"Ана тілі" газеті

31.12.2010

Просмотров: 3203

Ғылымдағы сара жол

29-Желтоқсан. 2010

Талғат Сайрамбаев – Тәкең ҚазҰУ-ге 1971 жылы, мен аспирантураның екінші оқу жылында жүргенімде келді. Алғаш көргеннен-ақ отыздардың үстіндегі жігіт ағасы маған қағілез, еті тірі, ақжарқын кісі сияқты көрінді. Кейін қызметтес, пікірлес болып жүріп бұған көзім әбден жетті. Ол жылдары оқу орындарының жоғары курс студенттері мен аспиранттары кешкілік құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне қолғабыс жасап, көшеде тәртіпті қадағалауға (оны ДНД деп атайтын) көмектесетін, бөлінген аумақ көлемінде кезекшілік атқаратын, сондайда Тәкен жас оқытушылардың қатарында біздерге басшылық жасауға келетін.

Кейін әріптес ретінде бір-бірімізді жиі көріп тұрдық, үй ішімен, апаймен танысып, сыйластық қарым-қатынаста болдық. Ол, әсіресе, ортақ ғылыми жетекшіміз, профессор Мәулен Балақаев туралы айрықша құрмет-тебіреніспен сөз сөйлейтін…
Т.Сайрамбаев – қазақ тілі синтаксисінің ірі маманы, ол – ұстазы, қазақ тіл білімінде «Сөз тіркесі» ілімінің негізін салушы және сөз тіркесі синтаксисінен өзінің мектебін қалыптастырған ірі ғалым, профессор Мәулен Балақаевтың ілімін ары қарай дамытушы, соны жалғастырушы шәкірттерінің бірі, тіпті бірегейі деуге болады.
Тәкеңнің қазақ тіліндегі сөз тіркестерін ғылыми тұрғыдан терең зерттеуі өткен ғасырдың 60-жылдарының орта кезінен басталады. 1965 жылы сын, сан есім ба­ғыныңқылы етістікті сөз тіркестерінен кан­дидаттық диссертация қорғап, одан кейінгі мақалаларында, әдістемелік нұсқаулықтары мен оқу құралдарында сөз тіркесінің әртүрлі мәселелерін жан-жақты, терең қарастырады. Ол еңбектерде сөз тіркестерінің зерттелу тарихы, сөздердің байланысу формалары мен тәсілдері, синтаксистік қатынастары мен сөз тіркестерінің түрлері, сөз тіркесінің құрылысы сияқты сөз тіркесі синтаксисінің қадау-қадау мәселелері кеңінен сөз болады.
Алғаш 1971 жылы шығып, кейін бірнеше рет жарық көрген «Күрделі сөз тіркестерінің кейбір мәселелері» еңбегінде күрделі сөз тіркестерінің жасалу жолдарын, белгілерін, түрлерін анықтап береді және осы бағыттағы ізденістері 1982 жылы қорғаған докторлық диссертациясына арқау болады. Ғалымның бұл көлемді зерттеуі 2002 жылы орыс тілінде «Структурно-семантические типы сложных словосочетаний в современном казахском языке» деген атпен монография болып басылып шықты.
Т.Сайрамбаев 1991 жылы жарық көрген «Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі», «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» еңбектерінде енді сөйлем мүшелерінің теориялық мәселелеріне, олардың жасалуына кең көлемде тоқталады. Шындығына келгенде, сөйлем мүшелері категориясын арнайы зерттеу бұл еңбекке дейін болған жоқ. Бұл еңбектерде сөйлем мүшелері туралы синтаксис ілімінде қалыптасқан көзқарастарға шолу жасалады, сөйлем мүшелерінің белгілеріне, қалыптасу, жасалу жолдарына, түрлеріне, тағы да басқа ерекшеліктеріне арнайы ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіледі.
Сөз, сөз тіркестері сөйлемде құрылыс материалы ретінде танылса, сөйлемнің өзі де синтаксистік басқа категориялардың (мәтін, күрделі синтаксистік тұтастық) бөлшегі ретінде қаралады. Бұл
ғылыми негізді тұжырым болатын.
Қазақ тіл біліміндегі сөйлем мүшесі туралы көзқарастардың тарихына шолу жасай келе, Т.Сайрамбаев сөйлем мүшесі болудың негізгі белгілерін көрсетеді.
І. Сөйлем мүшесі болу үшін сөздер бір-біріне қатысты болуы керек. Сөздің өзі сөйлем мүшесі болған кезінде мынадай тұлғада кездеседі:
а) Негізгі сөз, туынды сөз, біріккен сөз, қос сөз және қысқарған сөз түрінде;
ә) Сөздің дербес мағынасы бары да, дербес мағынасы жоғы да дара-күйінде емес, сол негізгі сөз бен көмекші сөздер түйдектеліп немесе өзара қайталануы арқылы барып жұмсалады;
б) Сөйлем мүшесі қызметінде тұрақты тіркестер де қатыса алады;
в) Сөйлем мүшесі қызметінде сөйлемдер де қатыса алады;
г) Сөйлем мүшесі қызметінде жеке дыбыстар да қатыса алады;
Міне, бұған қарағанда, сөздер сөйлем мүшесін жасаудың ең басты шарты болуы тиіс.
ІІ. Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде дара да, күрделі де түрінде қатысады дедік. Ал сөздердің күрделі түрлерінің өзін екі топқа:
а) дербес мағынасы бар сөздердің өзара қатысы;
ә) дербес мағыналы сөз бен көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы және кейде дербес мағынасы бар сөздердің қосақталып жұмсалуынан болған деп бөлуге болады.
ІІІ. Сөздер сөйлемге енгенде грамматикалық мағына білдіруі тиіс.
ІV. Сөздер сөйлем мүшесі болған кезде белгілі бір сұрауларға жауап беруі тиіс.
V. Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде өзара байланысқа енуі керек.
Сөйлем мүшесі болуы үшін осы басты шарттар негізінде мынадай анықтама беруге болады: сөйлем мүшесі деп сөйлемде бір не бірнеше сөздер тобының басқа сөздермен синтаксистік қатынастары арқылы арнайы бір сұраққа жауап беріп, грамматикалық мағынаға ие болатын түрін айтамыз (Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері, 1991, 15-бет).
Еңбекте сөйлем мүшелерінің жасалу жолдары, сөйлемнің тұрлаулы мүшелері: бастауыш пен баяндауыш, олардың жасалу жолдары мен тұлғалары, мағыналары толықтай талданады.
Т.Сайрамбаев соңғы кездері синтаксисті дәстүрлі құрылымдық зерттеуден өзге функ­ционалдық тұрғыдан зерттеуге, тілдік тұл­ғаларды мәнмәтіндік аяда қарастыруға да көңіл бөле бастап еді. Сол тұрғыдан бірнеше ма­қалалар жазумен қатар, «Тіркесімділіктің дистрибуциясы» (2004), «Жақ категориясы­ның функционалдық көрінісі» (2005) атты көлем­ді еңбектерін де қалдырып кетті. Студенттер мен магистранттарға оқыған дәрістерінде синтаксистік бірліктердегі жаңа құбылыстарға ден қойып, зерттеу жүргізе бастап еді.
Тәкеңнің ұстаздық еткен жылдары, сол жолдағы жасаған еңбегі, төккен тері өз алдына жеке әңгіме боларлық. Ол бірнеше жылдар қатарынан өмірінің соңына дейін ҚазҰУ-дың қазақ және түркі тілдері мамандығы бойынша докторлық кеңестің төрағасы болды. 40-тан астам шәкіртінің 38-і ғылым кандидаты, 2-уі ғылым докторы атағын алды. Университет қабырғасынан сан мыңдаған шәкірт тәрбие­леп ұшырды. Тәкеңнің ұстаздық еңбегіндегі, ғылымдағы жолы сайрап жатыр, ол өшпейді.

Бердібай Шалабай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының
докторы, профессор