакім Абай. Адамға деген бауырмалдылық пен сүйіспеншілік өмірдегі ең маңызды қасиет. Осы орайда қазақта “Атаңның баласы емес, адамның баласы бол” деген ұтқыр ой бар. Бұл ұғымдарды меңгеру салиқалы өмір салтының септігі. Бұл пікірді алға қойған Салих Акчай: “Қазақ елі – жерұйық мекен екендігі даусыз” дейді. “Жерұйық ұғымы Асан қайғыдан бастау алады. Біз бүгінде сол құндылықтарымызды жаңартып, қайта көтеріп отырмыз. Әрбір зерттеу жұмыстарымызда, еңбектерімізде осы идеяны алға тартамыз. Сол арқылы дүние жүзіне “Қазақ елі – Жерұйық” ұғымын қалыптастырымз жүрміз” дейді философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева.

Отандық және шетелдік ғалымдар мен мәдениеттанушылардың басын қосқан жиын қазақ елінің рухын көтеріп, бұқара санасында қазақ ұлтына деген сүйіспеншілік сезімді оятты деуге толық негіз бар.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА