«Ана тілі» Ұлт газеті

30.12.2010

Просмотров: 2350

Қазақ елі – Жерұйық

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде «Қазақ ұлтынан – Қазақ еліне» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған еліміздің ең беделді деген пәлсапашылары қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Жалпы, бұл конференцияға арқау болып отырған – «Қазақстандық даму үлгісінің философиялық-мәдениеттанулық парадигмасы» ғылыми-зерттеу жобасы. Осынау тақырыптың өзектілігі «Қазақ елі – Жерұйық» елдік даму үлгісінің өмірге келуі мен қалыптасуының тарихи негіздемесін беріп, оның қазіргі қазақстандық қоғамға қажеттілігін дәлелдеуді мақсат етеді.

-Өткеніне байыпты баға беріп, одан өміршең құндылықтарды іріктеу және оны болашаққа ұлттық мәдени мұра қоры ретінде жоғалтпай жеткізу ісі мемлекет қажеттілігіне байланысты екендігі бұл тақырыпты көкейкесті мәселеге айналдырады, - дейді бұл турасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы Еркін Масанов.